Қызылқұмнан табылған сауыт

Орта Азияның ортасында көсіліп жатқан Қызылқұм шөлінен сауыт табылды

Орта Азияның ортасында көсіліп жатқан Қызылқұм шөлінен сауыт табылды. Теледидар экранынан, не театр сахнасы мен мұражайлардан ғана көріп жүрген кәдуілгі болат сауыт. Өз иесін садақтың жебесі, қылыштың жүзі мен найзаның ұшынан қорғаған бұл темір кеудешелерді жергілікті шопандар тауып алып, ауыл-аймақты құлағдар еткен екен. Бұл хабар осылайша археолог ғалымдардың да құлағына жетіп, тарихи ортаға қызығушылығы бар жұртшылықты елең еткізді.

Орта Азияның ортасында көсіліп жатқан Қызылқұм шөлінен сауыт табылды
Орта Азияның ортасында көсіліп жатқан Қызылқұм шөлінен сауыт табылды

Өткен күннің бейнесін сол дәуірдің жәдігерлері айғақтай алады. Оңтүстіктің археолог ғалымдары Әмудария мен Сырдарияның арасындағы шөл далаға барып, көшкен құмның арасынан шыққан кеудеше, дулығаға зерттеу жүргізе бастады. Тарих ғылымдарының докторы Александр Подушкиннің есептеуінше, бұл дүниелердің мерзімі XVIII ғасырдың басына сәйкес келеді. Ол мезгіл – «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» атанған уақыт. Жоңғар шапқыншылығының салдарынан қазақ халқының баудай қырылып, жұт пен ашаршылықтың құрбанына айналып кете барған кезі. 

Тарихшылардың Қызылқұмда соғыс әрекеттері болған деген жорамалдары бар еді. Алайда, нақты затты дәлел жоқтықтан, бұл күмәнді болып келді. Енді, міне, осы өңірден заттай айғақтар кезігіп отыр. 

Қазір ғалымдар қолында осы жарақтардың Қызылқұм даласына қайдан тап болғаны жөнінде бірнеше нұсқалар бар. Тарихшы Александр Подушкиннің сөзінше, сауыттар мен дулыға қазақтың батырларына тиеселі болған. Олар осында жоңғарларға қарсы партизандық ұрыстар жүргізген болуы мүмкін. Шөлді аймақ – мұндай соғыс тәсілін жүргізуге ыңғайлы. Сауыттың қолданылған уақыты XVIII ғ. басындағы зұлмат жылдармен сәйкес келеді. Сол тұста үдере көшіп, бас сауғалар жер іздеген жұртшылық Сырдарияның сол жағалауына, яғни Қызылқұмның құмды қуысына ойысқан. Өйткені, Сырдарияның сол жағалауынан 10-15 шақырым қашықтықта Қызылқұм шөлі басталады. 

Теледидар экранынан, не театр сахнасы мен мұражайлардан ғана көріп жүрген кәдуілгі болат сауыт
Теледидар экранынан, не театр сахнасы мен мұражайлардан ғана көріп жүрген кәдуілгі болат сауыт

Подушкиннің бұл ойы жеке пайымға негізделген долбар ғана. Оқымыстылар бұл сауыттардың қазақтардікі екеніне шүбә келтірмейді. Бұл шүбәсіздіктеріне «мұндай табиғаты қатал шөлді аймақта жергілікті тұрғындар ғана мекен етуі мүмкін» деген аргументті ұсынады. 

Әзірге табылғаны – екі кеудеше, иықты жауып тұратын қаптама мен дулыға. Барлығы да металл сақиналардан тоқылған. Иықты жабатын қаптамалардың сақиналары кеудешенің сақиналарымен салыстырғанда ұсақ. Тойтарылып жасалған сақиналардың таза қол еңбегі екені көрініп тұр.

Әзірге деп отырған себебіміз, осы жәдігерлерді тауып алған шопандар мұндай теберіктердің Қызылқұм жерінде әлденеше рет ұшырасқанын айтады. Бұл бірінші рет емес. Демек, ауданы 300 мың шаршы метрді алып жатқан құмды шөл зерттеуді қажет етеді. Бір жағынан, бұл әскери «темір киімдердің» Қызылқұм жерінде қайдан пайда болғанын анықтау қажет. Қызығы сол, сауыт табылғанымен, ешқандай да қару-жарақ ұшыраспады. Сауыт киген батыр бес қарусыз жүрмейтіні тағы бар. Олай болса, бұл сауыт мұнда қайдан жүр? Арал теңізі, Зеравшан аңғары мен Нұратаудың ортасында жатқан боз далада осыдан үш ғасыр бұрын нендей жағдай болды? Құмы жанға шипа Қызылқұмның не бүккені бар? Бұл сұрақтардың барлығы да жауабын күтеді. Тарихшылардың да көкейінде осы сауалдар тұр. Осы үшін де күн жылынып, көктем шыққанда сол өңірге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырылмақ. 

Кеңес заманында төрт түлікке құтты мекен болған Қызылқұмда бүгінде жер асты байлықтарының мол қоры бар екені анықталды. Шиелі жерінде уран өндіріле бастады. Көрші ала тақиялылар өз жерлерінен газ бен алтын алып жатыр. Енді, міне, бір емес, бірнеше сауыт пен дулыға табылып, «қазақ халқының өткен өміріне мен де куәмін» дегендей қатпарлы тарихтың бір шетін шығарды. Ал, әзірге бархандар бар сырын өзіне жасырып, көшіп қана жүр.

Жәнібек НҰРЫШ