Жаңалықтар 

Қазақ және өзбек кәсіпкерлерінің қарым-қатынасы нығаяды

Шымкенттегі көрме залында Өзбекстан және Оңтүстік Қазақстан кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Мұндағы мақсат – Қазақстан мен Өзбекстан бизнесінің арасындағы іскерлік қарым- қатынасты нығайту және екі жақты ынтымақтастықты дамыту. Өзбекстанда тоқыма өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және құрылыс материалдары мен шыны бұйымдарын шығару жақсы жолға қойылған. Дәл осы қажеттіліктерді Қазақ елінің күнгей жұрты да әжетке жаратуына болады деген пікірмен арнайы басқосу ұйымдастырылды.

Абзал Дәрібаев, “Шымкент инновация” ЖШС өкілі: “Былтыр біз Ташкентте болғанбыз. Сол кезде өзбек ағайындар Шымкентте форум өткізу жайлы ұсыныс жасаған. Шағын және орта бизнесті дамытуда бірқатар жобаларды жүзеге асырмақпыз.”

Өзбекстан мен Қазақстанның кәсіпкерлері өзара жұмыс жасауға дайын

Бір кездегі тығыз қарым-қатынасты қайта жандандыруға өзбекстандық кәсіпкерлер ынталы. Сондықтан Оңтүстік өңірінде ұйымдастырылған бизнес форумға 50-ге тарта ірі кәсіпорындар мен ұсақ шаруашылықтардың басшылары келіпті.

Сергей Иващенко, Өзбекстан республикасы сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі: “Кездесуден көптеген келісім-шарттар түзіледі деп күтемін. Өйткені екі елдің кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, кәсібін ары қарай дамытуға ниет танытуда. Өткен кездесуде қазақстандық кәсіпкерлер тоқыма және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша ұсыныстар жасаған еді. Сол алпауыт кәсіпорындардың басшыларын ерте келдік. Ынтымақтастығымыз нығайып, бастамамыз нәтижелі болсын.”

Қазақстандық бизнес өкілдерінің де өзбек ағайынның кәсібіне қызығушылығы баршылық. Ең алдымен тоқыма өндірісіне қажетті шикізатты арзан бағамен көршілерден сатып алмақ.

Бахытжан Әлиев, “KazakhTekstil” компаниясының бас директоры: “Өткен жолы біз Ташкенттегі кәсіпкерлермен кездесіп, шұлыққа қажетті жіпке тапсырыс жасамақ болып едік. Алайда, биыл өзіміздің “Окситекстайл” ашылып, енді өзіміздің  шикізаттан отандық өнім шығарамыз. Бояу қажет, қазір келісім жүргізудеміз.”

Жиыннан соң өзбекстандық кәсіпкерлер “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы мен индустриалдық аймақтағы жобалармен танысты. Іс-шараның барысында түзілген хаттама негізінде екі жақты кәсіпкерлік қатынасты дамытуға арналған жұмыс жоспары бекітілмек.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz