Көреалмаушылық синдромы

Кедендегі кептеліс

Жақында «мыңдаған өзбек мигранттары қазақ-өзбек шекарасында өте алмай жиналып тұр» деген хабар жетті. Мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық. Сөйтсек, енді тек жұмыс істеуге рұқсаты бар немесе баратын елдегі жұмыс беруші компаниямен еңбек келісімшартын жасасқандар ғана шекарадан өтетін болыпты. Өзбекстан ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа ереже адам саудасына қарсы күресу үшін қабылданған көрінеді.

Кедендегі кептеліс
Кедендегі кептеліс

Әсілінде қатар жатқан, шегі де шекарасы да иық тірескен мемлекеттер арасында бақталастықтың болатыны заңдылық. Барды бар деу керек қой, Өзбекстан Кеңес үкіметі тұсында шаруасы дөңгелеген, экономикасы шарықтаған, өзіндік ұстанымы, ұлттық санасы қалыптасқан іргелі ел болатын. Дегенмен бәріміз КСРО-ның шекпенінде жасырулы едік. Түгеліміз орысша сөйледік, бар асылымызды Мәскеуге жөнелтіп, одақтың, партияның тұтастығына жанымызды қиып келдік. Әлем бізді танымайтын. Ресейдің бір бөлшегі деп қарады. Одан бері талай су ақты, заман өзгерді.

Бүгінде алты құрлықтың бәрімен етене араласып, мәңгілік достықтың ақ жібін алмастық. Дегенмен көршісін көре алмайтындардың сыры ішінде жатады екен. Өзім деп жүрген жар астындағы өзбегіміз әркез өзекке тепкісі келіп тұратын пиғылын көрсетіп жүр.

Даудың бәрі шекарада туындап жатыр. Екі елдің екі мың шақырымнан асатын шекаралық байланысы бар. Сансыз тауар да сан мыңдаған адам да өтетін негізгі деген 3-4 кеден бекетінен өтеді. Бәрі де Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында. Айтпағымыз осы маңда қақтығыстар мен түсініспеушіліктер жыл сайын орын алатын дәстүрге айналып барады.

2000-шы жылдан бері қазақ-өзбек шекарасында ондаған кісі өлтіру, жарақаттау фактілері тіркеліпті. Әрқайсысын санап айтып бермесек те көпшілік бұл жайттардан хабардар деп ойлаймыз. Десек те соңғы оқиғаларды айтпай кетуге болмас. Таяуда қазақ-өзбек шекарасында тағы да оқ атылды. Ала тақиялы ағайынның атқан оғынан Сарыағаш ауданының 26 жасар тұрғыны ауыр жарақаттанып, қазір ауруханада жатыр. Оның айтуынша оқиға былай болған. Үйінің іргесіндегі мал қора жақтан екі баланың қашып бара жатқанын байқап қалыпты. Шекара сызығы тура қорасының артынан өтеді екен. Әлгілерді мал ұрлауға келген ұрылар екен деп ойлаған жігіт арттарынан қуады. Шекараға жақындап қалғанын байқамай қалса керек, кенет өзбек шекарашылары өзбекшелеп «Тоқта! Тоқта!» деп бір рет оқ атыпты. Екінші рет атқанда оқтың тигенін өзі де білмей қалған. Бүгінде дәрігерлер оған ота жасап, бір бүйрегін алып тас-тапты. Зақымданған ішектің де біразы кесілген. Ауыл адамдары бұл алғашқы жағдай емес дейді. Екі жыл бұрын да тура осы елді мекенде есігінің алдын сыпырып жүрген 17 жастағы қызға оқ тиген. Ал осы жолғы оқиға бойынша ресми органдар Сарыағаш ауданының тұрғыны шекараны заңсыз өтпек болды деген мәлімет таратты.

Шекарадағы шиеленіс
Шекарадағы шиеленіс

Өзбек әскерилерінің озбырлығы қанымызды қарайтып бітті дейді шекара маңына қоныс тепкен ауыл тұрғындары. «Қит етсе мылтығын кезейді. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатыр. Оның үстіне шекара сызығы үйіміздің, ауламыздың маңынан өткен соң артық қимыл жасай алмаймыз, өзбектер атып жібере ме деп қорқып жүреміз» дейді үрейленіп қалған халық. Бауырлас халықтың бұлайша қару кезегені, жалт еткен бейне көрсе ескертпей-ақ атуға ұмтылуы расымен де өзбек қоғамының, тіпті билігінің бізге деген ұнатпаушылық сезімін, достық, ағайындық қатынасты ысырып жіберіп, әріптестік, серіктестіктен гөрі көреалмаушылық пиғылының қалыңдай бастағанын байқатады. Себебі Қазақстанның жыл өткен сайын дәулеті тасып, халқының тұрмысы олардан 3-4 есе артып барады.

Өзбек тарапы бізге оқ атудан өзге құқайдың басқа да түрін көрсетіп жатыр. Еліміз арқылы Оңтүстік, Оңтүстік Батыс Азия елдеріне бағыт алған транзиттік көліктерді өткізбей, шекараны тарс жауып тастау соңғы кездері жиі қайталанатын құбылысқа айналған. Мәселен, былтыр тамыз айында қазақ-өзбек шекарасында 200-ден астам жүк көлігі 2 аптадай арғы бетке өте алмай қаңтарылып тұрды. Кейбіріне тез бұзылатын тауар тиелген болса, кей жүргізушілердің визаларының мерзімі аяқталуға жақын болатын. Оның үстіне азық-түліктері де таусылып, жүргізушілер ашыға бастаған-ды. Қаз-қатар тізілген көлік кезегінің ұзындығы екі шақырымға созылып еді сол кезде. Қырық градус аптап ыстықта кеден бекетінде 250 көлік кептеліп тұрды. Сөйтсек бұл жағдайға Өзбекстанның көлік туралы заңына енгізілген өзгерістер себеп болыпты. Оған сәйкес халықаралық жүк тасымалымен айналысатын шетелдік компаниялар Өзбекстан аумағы арқылы өту үшін Ташкенттегі құзырлы мекемеден рұқсат алуы керек екен. Оған қоса тиелген жүк салмағына қойылатын талаптар да өзгерген. Бізде рұқсат берілген салмаққа Өзбекстан жағында рұқсат жоқ. Осыдан барып Қазақстан тарапының күш салуымен өзбектер әрең дегенде шекарасын ашып, апталап тұрып қалған шетелдік жүк көліктері ақыры алған бағытына қарай қозғалған болатын.

Жыл сайын Өзбекстаннан Қазақстан мен Ресейге маусымдық жұмыстарға жүздеген мың өзбек өтетін. Қаңтар айындағы үкімет отырысында Өзбекстан Президенті Ислам Каримов ішкі істер министрін «өзбек жастарын жұмыспен қамтамасыз ете алмай, оларды шетелде еңбек мигранттары болуға мәжбүрлеп отыр» деп сынға алыпты. Осыдан кейін жаңағы шектеулер жасалып, қолданысқа енгізілген. Ақырында өзінің өзбегі зардап шекті. Өзге түгілі өз халқына осылай озбырлық жасап, өзекке тепкеніне қарап таң қалдық.

Жалпы, өзбек елі шекара мәселесіне қатты шүйліге беретінді шығарды. Әсіресе бізбен шектесетін тұста қатаң тәртіп жағдайында жұмыс істеуде. Аяғын байқамай басып қалған қазақты көрсе ескертпестен атып, шекарадан өткізерде қалайда тиын-тебен істеп қалуды көздейді.

Өзбек елінің бізді ұнатпай, көре алмай отырған тағы бір үлкен себебі бар. Бұған дейін еліміздің оңтүстігіндегі мақташылар, диқандар су мәселесіне келгенде Өзбекстанға кіріптар жағдайда болатын. Осыны түсінген Қазақстан «Көксарай» су қоймасын салуды дереу қолға алған еді. Сол кездегі қазақ үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, Өзбекстан халықаралық ережелерді өрескел бұзып, Сырдарияның өз жеріндегі жағалауына бірнеше су қоймасын салып алған, ал Қазақстан көршісіне кіріптар болып келген. Ақырында көршінің бірде көл, бірде шөл мінезінен шаршаған біздің басшылық осындай әрекетке барды. Мінеки, осыдан кейін өзбек тарапы қолдарындағы көзірінен айырылып қалды. Қазақты қыртып қалатын мүмкіндік көз алдарынан бұл-бұл ұшқан.

Әйтеуір Өзбекстан бізге өкпелі. Жалғыз бізге емес кешегі посткеңестік елдердің біразына да. Өзбек басшысы Қазақстан мен ТМД мемлекеттерінің басқа да мүшелерін исламдық радикалдарға қарсы күресте либералдық танытып отыр деп ренжуі, оның кезінде Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімшартынан шығып, ГУАМ сияқты ашық Ресейге қарсы бағытталған интеграциялық бірлестікке қосылуы саяси сенсация болған еді. Осыдан кейін біраз елдер ала тақиялылармен байланысты, қарым-қатынасты азайтты.

Кезінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуына АҚШ пен Ұлыбритания мемлекеттері қарсы болған. Олардың қатарында Өзбекстан да бар-тын. Алайда Қазақстанның төрағалығына байланысты Вашингтон мен Лондонның қарсылығын дипломатиялық жолдармен шешуге мүмкіндік болса, Ташкенттің келісімін алу үшін Елбасы ресми сапармен Ташкентке барып қайтқан болатын. Бұл да болса өзағамның сәті түссе қазақтың сағын сындырам деген лас пиғылын көрсетеді.

Түйін: 

Жалпы, экономикасы тұралап қалған мемлекеттердің өзінен жағдайы жақсы, өңірде барлық салада көшбасшылық рөлге шығып, супердержавалар санасатын деңгейге жеткен көршісін көреалмаушылығы қалыпты құбылыс. Бірақ бұдан көп жағдайда қарапайым халық зардап шегіп жатады. Өзбекстанмен текетіресте қазаққа пәлендей төніп тұрған экономикалық немесе саяси қауіп жоқ сияқты. Тек қазақ пен орысқа жалданып күн көріп отырған 4-5 миллион гастарбайтер-өзбектер көбірек зардап шегуі мүмкін. Десек те шекара маңындағы ірілі-ұсақты қақтығыстарға бей-жай қарамау керек. Бір қазаққа атылған оқ бәрімізге тигендей әсер етпесе көршіміздің қанқұйлы әрекеттері көбейген үстіне көбейе түсуі әбден мүмкін. Ал әзірге көреалмаушылық синдромына шалдыққан өзбек елі енді қандай мінез көрсетер екен деп әліптің артын бағып отырмыз. Құдай тыныштығын берсін деп тілейік.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