НКВД кеңсе қақпасының қазіргі көрінісі

ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасыр басында Ресейдің отарлау саясатының жаңа жүйесінің нәтижесінде Түркістанда провинциялық сәулет ғимарат құрылыстары бой көтерді. Олар теміржол вокзалы, қаржы мекемесі, әскери горнизон штабы, т.б. Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біртіндеп жоғалып бара жатқан тарихи ескерткіштерімізді мемлекеттік қорғау тізіміне алу барысында осы уақытқа дейін көзден таса болып келген, Сталиндік репрессияға қызмет еткен, «Әзірет Сұлтан» мұражайына қарсы бетте орналасқан түрме құрылысы анықталды. Бір қызығы ескерткіш тарихи аймаққа өте жақын орналасқан болса да, Оңтүстік Қазақстан ескерткіштер жинағына осы кезге дейін енбей қалған.

НКВД кеңсе қақпасының қазіргі көрінісі
НКВД кеңсе қақпасының қазіргі көрінісі

Ресей патшалығы жаулап алғаннан соң 1868 ж. дейін Түркістанда жергілікті халықтың ішінде туған дау-дамайды қазылар соты шешіп отырды. Ал жергілікті тұрғындардың қылмыстық іс-әрекеті бойынша арыз-шағымдары әскери комендант арқылы шешілді. 1867 ж. жоба бойынша және 1886 ж. 12 шілдеде құрылған заңға байланысты және шариғатқа сәйкес жергілікті тұрғындардан 3 жылға қазылар сайланып, олар Түркістан ауданының съезіне қатысып отырған. 1887 ж. 1 қаңтардан бастап, қазылар соты халық соты болып, ал қазылар съезі, халық сотының съезі болып атауын өзгертті. Ал 1872 ж. сәуірден 1887 ж. дейін уақытша жүргізген Түркістан уезінің сотының ісі Шымкент халық сотының және оның көмекшісінің қолына өтті. Қайта құрылған соңғы сот бөлімінің отырысынан кейін 1899 жж. 14 мамырынан Түркістанда халыққа арналған түрмелік екі камера жұмыс істеді. Біріншісі бүкіл халықтық әділет басқармасының ісін жүргізсе, ал екіншісі тергеу бөлімі болды.

Бұл деректі Ордабек Шаяхметовтың «Түркістан тұтқыны» атты еңбегінде Түркістан түрмесінде отырған райкомның ІІ хатшысы Бәйкен Қунақбаевтың Сыраш тілшіге берген естелігі дәлелдей түседі. Қаланың оңтүстік шығыс жақ шетінде орналасқан бір кісілік екі камерадан және әрқайсысына жиырма шақты адам еркін сиярлық екі үлкен камерадан тұратын, тақтай еденді, күйген кірпіштен соғылған бұл қоржын там Түркістанда ескіден, Николай ІІ патша тұсынан келе жатқан түрме.

Ол кезде Түркістанда бірі — «Үлкен түрме», бірі — «Кіші түрме» деп аталатын екі түрме бар еді. «Үлкен түрме» қаланың шығыс жақ шет жағасында да, «Кіші түрме» райком үйінен әудем жердегі НКВД кеңсесінің артында болатын. Артында болғанда, осы кеңсемен қабырғалас, есігі осы кеңсенің ішінде, осы кеңсенің есігіне қарама-қарсы. Араларын ұзындығы бес-алты метрлік қуықтай ғана коридор бөліп тұр (1-суретте). 1930-1938 жж. бүкіл Қазақстанға таралған репрессияның зобалаңы Түркістан топырағын да айналып өтпегені мәлім. Бір Түркістан өңірінің өзінен ілінгендердің санында қисап жоқ. Мәселен, «Отырар алқабы» газетінен алынған мағлұмат бойынша бұрынғы Қызылқұм ауданына (Отырар ауданы) қарасты елді мекендерден 1937-1940 жж. қуғынға ұшыраған 83 азаматттың тізімі анықталып отыр.

