Жаңалықтар 

«Бізде ҰБТ-дан бас тартатын оқушы болмайды»

Қатира КӘДІРБАЕВА, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры
Қатира КӘДІРБАЕВА, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры

– Қатира Қырғызбай-қызы, республикаға танымал оқу ордасын басқарып келесіз. Жетістікке жету сырымен бөліссеңіз…

– Мектептегі білімді зияткерлік мектептеріндегідей дәрежеге жеткізуіміз керек. Осы мақсатта біз былтырдан бастап базалық мектеп дәрежесіне ие болдық. Биыл сол дәрежемізді қорғап шығып, сертификатымызды алдық. Білім сапасын арттырып, жаңа әдістерді оқыту процесіне енгізу – мұғалімдердің біліктілігін арттыруды да талап етеді. Осы мәселеге де жіті көңіл бөліп, ұстаздарымыздың жан-жақты шыңдалып, өз білімдері мен тәжірибесін арттыруға мүмкіндік жасап отырмыз. 

Сондай-ақ, жыл басынан бері пәндік олимпиада, ғылыми конференцияларға қатысып, түрлі байқау, фестивальдерден жүлделі орын алып келген оқушыларымыз өте көп. Атап айтсақ, Болгарияда, Алматы қаласында өткен халықаралық пәндік олимпиадада оқушыларымыз жоғары білім көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Республикалық «Алтын самұрық», «Зерде» жарыстарында 13 оқушымыз жүлделі орын алып, мектеп мерейін тағы да үстем етті. Мектеп жанынан құрылған «Армандастар» би ансамблі халықаралық байқауда бас жүлдені иемденді. Айта берсең өте көп, бұл мақтанғанымыз емес, тек жемісті еңбектің жеңісі.

– Мұғалімдердің біліктілігі мен білімін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Айтыңызшы, сіздерде зияткерлік мектебіне сай білім бере алатын қанша мұғалім бар?

– Үш тілді қатар меңгерген мұғалімдер жеткілікті, біз осы мақсатта басқа да мұғалімдерді дайындаудамыз. Дәл қазіргі таңда 30 мұғалім кешке қосымша ағылшын тілі пәнін оқып жатыр. Ұстаздарымыз Орал, Семей, Қарағанды, Талдықорған, Алматы қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне барып, тәжірибе алмасып келуде. Өзімізге де тәжірибе алмасу үшін мамандар шақыртып оқытамыз. Жаңа жүйеде сабақ бере алатын, сындарлы балаларға заманауи бағытта білім беретін 36 мұғаліміміз бар. Біздің мектептің мұғалімдері зияткерлік мектептеріне барса 100 пайыз сынақтан өте алады. Өйткені, осы уақытқа дейін біздің мектептен арнайы емтиханға барған 4 мұғалім де бірден өтті. Дегенмен, жақсы кадрлар өзімізге де керек. 

– Англияда оқып, біліміңізді жетілдіріп келдіңіз. Тәжірибеңізді толықтыра отырып, оқу процесіне қандай жаңалық ала келдіңіз?

– Кембридж бағдарламасы бойынша білім берудің үздік тәсілдерін меңгере отырып, қазіргі таңда бізге қойылған талапқа сай білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде іске асыруды жіті қолға алдық. Білгенімізді, оқып-үйренгенімізді облыс мұғалімдерімен де бөлісудеміз. Осы мақсатта түрлі семинарлар мен ғылыми-практикалық конференциялар өткізудеміз. 

– Түрлі жаңашыл әдістерді оқушылар қалай меңгеруде? Қиынға соғып жатқан жоқ па?

– Бастапқыда ата-аналар тарапынан да түсініспеушіліктер болды. Өйткені, мұндай деңгейлі оқытуда балаға ауыртпалық көп түседі. Яғни, оқушы өздігінен іздену керек, жаңа тақырыпты меңгерудегі басымдық көбіне соларға жүктеледі. Бір-бірін бағалай отырып, өз бетімен жұмыс жасауға бейім болу керек. Бірақ, қазір ата-ана да, оқушы да бұл бағдарламаның тиімді тұстарын түсіне бастады. Тек оқушыға ғана емес, мұғалімдерге де ауыр. Олар да оқушымен бірдей ізденеді, оқиды, білімін жетілдіреді. Өйткені, жаңаша әдіс-тәсілдерді оқушыға үйрету үшін, алдымен ұстаз өзі соны жетік білуі қажет.

– Электронды оқыту жүйесінде жетістіктеріңіз қалай? 

– Біз бұл жүйе енгізілгелі, толық жүзеге асырудамыз. Қазір ұстаздарымыздың жасы да, кәрісі де 100 пайыз компьютерді меңгерген. Интернет арқылы балаларының сабақ үлгерімін бақылау, мұғаліммен тығыз байланыс жасау ата-аналар тарапынан да үйлесімділік танытуда. Бұл жүйенің тиімділігі өте көп. Әрине, мұғалімдердің жүгі ауырлай түсті, дегенмен күннен-күнге техникаға бет бұрып жатқан ақпараттық заманда мұндай жүйені педагогикада қолданудың тиімділігі көп. 

– Балалардың нағыз алып-ұшып, алабұртып тұрған өтпелі шағы мектеп қабырғасында жүргенде өтеді. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларына қаншалықты көңіл бөлесіздер?

– Б.Момышұлы «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы» деген ғой, тәрбие мен білім қатар жүретін егіз ұғым. Тәрбие мәселесін үнемі назарда ұстаймыз, бұл мақсатта мектеп инспекторы, психологтарымыз оқушылармен тығыз жұмыс жасайды. Ғимараттың ішінде, айналасында бейнебақылау камералары күндіз-түні жұмыс істейді. ІІД, прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен түрлі кездесулер, іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ, баланың отбасындағы тәрбиесіне де көп мән береміз. Осы мақсатта ата-аналармен тығыз байланыста болып, өз балаларына көңіл бөлуін сұранып отырамыз. 

– ҰБТ жақындап қалды, дайындықтарыңыз қалай? 

– Дайындығымыз жақсы, біз бітіруші сыныппен жыл бойына жұмыс жасаймыз. Және бір айта кетерлігі, біздің мектеп тестке 100 пайыз қатысады.

– Үмітті ақтамайтын оқушы көп бола ма?

– Мұғалімдеріміздің сапалы білімі мен оқушылармен мазмұнды жұмысының арқасында көбінесе күткен нәтижеден жоғары көрсеткіштерге жетіп жатамыз. 

– Байқауымызша, сіздің мектеп «Алтын белгі» мен «Үздік аттестаттың» ордасы сияқты. Мұның сыры неде? Мүмкін, ерекше методикалық әдісіңізбен бөлісерсіз?

– Біз бастауыш сыныптан бастап дарынды балалармен жеке жұмыс істейміз. Әр бала қандай да бір пәнге бейім келеді. Міне, сондай оқушылардың бойындағы қасиеті мен ынтасын аша білу керек, оларға арнайы көңіл бөлген дұрыс. Сонда ғана нәтижелі жұмыс болады. 

– Жұмысқа жаңа кадр қабылдауда неге мән бересіз?

– Кафедра меңгерушілерінің қатысуымен ең алдымен білімін тексеремін. Сондай-ақ, баламен жұмыс істеу қабілетін байқаймын. Осы екі талапқа жауап берсе, оған оқу әдістемесін үйрету — біздің міндетіміз. 

– Бастауышты 5 жыл оқитын болыппыз, сіз мұны қолдайсыз ба?

– Иә, қазір шетелдің бәрінде сондай. Біз көбіне бастауыштан кейін баланы жоғалтып алып жатамыз. Олар ол кезде әлі жоғары сыныптың методикасына дайын емес. Пән мұғалімдерінің ауысуы да балаға бұл кезеңде қиын соғады. Білімдері төмендеп кететіні де сондықтан.

– «Орташа мұғалім баяндайды, тәуір мұғалім түсіндіреді, тәжірибелі мұғалім тәлімдейді, талантты мұғалім шабыттандырады» дейді, сіздің мұғалімдеріңіз қайсысына жатады?

– Шабыттандырады. Ол менің мақтанғаным емес. Біздегі мұғалімдер кез келген жаңа әдістерді үйренуге ынтық. Үнемі шығармашылығы мен тәжірибесін жетілдіріп отырады. Демалыс кезінде де үйде отырмай, қосымша білім алып жатады. Заман дамыған сайын, мұғалім де білімін дамытып отыру керек. Міне, осыны біздің мұғалімдер жақсы түсінеді. 

– Депутаттар мектепте ер азаматтар азайып кетті деп дабыл қағуда. Әсіресе, ұл бала тәрбиесінде ер мұғалімдердің орны бөлек дейді. Сіз не дейсіз?

– Иә, расында қазір мектепте ер мұғалімдер саусақпен санарлықтай ғана. Өйткені, біздегі жалақы мәселесі ер азаматтарды қанағаттандырмайды. Отбасын асырауға мұғалімдердің жалақысы жете қоймайды. Сондықтан, олар басқа табысы көп жұмыстарға кетіп жатады. 

– Директор болу қиын емес пе?

– Ең бастысы өз жұмысыңды жан-тәніңмен жақсы көріп, мамандығыңды жүрек қалауымен таңдасаң ешқандай жұмыстың қиындығы сезілмейді. Өзім білім саласында жүргеніме 30 жылға жуықтап қалды. 

– Арманыңыз не? 

– Арманым – нанын жеп отырған еңбегімді адал атқару. Біздің мектепті бітірген әрбір оқушы елімізге еңбегі сіңетін, білімді азамат болып жетілсе екен деймін. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Гүлнұр Сәтбаева

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz