Сарыағашта мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда

225
Ұйымшылға заманауи электр трансфарматоры қойылды

 Облысымызда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жалғасып жатыр. Сарыағаш ауданындағы 2 бірдей елдімекеннің тұрғындары көптен күткен ауызсу және электр жарығына қол жеткізді.

Ұйымшылға заманауи электр трансфарматоры қойылды

 Ұйымшыл ауылының мыңға жуық тұрғыны майшамдарын сандыққа салды. Шетелден келген қандастарымыз жайғасқан елдімекенге электр қуаты тартылып, жарық беріліп отыр. Небәрі 6 айдың ішінде аяқталған жұмыс нәтижесінде жаңа технологиямен жабдықталған электр бағандары және заманауи үлгідегі өлшеуіш құралдары орнатылыпты. Алпысты алқымдаған көпбалалы ана Махаббат Байжаева енді жарық үшін түрлі қондырғылар іздеп, көп қаржы жұмсамаймыз деп қуанады.

Ұйымшылда 1000-ға жуық тұрғын бар

 Махаббат Байжаева, Ұйымшыл ауылының тұрғыны: «Міне, біздің қуанышымыз – осы жарық боп отыр. Енді қараңғыда емес, мынадай жарықта отырмыз. Алдында түрлі қондырғылардың көмегімен жарықты жағатынбыз, моторға май құйып, болмаса майшам, балауыз деген сияқты. Енді осы тоқтың арқасында теледидар көріп отырмыз.»

 Жер астындағы минералды суды күдікпен ғана емес, қорқынышпен тұтынып келген Горный ауылының тұрғындары енді баяғыдай тіршілік көзін тасып ішпейтін болды. Сонау 1990 жылдардан бері таза ауызсуға енді ғана қолы жеткен жерлестеріміз мәз-мейрам. Мұндағы 1190 үйге «Ақбұлақ» бағдарамасының шарапаты тиіп отыр.

Горный ауылының тұрғындары

 Сұлухан Жақыпова, Горный аулының тұрғыны: «Таза ауызсу ауылға келгелі қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Аллаға шүкір дейміз. Бұған дейін де біз жердің астынан шығатын минералды суды ішіп келгенбіз. Бірақ ол суды көбінесе күдікпен ішетінбіз. Денсаулыққа зияны бар, бүйрекке зияны бар дейтін көпшілік. Енді ештеңеден қорықпай тұтынамыз. Ел арасында дерт азаятын шығар.»

 Осы елдімекенге ауызсу тарту жұмысы жыл ішінде аяқталған және оған облыстық бюджеттен 255 миллион теңге қаржы бөлініпті. Енді сапасына мердігер компания 5 жыл бойы кепілдік бермек.

 Әбдібақыт Мақұлбаев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Келесі жылы да республикалық бюджеттен 5 елдімекенге су құбырлары тартылуы керек. Облыстық бюджеттен қаланың, жаңа мөлтекаудандардың су құбырларын тарту қажет боп тұр. Және біздің ауданның жерасты су қорын анықтау қажет. Міне, сол келесі жылдан бастап біздің ауданда осы жұмыстар жүргізіледі.»

[youtube]http://youtu.be/9FVTvUDORnk[/youtube]

Айта кетейік, Сарығаш ауданыда 154 елдімекен болса, әзірге оның 58-і ғана таза ауызсумен қамтылған. Ал 8-і экологиялық тиімсіз ауылдар қатарына жатқызылып отыр.