Ал жергілікті Түркістанда үш тілде жарық көретін «Коммунистік еңбек» «Коммунистический труд» «Коммунистик мехнат» газеттері КСРО Жоғарғы Совет Президиумының 1989 ж. 16 қаңтардағы қаулысына сәйкес облыс бойынша 2105 адамның ақталғанын жазса, соның ішінде 180 партия мүшесі бар. Бүгінде Түркістан өңірінен, алыс-жақын шет елдерден жер аударылып, Түркістан түрмесінде болған 600-ден аса азаматтың тізімі анықталды. Оңтүстік Қазақстан облысының КНБ мұрағатының өзі Шымкент қаласындағы түрмеде 570 Украина халқының азаматы отырғанын ғаламтордағы сайтына жария етті, оның ішінде 32 азаматы Түркістан НКВД тергеу түрмесінде тергелгені белгілі болды.

Николай ІІ-нің, кейінгі Сталин түрмесінің қазіргі көрінісі
Николай ІІ-нің, кейінгі Сталин түрмесінің қазіргі көрінісі

1937-1938 жж. Сталиндік репрессияның торына ілігіп, Түркістан түрмесінде жапа шегіп, қыршыннан қиылған азамат Үсенов Әбжаппар болатын. Әбжаппар Түркістан қаласынан шамамен 55 шақырым жерде солтүстік-батыста орналасқан «Игілік» (Мес) елді мекенінде 1904 ж. жауғаштылар әулетінің отбасында дүниеге келді. Әбжаппар алғашқы ілімін ауыл молдасы Сақмолдадан алады. 1938 ж. қыста қайтыс болған кейуананың жаназасын шығару барысында ұзынқұлақтардың жеткізуімен Әбжаппар дінді уағыздаған болып есептеліп, Түркістан НКВД тергеушілері тарапынан қамауға алынады.

Сталиндік репрессияның құрығына іліккен келесі жандар Жетімдер әулетінен шыққан Қауылбайдан тараған бір атаның балдары Атажанов Көпбай мен Бекпенбетов Тәшпенбет еді. Көпбай мен Тәшпенбет 1896 жылы Түркістан ауданы, Майдантал ауылының Жасажырық елді мекенінде дүниеге келген. Алғашқы ілімдерін Жасажырық елді мекенінде Әбубәкір қарының әкесі Айтжан қарыдан алады. Бекпенбетов Тәшпенбет 1930-1938жж. Қаражон ауылының төраға кеңесшісі болды. 1938 ж. Сталиндік саясаттың салдарынан бір үйдің қос азаматы болған Көпбай Атажанов пен Бекпенбетов Тәшпенбет нақақтан-нақақ жабылған жаламен қамауға алынды. Артынша көпшіліктің алдында ол екеуі жайлы «менің құдам еді, жақсы адамдар болатын» деп бір-екі ауыз сөз сөйлеген сол ауылдың тұрғыны Нұрмыш Байболатов деген кісісін де «ендеше құдаңа бар» деп айдап әкеткен.

НКВД жендеттері, аталған ел ағаларын, әлгі бюроның үстінде қамауға алғаннан кейін, көп ұзамай, Түркістан қаласының солтүстік жағындағы Қарашық өзені маңына апарып атып тастаған. Бұл жайында олардың жоғарыда біз атап өткен, басшылық еткен ата мекендеріндегі ағайын-туыстары мен көнекөз қариялар осы күнге дейін аңыз ғып әңгіме етеді.

Сталиндік репрессияның құрбаны болған азаматтың бірі, қоғам қайраткері Өтегенов Садық Халмұхамедұлы. Мұхтар Құл-Мұхамедтің Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы атты еңбегінен: 1917 ж. ақпан революциясынан кейін Қазақ даласында съезд шақыру туралы мәселе қозғалып, әуелі облыстық съездер (Торғай, Орал) сонан соң 1917 ж. 21-26 шілде де Орынборда Бүкілқазақ съезі өтті. Сырдария облысынан лайықталған М. Шоқаев, С. Аспандияров, С. Қожанов бастаған кандидаттар (делегаттар) ішінде Садық Өтегеновте болды. Кейін 1918 ж. 5-7 қаңтарда Түркістанда өткен Алаш съезінде белсенділік танытып, Алашордашылар Б. Құлманов, Т. Құнанбаев, М. Дулатовты, одан соң С. Сейфуллинді өз үйіне қабылдап, қонақ еткен осы Садық Өтегенов болатын. Бұл жайында Н. Назаров Түркістанда өткен «Алаштың» съезі, «Міржақып түскен үй қайсы, немесе Садық Өтегенұлы кім?» атты, ал К. Керімбеков «Қазақ зиялылары бас қосқан жер» деген тақырыптарда мақалаларын жария етті. Д. Досжановтың «Абақты» атты еңбегінде: 1930ж. қазанның бірінен 1931 ж. шілдесі аралығында қамалған 32 азаматтың есімдерін атай келе, Садық Өтегеновтің болғанын атап көрсетеді. Қамауға алынған бұл азаматтарды «алашордашылсыңдар», «басмашы болғалы жүрсіңдер», «совет елін жапонға сатпақшысыңдар», «бандалық әрекет платформасын қолдайсыңдар» деп тергеуге алған. Кейін ақталып шыққан Садық Өтегенов 1937 ж. Түркістан НКВД тергеу бөлімінің тарапынан қайта қамауға алынады.

Саяси репрессияның құрбандары тергелген НКВД тергеу бөлімінің кеңсе үйі, бүгінде жарымынан астам бөлігі бұзылып, жалғаса жаңадан үй салынып кетті. Ескі құрылыстан естелік болып, іргетасы мен терезенің темір торы қалды. Бұрыннан сақталып қалған қақпасы бүгінде жекеменшік үйге қақпа рөлін атқарып тұр (2-суретте). Үй иесі әуеліден жергілікті жалпақ кірпіш және «Н» жазуы бар патша кірпіштері көптеп шығып жатыр. НКВД кеңсесі артындағы кіші түрме құрылысы өз басынан аяқ киім табандарын жасайтын фабрика, шоколад цехына, нан шығаратын наубайханға айналған. Түрме құрылысы ішінде бүгінге дейін сақталып қалған үлкен екі темір пеш осылардың куәсі болса керек. Түркістан тұтқындарын қамаған түрме құрылысының шатыры 2003 ж. алынып, төбесінен су өтіп, қыштары ұрланып, бүгінде қирап, құлау үстінде тұр. Аталған түрмеге қаланған кірпіштен адам есімдері жазылған жазулар көптеп шығып жатыр.

Мәселен, төте араб алфавитімен жазылған бір жазуды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының аға ғылыми қызметкері Моллақағанатұлы Сайпулла «Дінишов» деп оқып шықты. Жазу тұрғысына қарап отырып, бұл жазуды қамалған адамның бірі қышқа қашап жазып кетуі мүмкін деп тұжырымдадық. Бүгінгі таңда репрессия тұтқындарын қамаған түрме жергілікті кәсіпкер қолына өткен. Түрме әуілі үлкен бетон плиталарға толы, алдына топырақ төгілген, екі контейнер әкелініп қойылуы бір құрылыс орынын салуды көздеп жоспарлағаны анық. Төңірегінің күл-қоқысқа айналуынан жабырқаған халық қабырға сыртына күл-қоқыс төкпеуін өтініп жазып қойған. Тарихи кешеннің кірпіштері жергілікті халықтың тарапынан ұрланып жатыр. Ұзына бойы қоршалған түрме аумағының дуал қыштары жекеменшік үйдің іргетасы ретінде қаланып кеткен. Репрессия ақтаңдақтары жатқан жер Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес мемлекет қорғауына алынуы тиіс деп есептейміз. «О да жоқ, бұ да жоқ, арықта суда жоқ» болмас үшін бір ғасырдан астам тарихы бар түрме қайта қалпына келтіріліп, болашақ өскелең ұрпақтың рухын көтеретін мұражайға айналуы керек. Сонда ғана кешегі қыршыннан қиылған небір азаматтарымыздың әруағы бақи дүниеде жай табары анық. Әрине «туралығыңды айтсаң, туғаныңа жақпайсың», — дейді халық даналығы. Десе де «әділдік орнын табар, аққан су жолын табар» деген ойдамыз.

Қайрат Мұсабаев, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының ғылыми қызметкері, археолог