Жекеменшік колледждер жабылуы мүмкін

609
"Майлыкент" колледжінің лицензиясы 6 айға қызметін тоқтатты

Шымкенттегі жекеменшік колледжердің көбісі жабылуы мүмкін. Арнайы талап бойынша тексеру жүргізген ОҚО білім саласын қадағалау департаменті мен прокурорлар осылай деп отыр. Себебі, колледждердің бірінің жеке ғимараты жоқ болса, екіншісінде өрт қауіпсіздігі шаралары мүлдем қамтамасыз етілмеген. Ең сорақысы – студенттерге дәріс беретін ұстаздардың да білімі деңгейі талапқа сай емес көрінеді.

 Сондай оқу орындарының бірі – жеке ғимараты жоқ «Майлыкент» колледжінің білім беру лицензиясы жарты жылға тоқтатылды. Прокурорлық тексеру кезінде оқу орнының ұстаздарының біліктілігі талапқа сай еместігі анықталған. Оған қоса, колледждің арнаулы дәрісханалары да болмай шықты. 

"Майлыкент" колледжінің лицензиясы 6 айға қызметін тоқтатты
«Майлыкент» колледжі

Жандос Есенбердиев, Абай ауданы прокурорының көмекшісі: «Аудандық прокуратурамен ұсыныс енгізіп, колледжге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынып, жоғарыда көрсетілген заң бұзушылақтар жойылғанға дейін колледжің лицензиясы қызметі 6 ай мерзімге тоқтатылды».

Дегенмен, колледжде дәріс өтуге тыйым салынбаған. Тек берілген мерзім ішінде анықталған кемшіліктерді жоюға ғана мұрсат берілді. Бірақ, оқу орнының бұл жағдайынан хабардар студенттер сары уайымға салынғаны рас.

Әлімқожа Әбужапбаров, студент: «Бұл жағдай бізге жағымсыз әсер етті. Бірақ, лицензия қайтып беріледі деп ойлаймыз».

Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық0-эпидемиологиялық талаптарға жауап бермейді деп табылған колледж басшылығының айтуынша, бүгінде аталған олқылықтырдың орны жойылып жатыр екен. Тіпті ұстаздар білім санаты жөніндегі мәселенің де шешу жолын тауыпты.

Мұрат Телбаев, «Майлыкент» колледжінің директоры: «Шымкент университеті Тассай елдімекенінде орналасқан, біз мына жақтамыз. Бұрын жақын жерде, осы қасымызда болғаннан кейін, ондай ешқандай мәселе болмап еді. Енді сол жаққа көшсек, мұғалімдерге қатысты ешқандай проблема болмайды.»

«Майлыкент» колледжінен бөлек, қаламыздағы бірнеше арнаулы оқу орынында өрескел заң бұзушылықтар орын алыпты.

Сәуле Жарқынбекова, ОҚО білім саласын қадағалау департаментінің бөлім бастығы: «Біз жоспарлы тексеру жүргіздік, әкімшілік хаттама толтырылып, 4 бірдей колледж уақытша жұмысын тоқтатуы керек деген ұйғарым жасағанбыз.»

ОҚО білім саласын қадағалау департаменті мамандарының мәліметінше, осылайша облыстағы 5 бірдей колледж уақытша қызметін тоқтатуы тиіс. Бірақ, олардың аты әлі күнге жарияланбай отыр. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстікте 99 колледж бар. Оның 65-і жекенің меншігіне тиесілі.