Жаңалықтар 

“Ұлан” зияткерлік марафоны мәресіне жетті

“Ұлан” интеллектуалды марафоны мәресіне жетті. Зияткерлік сайыстың жүлделі үшінші орнын № 8 гимназияның 4-сыныбының шәкірттері иеленді. Екінші-орын “Бәйтерек” мектебінің үздіктеріне бұйырды. Ал бірінші орынды №8 гимназияның оқушылары Никита Калмыков пен Ольга Цой және Түркістан қаласындағы №9 гимназияның шәкірті Бақдәулет Әмірбек жеңіп алды.

"Ұлан" зияткерлік сайысының жеңімпаздары
“Ұлан” зияткерлік сайысының жеңімпаздары 

Бақдәулет Әмірбек, 1-орын иегері: “Өте қуаныштымын. Себебі көптеген үздік шәкірттер қатысты. Алғашында жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын, бірінші орыннан көрінемін деп күткен де жоқпын. Бірақ, білімімнің арқасында ұстаздарымның үмітін ақтадым. Алдағы мақсатым – Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірті атану.”

Марқұм Ұлан Сағындықов
Марқұм Ұлан Сағындықов

“Ұлан” интеллектуалды марафоны осыдан 10 жыл бұрын бастау алған. Білім бәсекесі №8 гимназияның оқушысы Ұлан Сағындықовтың құрметіне арналады. Үздік шәкірт 2005 жылы жол-көлік апатынан қайтыс болған еді. Содан бері мектеп ұжымы зияткерлік сайысты қолға алыпты.

Айта кетейік, биылғы “Ұлан” интеллектуалды марафонына қатысуға облысымыздың 600-ге тарта оқушысы тілек білдірген. Оның 289-ы ғана ақтық сынға жолдама алыпты. Нәтижесінде, 45 жеңімпаз анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Ал доданы ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, айтулы білім бәсекесінің пән аралық олимпиадалардан ерекшелігі көп.

Шолпан Асылбекқызы, №8 гимназияның директоры: “Байқау баланың қай деңгейде ойлануы тиіс екенін де айшықтап береді. Бұл “Ұлан” марафонының пәнаралық олимпиадалардан да айырмашылығы бар. Мысалы мұнда “1+1=0″ дегеннің де жауабын шәкірт ойлана келе тапқырлықпен табады. Ізденеді. Сондықтан мұнда сауалдар мектеп бағдарламасынан ғана емес, түрлі салалардан, еркін тақырыппен араласа келеді.”

 

 

Бүгінде облыстық білім басқармасының бақылауындағы осы білім байқауы келер жылы жалғасын таппақ. Және бұл сайысқа кез келген үздік шәкірттің қатысуына мүмкіндігі бар.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz