Спорт 

«Ішкі туризмнің тұралауына станция кінәлі емес»

«Жас туристер станциясы» жұмыс істемейді деген негізсіз баға. Керісінше, жас саяхатшылардың ауылдық жерлердегі филиалдары көбейіп жатыр.» Станцияның директоры Алым Бөлекбай осылай дейді. Сондықтан, мекемені туризм басқармасының еншісіне берудің қажеті жоқ. Естеріңізде болса, таяуда туризм басқармасындағылар өткен жылдың есебі бойынша ішкі туризмде аталған станция жұмысының ақсап тұрғанын алға тартқан еді.

Жас туристер станциясы

«Ауылдағы бала Астана тұрмақ, Шымкентті де білмейді.» Туризм басқармасы басшысының жылдық есебінде облыс әкімінің орынбасары осы мәселені көтерген-ді. Шенеунік «Жұмысына салғырт қараған жас туристер станциясының басшысы жұмыстан кетсін не болмаса басқа жолын қарастырайық» деген еді сол жиында.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары: «Басшысын ауыстыру керек бірінші кезекте. Ешқандай жұмыс жоқ. Жұмыстың бәріне қарсы. Жас туристер станциясын туризм басқармасына беретін болса, барлық жұмыстарды дұрыс істеуге болады.»

Нышан Байғұт, облыстық білім басқармасы басшының орынбасары: «Жалпы, бұл жөнінде қазір жұмыс басталды. Ал енді басқармаға беру туралы мәселенің заңдылық жағын қарау керек. Бұл — біздің мектептен тыс мекемеміздің есебінде тұрған нәрсе. Онда арнайы сабақ жүреді. Бағдарлама бойынша жүреді. Сондықтан мұны экономика басқармасымен бірге қарап шығайық.»

Ал станса басшысы «жұмыс жоқ» деген пікірмен мүлдем келіспейді. Сөзіне сенсек, керісінше, өткен жылы облыстағы 15 ауданның 13-інде аталмыш станцияның филиалдары ашылған. Соның нәтижесінде өлкентанушы оқушылардың қатары 250-ден 400-ге дейін өскен көрінеді. Ал облыс бойынша 546 мың оқушы бар екен. Оның 108 мыңы — қала мектептерінің шәкірттері.

Алым Бөлекбай, Жас туристер станциясының директоры: «Жұмыс жоқ» деген сөзбен келісе алмаймын. Неге десеңіздер, республикалық қанша іс-шараларға қатыстық. Былтырдың өзінде 7 іс-шараға қатысып, оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болып жатыр. Біздің жұмыс тек қана экскурсиямен шектелмейді ғой. Біз қосымша білім беру, тәрбие беру жұмыстарымен айналысамыз.»

Директордың айтуынша, ғимарат құлағалы тұр. Жарты ғасыр жөндеу көрмеген мекеме жаңадан салынса, нағыз талапқа сай құрылғылар орнатып, мекеменің жұмысы оңалар еді дейді. Мүмкін, аталған ұйымнан жүйелі жұмысты талап ету үшін алдымен жағдай жасау керек шығар? Айтпақшы, осы материалды дайындап жатқанда білгеніміз — білім беру және экономика басқармасы ақылдаса келе станцияны облыстық білім басқармасының құзырында қала береді деп шешіпті.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz