Жаңалықтар 

Өзбек драма театрына ғимарат қажет

«Өзбек драма театрына қосымша ғимарат қажет.» Жуырда облыстық мәслихаттың депутаттары кезекті сессияның алдындағы тұрақты комиссияның отырысында осы мәселені көтерген еді. Мәдениет басқармасы да осыған сенім артып отыр.

Декорациялар осылай күл-қоқыстың қатарын толықтырады

Театрға арнайы барғанымызда өнер ошағының мәселесі бұл ғана емес екеніне көз жеткіздік. Тоғыз жыл бойы облыстық өзбек-драма театрында бас қоюшы-режиссер қызметін атқарған Хамит Қуабдуллаев театрдың кемшін жағдайын жасырмады. Айтуынша, ғимарат мүлдем талапқа сай келмейді. Бұған қоса мәдени нысан ашылған кезде сатып алынған техниканың да тозығы жеткен. Және сахна төбесін 7 метрге көтеру қажеттілігі туындап отыр.

Сахнаның биіктігі
Сахнаның қазіргі биіктігі 

Хамит Қуабдуллаев, облыстық өзбек драма театрының әртісі: «Сахнаның биіктігін қосу керек. Бұл талапқа сай келмейді. Мынау сахнаның едені айналып тұруы қажет. Мұндай жабдық бізде мүлдем болған емес. Барлық техника сынып-қирап біткен. Себебі, оның барлығы осыдан 10 жыл бұрын, яғни, театр ашылған кезде алынған ғой. Және сахнаға әртістер дайындалып тұртын «қалта» деген бөлме болады. Бізде мұндай да жоқ.»

Сахнаның жарты бөлігіне жайғасқан декорация

486 орынды өнер ошағында реквизит, яғни, қойылымда қолданылған қажеттіліктерді сақтайтын арнайы қойма да жоқ екен. Сондықтан әр қойылым үшін 200 мың теңгеге жасалатын бұйымдар спектакль біткен соң сондағы қоқыстың қатарын толықтырады. Осындай көптеген еңбектерді аман сақтап қалу үшін ұжым басшылығы амалсыз сахнаның тең жартысын қоймаға айналдырған. Бұл ауқымы кең тақырыптарды, классикалық туындыларды сахналауға сөзсіз тосқауыл болады.

Кәмілжан Саитов
Кәмілжан Саитов

Кәмілжан Саитов, облыстық өзбек драма театры директорының орынбасары: «Біз, мысалы, «Абай» сынды 18-20 әртіс қатысатын спектакльдерді қойғымыз-ақ келеді. Бірақ, сахна тар, оған әртісіміз де жетіспейді. Әртістерді гримдеу бөлмесі де кішкентай. Үлкен қойылымдарда 1 адамды ғана бояндырады, қалғандары сағаттап кезек күтіп тұрады. Мұндағы жағдай да мәз емес. Бізде әртістердің киім-кешектерінің жағдайы да шешілмеген. Киімдерді іліп қоятын арнайы орын жоқ, бәрін қорапта сақтаймыз бәрін, ол сасып, ескіріп жатады.»

Өнер адамдарының мінезі сияқты, киімдері де тазалықты, үлкен күтімді қажет етеді. Бірақ сахналық костюмдердің сыйқын көріп, олай айту қисынға келмейді. Киім демекші, киімдерді сахнаға тігіп әзірлейтін бөлме жәйі мүлдем шешілмеген. Ұжым басшылығы кадр жетіспеушілігін де жасырған жоқ. Ол өз алдына бір проблема деп отыр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz