Дәрігерге қателесуге болмайдыЖаңалықтар 

Дүмше дәрігерлер көбейді

Дәрігердің өз міндетіне салғырт қарауынан мүгедек атанғандар мен көз жұмып жатқандардың саны күн санап артып келеді. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында ақ халаттыларға деген талап күшейтілмек. Яғни, енді дәрігерлер жіберген қателігі үшін әкімшілік жазаға емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Жаңа заң биылғы жылдың екінші жартысынан қолданысқа енеді деп күтілуде.

Дәрігерге қателесуге болмайды
Дәрігерге қателесуге болмайды

Дәрігерлер қателеспеу керек. Өйткені дәрігер қателігінің артында әрбір адамның тағдыры, тұтас өмірі тұрады. Рас, балтыры сыздағанның барлығы бірден ауруханаға, емханаға бармайтыны да белгілі. Дерті асқынғанда ғана сан соғатын жәйттер де кездеседі. Алайда, алдына барған науқастың дертін дер кезінде анықтай алмай, талай жанды сандалтып кететіні де орын алып отырған фактілер.

 

Шымкенттік 38 жастағы Шахида дәрігерлердің қателігінен зардап шегіп отыр. Айтуынша, дәрігерлер оған дұрыс диагноз қоймаған. Жатыр мойын обырын миомамен шатастырып емдепті.

Шахида: “Менің перзент сүйгім келді. Дәрігерлерге көріндім. Ультрадыбыстық зерттеуден өткенде жатырымда миома түйіні бар екені анықталды. Дәрігерлер маған оны алып тастасаң, болашақта сәби сүйе аласын деп сендірді. Осылайша мен пышақтың астына түстім.”

Отадан кейін науқастың жағдайы бірқалыпты болады. Алайда үшінші күні кенеттен қан кетіп, дене қызуы көтеріледі. Сөйтсе, ота жасаған дәрігер тілген жерін тігуді де ұмытып кетіпті. Отадан кейін арада бір ай өтпей жатып Шахиданың денсаулығы қайта нашарлай түскен. Жатыры ауырып, қан кеткен. Ультрадыбыстық зерттеуден өткен Шахида жатырындағы миома түйінінің қайта өсіп шыққанын біледі. Жергілікті дәрігерлерден үміт үзген ол көрші Ташкент елінің дәрігерлеріне қаралады. Ондағы мамандар науқасқа жатыр мойын обыры деген диагноз қойған.

Ақ халаттының қателігінен зардап шеккендердің бірі –  Нұржан. Шымкентегі емханалардың бірінде ем қабылдаған 22 жасар жігітке ондағы медбике екпені дұрыс салмаған. Салдарынан жігіттің жамбасында ісік пайда болыпты.

Нұржан: “Мен ауырып, ауруханада ем қабылдадым. Емім дертіме шипа болғанымен, басқа ауру тауып алдым. Қазір жамбасым ауырып, сыздайды. Отырғанда қиналамын. Дәрігерлерге көрінген едім, ота жасау керек деді. Сауатсыз медбикенің кесірінен пышақтың астына түсіп, жамбасымның жартысын сылып тастағанға қалай көнемін?!”

Эльмира Сәулембаева, №2 Шымкент қалалық емхананың бөлім меңгерушісі: “Белгіленген тәртіп бойынша жамбас төрт бөлікке бөлініп, жоғарғы сыртқы бөлікке ине шаншылады. Біздің жағдайда ине астыңғы ішкі бөлікке салынған. Бұл – дұрыс емес. Әрине, бұл жерде медбикенің сауатсыздығы көзге ұрып тұр. Науқас ем қабылдау керек. Әйтпесе, жамбасында ірің пайда болып, асқынып кетуі мүмкін.”

Дәрігерлердің қателеспеу керек. Өйткені дәрігер қателігінің артында әрбір адамның тағдыры, тұтас өмірі тұрады. Әйтсе де қоғамымызда дәрігердің қателігі­нен мүгедек атанып, ақ халаттының жұмысына салғырт қарауының салдарынан туысынан айырылып жатқандар көп. Мысалы, АҚШ-та жылына 1500, Еуропада 50 мың науқас дәрігердің қателігінен көз жұмса, Украинада 1 жылда ақ халаттылардың өз ісіне деген салғырттығынан 3000 науқас дүние салып, 7000 адам мүгедекке айналады екен. Ресейде 40-50 мың адам дәрігерлердің үстінен арыз-шағым айтатын көрінеді.

Біздегі жағдай да көңіл көншітпейді. Осындай келеңсіз жайттардың алдын алып, орнын толтыру үшін депутаттар өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерге қатысты заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Уәлихан БИШІМБАЕВ
Уәлихан Бишімбаев

Уәлихан Бишімбаев: ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: “Дәрігерлердің қателесуі жиілеп кетті. Халық осы мәселе бойынша бізге арыз-шағымын айтуда. Біз дүмше дәрігерлерге қатысты заң жобасын қатайтуды ұсынып отырмыз.”

 

Дәл осы мәселе бойынша денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызмет комитетінің төрайымы Лаура Ахметниязова былай деп мәлімдеме жасады:

“Медициналық қызметкерлердің қызметтік жауапкершілігін арттыру қажет. Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодексте дәрігерлік қателік туралы ешқандай түсінік жоқ. Рас, кодексте дәрігерлік қызметке қатысты бірнеше баптар бар. Бірақ, олар қауқарсыз көрінеді. Сондықтан да дәрігерлердің қателігіне қатысты сот процестері шиеленісіп кетеді. Енді жаңа заңда бұл мәселенің ара-жігі толығымен ажыратылатын болады.”

Лаура Ахметниязова
Лаура Ахметниязова

 Жаңа заң 2014 жылдың екінші жартыжылдығында өз күшіне енеді деп күтілуде. Осы құжат күшіне енсе, медицина саласындағы былықтар азайып, жантүршігерлік кісі өлімі төмендейді деген үміт те жоқ емес.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz