Экспортты арттыру үшін өнімнің сапасы жақсаруы керек

ЭкспортБүгінде 130-дан астам мемлекетпен тауар айналымын жүргізетін облысымыз 41 елге тауар экспорттайды екен. Былтырдың өзінде 1,5 миллиард теңгенің заты шетел асыпты. Бірақ, әлі де жұмысты оңтайландыру керек. Ол үшін Оңтүстіктің кәсіпкерлері өңірімізден шығатын тауарлардың сапасын жақсартуы тиіс дейді мамандар.

Өнімді экспорттауда облысымыздың негізгі серіктестері – Өзбекстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Германия және Нидерланды мемлекеттері. Десе де, бүгінгі таңда аталмыш елдерге тауар асыруда техникалық мәселелердің пайда болуы кәсіпкерлердің жолын байлап отырған көрінеді. Мәселен, мұндай кедергіге 30 пайыз өнімін Ресейге экспорттайтын «Ордабасы құс» фабрикасы да тап болып отыр.

Осындай күрделі жайттарды талқылаған кәсіпкерлер мен KAZNEX INVEST экспорт және инвестициялар агенттігі мәселені шешу үшін болашақта бірлесе жұмыс істеуге сөз байласты. Кәсіпкерлермен тұңғыш рет ашық диалогқа көшкен мамандар тауар экспортындағы өзге де бағдарламарды түсіндірді.