Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Арман Жетпісбай

Өткен жылы Шымкент қаласы әкімі қызметінен өз еркімен кеткен Арман Жетпісбаев мұнай бизнесіндегі орнын тапты. Бауырымен бірге Tastobe Resources атты компания құрған Жетпісбаевтар, Маңғыстау облысындағы Тастөбе жерінде мұнай барлау жұмыстарын жүргізу құқығына қол жеткізген еді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша барланған активтердің бағалау құны 1,5 млрд. теңгеге жеткен.

Арман Жетпісбаев
Арман Жетпісбаев

Еске салсақ, Арман Жетпісбаев 2012 жылдың сәуір айында аяқ астынан өз қалауы бойынша Шымкент қаласының әкімі лауазымынан бас тартқан болатын. Ол қаланыи 2008 жылдан бері қарай басқарып келді. Биліктің бұлай кенеттен ауысуы да жұртшылық арасында біраз өсек-аяңның тууына себеп болды.

Сондай алып-қашпа сөздердің бірі, қызметінен кетер алдын әкімге шабуыл жасалып, автокөлігіне автоматтан оқ атқылаған. Жетпісбаевтың өзі мағлұматқа қатысты ештеңе айтпады. Белгілісі, содан жарты ай уақыт бұрын, жас әкім жергілікті құқыққорғау органдарына көшедегі заңсыз сауданы реттеу жөнінде ультиматум қойған.

Шенеуніктер бір ай ішінде жағдайды реттеуге уәде бергенімен, жетекшінің уақытынан бұрын алмасып кетуіне байланысты бұл тапсырма сиырқұйымшықтанып, сол күйінде аяқсыз қалды. Әйткенмен, Шымкент қаласының экс-әкімі қызметінен кетсе де, халық көзінен жоғалмады.

Оның есімі «Tastobe Resources» ЖШС-інің құрылтайшылық құжаттарында атала бастады. ҚР-сының Әділет министрлігінің дерегінше компания 2012 жылдың қазан айында тіркелген. Жаңа компанияның 30%-ы Арман Жетпісбаевтың, қалған 70%-ы тікелей және жанама түрде бауыры Айдардың иелігінде тиеселі.

19-тамыз күні Tastobe Resources өзінің алғашқы қаржылық есебін жариялады. Бос ұяшықтардың қатарында 1,484 млрд. тенге деген сан мен-мұндалады. Демек, Tastobe Resources компаниясының барланған және бағаланған активтерінің құны осынша теңге тұрады.