Теміржол вокзалында алып-сатар қаптап жүр

187
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап облысаралық және халықаралық бағыттағы теміржол көлігінің билет құны 7 пайызға қымбаттайды
Оларға неге тыйым жоқ?
Оларға неге тыйым жоқ?

2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап облысаралық және халықаралық бағыттағы теміржол көлігінің билет құны 7 пайызға қымбаттайды. Бұл жөнінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Қала маңы тасымалы» АҚ-ның өкілдері хабарлады. Мұндай өзгерістер қара халықтың қалтасын қағары хақ. Өйткені, бүгіннің өзінде сол билеттерді темір жол вокзалы кассаларынан заңды бағасымен сатып алу, адамды әжептеуір әуреге салуда. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шымкент теміржол вокзалы күніне үш мыңдай адамға қызмет көрсетеді. Мұнда жұп күндері тәулігіне түрлі бағыттағы 25,26 пойыз келсе, тақ күндері бұл көрсеткіш он есеге өседі. Алайда, әзірге пойыздардың көбеюінен жолаушыларға еш жеңілдік жоқ. Сөзімізге тұздық болсын деп аталмыш мекеменің қызметіне жүгіндік. Бағытымыз — Алматы. Бізге қажеті тақ күндері кешкі 17:24-те облыс орталығынан шығысқа бет алатын «Мәскеу- Алматы» пойызы. Анықтама бюросынан сұрадық:

– Ертеңгі «Мәскеу — Алматыға» билет көріңізші. Сағат 5:30-ға!

– «Мәскеу-Алматы»? Жоқ, билет!

Иә, жолымыз болмады деп ойладық. Бірақ, бұл ойымызды лезде осындағы алып-сатарлар сейілтті. Сенесіз бе? Нақ сол бағыттағы теміржол көлігіне билет бар дейді олар. Билет болғанда қандай? «Купеге әперемін» деп тұр. Таң қалдық.

– «Мәскеу-Алматы» ана жақта таңғы 7:30-да бола ма? 

– Иә.

– Билеті қанша тұрады? 8000? 7000-ға ше? 

– 7000-ға келіссең, кеттік.

Байқасаңыз 7000 теңгеге Алматыға жетеді екенбіз. Десе де, бұл билеттің теміржол кассасындағы құны 3476 теңге. Яғни күні ертең Алматыға кетер болсақ, екі есе шығындалуымызға тура келеді. Біз бұл мәселе төңірегінде Шымкент темір жол вокзалының басшылығына хат жаздық. Бірақ, ондағылардың берген жауабы «көрмес — түйені де көрмес» дегенге саяды.

 

Шолпан ЮСУПОВА
Шолпан ЮСУПОВА

Шолпан ЮСУПОВА, Вокзал бастығының кезекші көмекшісі:

– Кезекшілікті қабылдағаннан бастап, бізде жаңағы билетті алып-сатушылармен күрес жүреді. Жолаушыларға зияны тимес үшін оларды вокзалға кіргізбеуге тырысамыз және оларға билетті үстемемен сатуға тыйым салынатын шараларды өткізіп тұрамыз.

 

Дегенмен, вокзалдағы алып-сатарларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері де байқамайтын секілді. Оны касса залында жүріп, көзіміз шалды. Егер теміржол көлігінің билетін заңсыз сауда жасап жүргендер арқылы алар болсаңыз, тіпті жеке куәлікті көрсетудің қажеті жоқ. Билет бағасының жарымын алдын ала төлесеңіз жеткілікті. Сондағы алып-сатармен әңгімеміз былай өрбіді.

– Фамилиясы мен артындағы тоғыз цифрын жазып берсең болды ғой. Задаток қалдыр.

– Қанша қалдырам? 

– 4000 қалдыр. Билет дайын болды деп, мен саған звондаймын. Төлеп алып кетесің ғой. Ертең кешкі «Отырарға» или «семьерка» екеуінің біреуіне істеп беремін. Түнде оооу, үштерде отырамыз ғой біз кассаға. Сол кезде…

2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап облысаралық және халықаралық бағыттағы теміржол көлігінің билет құны 7 пайызға қымбаттайды
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап облысаралық және халықаралық бағыттағы теміржол көлігінің билет құны 7 пайызға қымбаттайды

Байқасаңыз, вокзал кассасында таппаған билетіңізді алып-сатарлардан аласыз. Тіпті, қалауыңыз бойынша, пойыздың уақытын, бағытын таңдауыңызға да болады. Біз сұрастыра келе, касса қызметі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бақыланатынын анықтадық. Алайда, мекеменің облысымыздағы меңгерушісі Балжан Әбдіқұлова бізге берген сұхбатында шашасына шаң жолатпады. Екеуара сол әңгіме былай өрбіп еді:

– Осы касса кабиналарына кіруге сіздің қызметкерлеріңізден басқа адамдардың құқы бар ма?

– Жоқ. 

– Ешкімнің құқы жоқ, иә? 

– Жоқ. «Посторонним запрещен». 

– Ал егер кірсе… 

– Кірмейді. 

– Ондай жағдай болған емес? 

– Болған емес. 

– Тіркелмеді ме? 

– Жоқ.

Иә, вокзал қызметінде күмәнді жәйттер көп. Егер ертең билет құны көтерілер болса, ол кімдерге тиімді? Бізге аян, сізге баян. Арғысын айтып әуре болмайық. Ойды өзіңіз қорытыңыз, ойы жүйрік оқырман.

Арай ЕСЕНБЕК