Мағжан -туындының бас кейіпкері

Қазақ анимациясы тағы бір жаңа туындымен толықты. Керімбек Ниязбаевтің сценариі бойынша түсірілген «Көк ту және достар» атты қысқа метражды анимациялык фильм мемлекеттік рәміздерді, ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты насихаттайды.

Мағжан -туындының бас кейіпкері
Мағжан — туындының бас кейіпкері

Мультфильмнің бас кейіпкері — Мағжан атты балақай. Атасымен бірге қалаға оқуға келген ол жаңа достар табады. Олардың ұлтына қарамай, тез тіл табысып, асық ойнауды үйретеді. Көк туымызды ойыншық қылған балаға қыр көрсетіп, оны құрметтеуге, көп ұлтты мемлекет болып көкке көтеруге шақырады. Бұл оқиғалардың барлығы бала тілімен суреттеледі.

Керімбек Ниязбаев, сценарий авторы, «Жебе» кинокомпаниясының директоры: «Мультфильмнің алдына қойған мақсаты — қаржы табу, дүние табу, болмаса үлкен жетістіктерге жетіп, фестивальда жеңіске жету емес.  Бұл мультфильм кішкентай көрермендерге арналған. Мульфильм — бұл тәрбие құралы. Осы арқылы мемлекеттің идеологиясын бойларына сіңіру.

Мультфильмге облыстық ішкі саясат басқармасының  әлеуметтік бастамалар орталығы тапсырыс берген. Жарты жылдай уақыт ішінде жасалған туындыға 13 миллион теңге жұмсалды. Балаларға арналған арнайы ән де жазылыпты. «Көк ту» атты әннің сөзі мен әуенінің авторы — белгілі сазгер Бақытжан Ауданбаев.

Бақытжан Ауданбаев, «Көк ту» әнінің авторы: «Көк туымыздың мән-мағынасын баланың тіліне аударып, әуендетіп беретін ән шығаруға тырыстық. Бір өлеңнің ішінде көк туымыздың мәртебесін және достығымызды, халықтар достығын көрсету керек болды».

Тұңғыш қоғамдық-саяси идеологиялық бағыттағы мультфильм алдағы уақытта республикалық және  облыстық арналардан көрсетіледі. Сондай-ақ, облыстағы барлық мектептер мен балабақшаларға таратылатын болады.