Жаңалықтар 

Өтпелі кезең

Бұл жаста бұған дейін жақсы тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы бұзықтық жасап, дөрек мінез көрсетсе, кейде, тіпті, ашуланшақ болып кетеді
Бұл жаста бұған дейін жақсы тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы бұзықтық жасап, дөрек мінез көрсетсе, кейде, тіпті, ашуланшақ болып кетеді

Адам баласы дүниеге келіп, ақыл есі толыса бастаған шақта өтпелі кезеңді (переходной возраст) бастан кешіретіні бар. Ол жастан бәріміз де өттік. Дегенмен кейбір жасөспірімдер өтпелі жастан ойдағыдай өтсе, енді біреулері қиналады. Бұл жаста бұған дейін жақсы тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы бұзықтық жасап, дөрек мінез көрсетсе, кейде, тіпті, ашуланшақ болып кетеді. Психологтар ата-ана өтпелі жастың 3 кезеңнен тұратындығын және әр кезеңде бала түрліше қажеттіліктерді талап ететіндігін білуі тиіс дейді.

Бірінші кезең 10-11 жас аралығын қамтиды:
– бұл кезеңде бала өзін тұлға ретінде қабылдап, айтқандарына құлақ асқанын қалайды. Барлық жұмыстарын өзі ғана шешкісі келеді.
Екінші кезең 12-13 жас аралығын қамтиды:
– бұл кезеңде бала отбасында ғана емес, әлеуметтік ортада да өз орнын иеленгісі келеді. Жасауға міндетті істермен қатар құқықтарын білуге тырысады.
Үшінші кезең 15 жаспен тұспа-тұс келеді:
– жасөспірім бұл кезеңде өзін қалыптастырып, өмірін жаңа арнаға бұруға тырысады.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер ұл балаларға да, қыз балаларға да ортақ. Адам өміріндегі ең қиын әрі ең маңызды кезең. Бұл балалық шақтан ажырап үлкен өмірге қадам басуға дайындық. Осы уақытта жасөспірімнің түрлі армандары мен таңдаулары пайда болады. Өкінішке орай, олардың барлығы бір-біріне қарама-қарсы. Яғни, ақ пен қараны ажырату құбылысы басталады. Бар өмірі осы ажыратуына байланысты. 

Құралай Ахметова
Құралай Ахметова

Құралай Ахметова, психолог:

– Өтпелі жасөспірім кезеңі — қиын кезеңнің бірі. Бұл кезеңде балалардың тәртібі нашарлап, сабақ үлгерімі төмендейді, қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас та қалыпты болмайды. Кейбір балаларда қоғамды жатсыну әдеті пайда болады. Ағзада болатын өзгерістерге байланысты өтпелі кезеңде жасөспірімдер өміріне жаңа сезімдер мен мазасыздықтар нөсердей жауады. Нақтылап айтсақ, жасөспірімдердің бұл кезеңін күйзеліс пен мазасыздық ілескен өтпелі кезең десек те болады. Сонымен қоса жас адамдар, көбінесе, тәжірибесі болмағандықтан, өмірдің алғашқы соққыларына қарсы тұра алмайды. «Ата-ана қадірін білмеген — халық қадірін білмес» деп әйгілі жазушы, қоғам қайраткері Ғабиден Мұстафин айтқандай, ата-анасының сөзіне құлақ аспай, өз еркімен жүретін жеткіншек тағдырының сәтті қалыптасуы екі талай.

Өтпелі жас – жасөспірімдік кезеңге ұласады. 12-21 жас аралығында өмірге деген көзқарас қалыптасып, психологиялық әрі физиологиялық өзгерістер пайда болады. Ата-анасына, ұстаздарына, достарына қарсыласу арқылы өзіндік «МЕН-і» туындайды екен. Тәуелсіз болуға ұмтылады. Ата-анасының шамадан тыс қамқорлығынан арылуға тырысады. Олар мұны түсінбеген кезде жағдай ушығып кетуі мүмкін. Дәл осы уақытта оған ақылшы немесе бақылаушы емес, сырлас дос керек. Егер ата-аналары бақылау жүргізгенді қоймаса, балалары болашақта ынжық, өз бетімен шешім қабылдай алмайтын, жауапкершілігі төмен болып ер жететін көрінеді. Сол үшін де балаларыңызбен әрдайым сырласып, әңгімелесіп, ішкі сырымен бөлісуіне мүмкіндік жасағаныңыз дұрыс. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz