Жаңа жыл қарсаңында Шымкентте 76 отбасы қоныс тойын тойлады. «Нұрсәт» шағынауданында жаңадан қолданысқа берілген көпқабатты үйдегі пәтер кілттері бұл жолы да әлеуеті төмен елдімекеннің тұрғындары мен балалар үйінің тәрбиленушілері және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларға берілді.

пәтер кілті

Рысбаевтар әулетіне 2013 жылдың соңғы күні естен кетпес сый әкелді. Жаңа жылды су жаңа пәтерде қарсы алған отбасы бұл күнді ұзақ күткен еді. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының аясында 3 бөлмелі пәтерлі болған отбасының қуанышында шек жоқ.

Мираш Тұрлыбаева: «Осы күнді 10 жыл күттік. Көңіл-күйімізді айтып жеткізу мүмкін емес. Шын мәнінде ертегі секілді. Қуаныштымыз. Нарықтық экономика кезінде әр адамның түсіне кірмейтін шығар мұндай жағдай. Құдайға шүкір, арманымызға жеттік!»

Сексенге жуық пәтерге ие болғандардың 69-ы балалар үйінің тәрбиленушілері мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Бұған қоса Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Түлкібас және Түркістан сынды аудандардың әлеуеті төмен деген елдімекендерінен келген 7 жанұя да пәтер кілтін алды.

Айша Қамбарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Бұған дейін 250 азаматқа үй бергенбіз. Жалпы, бағдарлама 2011 жылы басталғалы 480 пәтері бар 6 үйдің құрылысы басталған. Соның бүгін 76-сын пайдалануға беріп отырмыз.»

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, жылан жылы берілуі тиіс бір көпқабатты үй межеден шығып қалыпты. Оны мамандар бағдарлама ережесіне өзгерістердің еніп, әрі азаматтардың тиісті талапқа сай құжат жинай алмағанымен түсіндіреді. Яғни, үйге қоныстанатын отбасылардың саны 50 пайызға жетпеген. Сондықтан қалған 63 пәтер 2014 жылдың І тоқсанына дейін мұқтаж жандарға табысталатын болады.