Жаңалықтар 

Мектеп оқушылары директорға хат жазады

Енді оқушылар мектеп директорына хат жаза алады. Шымкенттегі №8 гимназия оқушыларының жаңаша әдіске көшкеніне көп болған жоқ. Жәшікке түскен хаттар апта бойы жинақталады. Соңында мектептің белсенді оқушылары мен директоры Шолпан Асылбекқызы жазылған ұсыныс-тілекті талдайды. Оқушылардың бірі хатта мектеп бағдарламасын тез меңгеру жолын сұраса, екіншісі көшбасшы болудың құпиясын іздеген. Айта кетейік, хатта оқушының аты-жөні көрсетілмейді.

Мектеп оқушылары

Жансая Пернеқұлова, оқушы: “Шынымды айтсам, бұл жәшіктің бізге берер пайдасы мол. Айта алмай жүрген өтініш-тілектерімізді еркін жазамыз. Сабақ дұрыс өтпеген жағдайда да, директорымызға ашық хат жолдаймыз. Маған бұл бастама ұнады.”

Бұл жаңалық оқушы мен мектеп ұжымы арасындағы алтын көпір болмақ дейді оқытушылар. Жәшіктің қойылғанына көп уақыт өтпесе де мектептегі ауқымды мәселелер шет қалмады. Оқушылар қосымша өтілетін сабақтардың уақытын да тізбектеп жазып шығыпты. Хатта шәкірттер үй тапсырмасын орындау кестесі жөнінде де мектеп басшылығының кеңесіне жүгінген.

Шолпан Бейсенбаева, №8 гимназияның директоры: “Әдебиет сабағынан шығарма жазу тапсырмасы берілді, ал химиядан бақылау жұмысына дайындалу, физикадан 5 есепті шығару қажет. Ал сіздерде күніне 7 сабақ өтетін болса, мұның бәрін үйде орындап үлгеру қиынға соғады. Сондықтан әр уақытта сергек жүріп, уақытты тиімді өткізген жөн. Үй тапсырмасын орындаған кезде пәндерді араластырмай, ортасына үзіліс жариялауды ұмытпаңдар.”

Ұжым осылайша бар мәселені жұмыла шешуді жөн көрген. Олай болса, бұл – өзге де мектеп ұжымдары мен замандастарымызға үлгі болар бастама секілді.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz