Темір тордағылар да сабақ оқиды

377
Жазасын өтеушілер бүгін партаға отырды

Темір торда отырғандар үшін алғашқы қоңырау соғылды. Төлеби ауданындағы ИЧ 167/9 қатаң режимдегі түзету мекемесінде сотталғандарға арналған мектеп жұмысын бастады. Мекемеде қазіргі таңда 756 адам жазасын өтеп жүр.

Жазасын өтеушілер бүгін партаға отырды
Жазасын өтеушілер бүгін партаға отырды

Абақтыдағы кешкі мектеп табалдырығын аттаған 81 айыпталушы қалыпты білім беру жүйесіне сай дәріс алатын болады. Олар 9, 10 және 11-сыныптарда негізгі 8 пән бойынша сабақ оқиды. Кешкі мектепке баратындардың бірі – Ғалымжан Әзімбаев жас кезінде 10-сыныптан кейін мектепке бармай қойған. Сөйтіп жүріп, қарақшылық жасағаны үшін былтыр 7,5 жылға сотталып кетті.

Азимбаев Ғалымжан, жазасын өтеуші: «Мектеп бітіре алмаған себебім, 10-сыныпта оқып жүріп үйленіп, 1 баланың әкесі атандым. Енді осында оқып, аттестат алып, бостандыққа шыққан соң бір жұмысқа орналассам деймін. Осы мекеменің басшыларына сабақ оқуға жағдай жасағаны үшін рахмет!»

Сондай-ақ, мұнда арнайы орта білім алуға да мүмкіндік бар. Қатаң режимдегі түзету мекемесінде тігінші, дәнекер, механик сынды бірқатар мамандықтар дайындайтын Ленгір қалалық №8  колледждің бөлімшесі ашылған. Оған биыл 500 жазасын өтеуші үміткердің арнайы сынақ арқылы  150-і қабылданды. 11 жыл оқуға қабылдап жатқан білім ордасының бөлімшесі 10 жылдың ішінде жазасын өтеушілерді оқытып, 1386 адамға арнайы дипломын тапсырған.

Бұл дипломдардың бостандықта берілетін дипломнан айырмашылығы жоқ дейді мекеме басшылары. Оқуды тәмәмдағандар түзету мекемесіндегі арнайы ұйымдастырылған шеберханаларда ағаш, дәнекерлеуші, токарь болып, шеберханада жұмыс жасап, жалақы да алады. Айлықтарын үйіндегі балалары мен өздеріне қажетті заттарға жұмсай алады екен.

Шаймерден Есенкелдиев, ИЧ 167/9 қатаң режимдегі түзету мекемесінің бастығы: «Қазақстан заңы бойынша 30 жасқа толмаған азаматтар білім алуға міндетті. Айта кететіні, көп жылдан бері №8 колледждің бөлімі біздің мекемеде оқу-ағарту ісіне елеулі үлес қосып келеді. Жазасын өтеушілер үшін білім бөлімінде білген-түйгендерін осында арнайы жұмыс жасайтын шеберханада шыңдауға мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ,  жазасын өтеушілерге орта арнаулы білімін кешкі мектепте жалғастыруда тәжірибелі ұстаздар еңбек етіп келеді».

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=IKx8qBOUVgg[/youtube]