Жаңалықтар 

Жүрек неден ауырады?

Жүрек неден ауырады?
Жүрек неден ауырады?

Лүпілдеп соққан жүрек адам тірі екенін, тіршілігінің жалғасып жатқанын білдіреді. Бірақ, болмашы нәрседен нәзік жүректі ауыртып алатынымыз бар. Оны өзіміз ауыртқанымызды білмей қаламыз. Абай Құнанбаев өлеңінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп бекер айтпаса керек. Ақылсыздыққа бой ұрып, жігерсізденіп, соңында бұл жүрек ауруына апарғанын аңғармай да қаламыз. Психолог-психотерапевт Валерий Синельников «Возлюби болезнь свою» атты кітабында жүрек ауруларына қандай жағдайлар ұшырататынын жазыпты. 

Махаббатқа зәру жандардың жүрегі жиі ауырады. Өзіңізге, жақындарыңызға, қоршаған ортаға, өмірге деген махаббатыңыз болмаса жүрегіңіз ауырады. Ескі реніш, ашу-ыза, бойдағы қорқыныш, қайғы, өкініш біреуді, өзіңді, өзгені жалпы айналаңдағыны жақсы көруге кедергі келтіреді. Мұндай адамдар өздерін сондай жалғыз сезінеді және одан қорқады. Олар ескі ренішті ұмытуға тырыспай, жұрттан оқшауланып, осы арқылы өзіне жалғыздықты жасап алғанын түсінгісі де келмейді. Осылай жалғаса берсе, ескі жара олардың түбіне жетеді. Оны жібітуге тырыспаған соң, тасқа айналып жүрекке мықтап жайғасады. Бұдан кейін махаббат пен қуаныш тапшылығы басталады. Оларды өзіңіз тұншықтырғаныңызды біліп отырған шығарсыз. Сіздің өзіңіз бен өзгелердің қиындығына шырмалып қалғаныңыз сонша, қуаныш пен махаббатқа рахаттануға уақытыңыз, ал жүрегіңізде оған орын жоқ. 

– Мен балаларымды қатты уайымдамаймын, – деді бірде дәрігердің қабылдауына келген әйел. Қызымның күйеуі маскүнем, ұлым әйелінен ажырасып кетті. Ал мен немерелерімнің ертеңі не болар екен деп алаңдаймын. Бәрін уайымдаймын деп жүрегім ауырады. 

– Балаларыңыз бен немерлеріңіз үшін жаныңыз ауыратынын түсінемін. Бірақ сіздің жүрегіңіз ауырғанда мәселе шешіле ме? Сол арқылы көмектесемін деп ойлайсыз ба? 

– Әрине олай емес, — деп жауап береді әйел. Бірақ басқаша мүмкін емес. 

Сондай-ақ біреуді есіркегіш, аяғыш адамдардың жүрегі жиі ауырады. Жүрекке жақын алғыш жандар біреуге көмектесемін деп бүкіл ауыртпалық пен жауапкершілікті мойына жүктеп алғанын білмей қалады. Олар жақындарына, айналасындағыларға қолғабыс етуге құмартып тұрады. Мұндай жандар өздерін мүлдем ұмытып кетеді. Уақыт өте келе жүрегі қуаныш пен махаббатты қабылдай алмайтын жағдайда жетеді. 

Аяушылық, жаны ашу, есіркеу — бұл махаббат емес. Мейірімді, қайырымды болыңыз, бірақ есіркемеңіз. Жүрегіңіз жұмсақ болсын. Адамдарға махаббатпен, қуана көмектесіңіз. Үнемі өзіңізге, өзгеге махаббат сыйлаудан жалықпаңыз. Өзіңде барды ғана өзгеге беріп онымен бөлісе алатыныңызды естен шығармаңыз. Кеудеңіз қуанышты сезімге толы, көңіліңіз жайдары болса жақындарыңыз да әрдайым сондай болады. 

Өмірді сүйетін адамдардың жанына жақсылар үйір келеді. Олар өйткені өмірді сүю арқылы өзін, өзгені сүйе алады. Мұндай жандар өмір қалай, солай қабылдайды. Барлығын жақсы жағынан көруге тырысады. Ештеңені өзгертуге ұмтылмайды. Бұның өзі үлкен өнер. Олардың жүрегі ауырмайды. Өзін жақсы көре алатын адам ғана басқаны жақсы көре алады. ( Өзін жек көретін адамдардан қандай махаббат күтесіз?!)

Жүрегің қайырымды болса, жасаған жақсылығының қайтарымы болады. 

Дәрігер тәжірбиесінде адамдардың осы күйзелісті қажетсініп тұратынын да байқаған. Олар айналадағы барлық құбылыстарға үнемі теріс баға беруге дағдыланып алған. Кез-келген жағдайды дұрыс емес деп қабылдайды. Бұл өз өміріне жауапкершілікті өзі алуды үйренбегенінің салдарынан орын алған жәйт. Дәрігер жазбасында өмірдегі жағдайларды екі санатқа бөлетінін баяндайды. Жағымды және пайдалы. Жағымды жәйттер — ол өзіне тәтті мұң сыйлайды. Ал пайдалысы маңызды, жақсы нәрсені үйрену. 

Дәрігердің жетпіске толған танысы жақында алтын тойын атап өтті. 

– 15 жыл бұрын мен жүректен инфаркт алып, ауруханаға түстім. Қиналғаным сонша, дәм-тұзым таусылды деп ойладым. Тәубе, дәрігерлер қолдан келгенін жасап, аман алып қалды. Ауруханадан шығар кезде маған бір дәрігер: «Егер жүрегім ауырмасын десең, ешкіммен ренжіспе, ешкімді ренжітпе деді. Ал біреулер ұрсысып жатса, ол жерден кетіп қал. Мейірімді адамдармен араласуға тырыс және өзің де сондай бол» — деді. Бұл сөздер менің жүрегімде жатталып қалды. Егер де троллейбуста біреулер бір-бірін балағаттап, сөгіп жатса, мен түсіп таксиге отырамын. «Семеныч байып кетіпті, таксимен жүреді» деп әзілдейді көрші зейнеткерлер. Ал мен өз денсаулығыңнан үнемдеуге болмайды деймін. 

Дәрігердің жүрек ақауы бар емделушілерінің бірі әңгіме барысында жиі қайталайтын сөздері бар. 

– Дәрігер мен үнемі адамдарды аяп жүрем. 

– Жүрегіме жақын аламын. 

– Өмір сондай әділетсіз. 

Осы және тас жүрек, жүрегі суық, деген сөздерді сізде жиі айтатын болсаңыз, жүрегіңізге үңіліңіз. Демек сіздің жаныңызды ауыртатын жағдай бар. Сіздің жүрегіңіз ауырады. Бұл мәселені талдап, таразылап, тез арада оң шешу керек. Жүрегіңізге жайғасып алған жағымсыздықпен жүре бермей, арылыңыз. Өмірдегі әрбір нәрсеге қуана біліңіз. 

Аударған – Ғалия Мұхамбетқызы

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz