Коммунистер бас қосты

Әйелдердің зейнетақы жасын 63 жасқа дейін ұлғайтуға қатысты пікірлер әлі де айтылуда. Бұған өңіріміздің коммунистері де қарсы екендерін білдірді. Қазақстанның коммунистік партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті «Зейнет жасын емес, өмір сүру деңгейін көтеру» ұранымен қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Онда «әйелдердің есебінен экономиканы үнемдеп, бюджет тапшылығын шешу —  тығырықтан  шығатын жол емес» десті партия мүшелері. Кәсіподақ және қоғамдық ұйым өкілдері шақырылған жиында ҚР Мәжіліс депутаттарына, Халық коммунистері фракциясына, азаматтық қоғамға үндеу қабылданды. Коммунистер бюджетті толықтырудың басқа  жолдарын ұсынуда.

Коммунистер әйелдердің зейнетжасын ұлғайтқаннан гөрі, жағдай жасауымыз керек деп талап қоюда
Коммунистер әйелдердің зейнет жасын ұлғайтқаннан гөрі, жағдай жасауымыз керек деп талап қоюда

Нұрлан Қадырқұлов, ҚКХП ОҚ облыстық комитетінің бірінші хатшысы: «Жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру және өздерін жұмыспен қамтығандардың есебінен қазынаға түсетін салық көлемін арттыруға болады. Екінші мәселе — бюджеттен бөлінген қаражатты игеруді Үкімет қатаң қадағалауға алуы тиіс. Бұл да табыстың бір көзі. Үшінші, оффшорлық аймақтардағы қаржыны қайтару арқылы да қазынаны толықтыруға болады. Тағы бір ұсынысымыз —  зәулім үйлерге салынатын салықтың мөлшерін көтеруді де ағаттық деп есептейміз. Үкіметтің бұл әрекеті орта табысты отбасыларының  тұрмыс жағдайын қиындататыны анық. Сондықтан асықпай отырып, зейнетақы жасын ұлғайту және салықты көтеру мәселелерін жан-жақты қарап, шешу қажет деп ойлаймыз».

Қоғамдық тыңдауға арнайы шақырылған қоғамдық ұйым мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері де әйелдердің, әсіресе, Оңтүстік өңіріндегі қыз-келіншек, аналардың зейнетке шығу жасын 63 жасқа дейін ұлғайтуға қарсы екендерін айтты.

Нұралы Төленбаев: «Базарларды қараңыздаршы — азаматшаларымыз ауыр жүк  көтеріп, күннің суығына, аптап ыстыққа қарамастан еңбектенуде. Күнкөріс деп, жанталасуда. Осындай күйдегі қарындастарымыз, әпкелеріміз бен апаларымыз баланың тәрбиесіне, үй шаруасына уақыт таба ма? Үкімет әйелдерге жағдай жасап, олардың тұрмысын жеңілдетсе, жарасар еді ғой?!»