Перзентханада ана мен бала денсаулығы басты назарда

Жылан жылы Оңтүстікте сәби көп туылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, 2013-жылдың 25-желтоқсанына дейін өңірде  76 мың 303  сәби жарық дүние есігін ашыпты. Бұл — былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 490 балаға көп. Бір қуаныштысы, биыл туылған егіз және үшемдердің саны артып отыр. Бұған қоса, мамандардың айтуынша, өтіп бара жатқан жылда дүниеге келген қыз баладан ұл бала көп.

Облыстық Облыстық периноталдық орталықта биыл сәби көп туылған
Облыстық Облыстық периноталдық орталықта биыл сәби көп туылған

Қуанышты аналардың бірі — Мөлдір Қондыбаева шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкеліп, ана атанды. Әкесі тұңғыш ұлының есімін Мұстафа қойыпты. Қазір нәресте мен жас ананың жағдайы жақсы.

Мөлдір Қондыбаева тұңғыш ана атанды
Мөлдір Қондыбаева тұңғышын еміреніп отыр

 Мөлдір Қондыбаева: «Мұстафа деп, атын әкесі қойды. Өмірдің маңызды қадамы болған соң алдын ала дайындалдық. Интернеттен есімдерді де іздеген уақытымыз болды. Тұңғышым болған соң қазір тебіреніп тұрмын.»

Перзентханада ана мен бала денсаулығы басты назарда
Перзентханада ана мен бала денсаулығы басты назарда

Облыс бойынша дүниеге келген сәбилердің оннан бір бөлігі облыстық перинаталдық орталықта туылған. Айта кетейік, биыл бұл перзентханада ана мен бала өлімі тіркелмепті. Оған орталықтағы жаңа қондырғының да қосқан үлесі бар. Мұндай құндырғының Қазақстанға әкелінгеніне бірнеше жыл болды. Жыл басында қабылданған жоба орталыққа шала туылған балаларды күтуге мол мүмкіндік берді.

Салтанат Аққошқарова, перинаталды орталықтың балалар бөлімінің меңгерушісі: «Биылғы қаңтар айынан бастап қолға алынған бағдарлама салмағы 500 грамм көлемінде туылған сәбилердің өмірін сақтауға арналған. Шалғай аудандарда шала туылған балалар осы орталыққа жеткізіледі.  Мұнда бала жасанды дем алып, түтікше арқылы ана сүтімен де қоректенеді.»

Германиядан әкелінген Кувез аппараты арқылы шала туылған шараналар жетіледі
Германиядан әкелінген мына қондырғы арқылы шала туылған шараналар айы-күні жеткенше күтіледі

Жалпы, биыл облыс бойынша 22 үшем мен 62 егіз бала өмірге келді. Бұл да болса жағымды жаңалықтардың бірі.