«Аң үйретушінің таяғында тоқ болмайды»

Арыстанның миы тек 30 минут қана жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз ол сол уақыт аралығында ғана айтқаныңды орындайды

Ассатулла Қушвақовтың «Оңтүстік циркте» аң үйретуші боп еңбек етіп жүргеніне екі жылдан асып барады. Қызығы мен қиындығы көп кәсіп иесінің арманы аз емес. Аң үйретуші болу үшін нені меңгерген жөн? Аңдар қазақша түсіне ме? Аң мен адам арасындағы достықты қалай қалыптастыруға болады? Аң үйретушіге алып барған көкейдегі сауалдар осылар еді… 

Ассатулла Қушвақовтың «Оңтүстік циркте» аң үйретуші боп еңбек етіп жүргеніне екі жылдан асып барады
Ассатулла Қушвақовтың «Оңтүстік циркте» аң үйретуші боп еңбек етіп жүргеніне екі жылдан асып барады

– Ассатулла, «Оңтүстік циркке» қалай келдіңіз?

– Бұған дейін Ресейдің Ю.Никулин атындағы циркінде аң үйретушінің көмекшісі болып қызмет еттім. 2012 жылы Ю.Никулин атындағы цирк Шымкентке «Оңтүстік-Циркке» гастрольдік сапармен келген. Мұнда 1 айдан аса уақыт өнер көрсеттік. Цирктің сол кездегі басшысы С.Сраилов кішкентай арыстанның күшігі мен қонжықтарды зообақтан алып жатқандығын, соған аң үйретушінің керек екенін тілге тиек етіп, мені осында жұмысқа шақырды. Мен ойланбастан келістім.

– Сонда сіз Шымкентке алғаш рет келе салып, қалып кеттіңіз бе? 

– Иә. Мен негізі Өзбекстандағы циркте туып-өстім десем де болады. Алғашында Ташкент мемлекеттік циркінде, содан соң Ресейдің Ю.Никулин атындағы циркінде жұмыс істедім. Сонда жүріп аңдарға қатты қызықтым. Оларды бір нәрсеге үйретіп, тәрбиелеуге машықтана бастадым. Аты аңызға айналған цирктегі аң үйретуші әрі ұстазым Рустам Мачанов та мені өзіне жақын тартып, аңдармен қалай жұмыс істеуді үйрете бастады. Осылайша мен аң үйретушінің көмекшісі болдым да шықтым. Ал Оңтүстікке келгенде мұнда жаңадан цирк ашылғандығын, мамандар іздеп жатқанын естіп білген соң, ойланбастан осында қалу керек деп шештім. Маған Шымкент өте ұнайды.

Мен  аңдарыма өз дегенімді жасатпай қоймаймын. Оны жақсы білетін арыстандар да,  аюлар да менен  именеді
Мен аңдарыма өз дегенімді жасатпай қоймаймын. Оны жақсы білетін арыстандар да, аюлар да менен именеді

– Аңдармен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Ол үшін арнайы біліктілік қажет болар? Қандай мамандықты меңгеру керек? 

– Әрине қажет. Десек те, менің арнайы білімім де, мамандығым да жоқ. Меніңше өз ісіңнің нағыз шебері болу оқуды қажет етпейді. Ең бастысы ісіңді жан тәніңмен сүйіп, аңдармен тіл табыса жұмыс істеу керек. Ал оны ешқандай кітаптан оқи алмайсың, оны саған ешкім үйретпейді. 

– «Оңтүстік циркте» қандай аңдармен жұмыс жасаудасыз?

– Циркте Назым мен Натим деген екі арыстан және Маймақ, Мойнақ, Жайнақ атты қонжықтар бар. Әзірге менің қарауымдағы осы бес аң сахнада өнер көрсетуге бапталуда. 

– Олардың арасында сіз үшін ең сүйіктісі қайсысы?

– Мен бәрін бірдей жақсы көремін. Өйткені барлығын да туыла сала бауырыма бастым. Олар менің балаларымдай десем артық айтқаным емес. 

– Аузын айға білеген аң патшасы мен аюларды бағындыру оңай емес шығар?

– Әрине. Ең бастысы сабырлы болу керек. Кішкентайынан бағып-күтсең де кейде аңның аты аң. Арыстандар да, аюлар да мінездерін көрсетіп, бағынғысы келмей жатады. Ондайда аң үйретуші сабыр сақтап, мысы басым екенін аңғартуы керек. Мен аңдарыма өз дегенімді жасатпай қоймаймын. Оны жақсы білетін арыстандар да, аюлар да менен именеді. Мәселен, арыстандардың өзге аңдар секілді сезімталдық қасиеті өте жақсы дамыған. Алдына қандай көңіл-күймен, қандай ниетте барып тұрғаныңды сезіп қояды. Оларды алдау мүмкін емес. Сондықтан да, олардың алдында тұрғанымда қорқыныш сезімін ұмытамын. Қорыққанымды сезсе бағынбай кетеді. 

Арыстанның миы тек 30 минут қана жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз ол сол уақыт аралығында ғана айтқаныңды орындайды
Арыстанның миы тек 30 минут қана жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз ол сол уақыт аралығында ғана айтқаныңды орындайды

– Шыныңызды айтыңызшы, біздегі аңдар әлі кішкентай. Дегенмен, манежде ересек арыстандармен бетпе-бет келген кезіңіз болған шығар. Сол кезде де қорықпадыңыз ба? 

– Әрине, қорқатын кез болады. «Бағынбай қойса қайтем, жыртқыштығын жасаса қайтем» деген ой маза бермейтіні бар. Үрей деген мүлдем болмайды десем, өтірік айтқандық болар. Сондықтан да барынша олардың көңілін табуға, шамдарына тимеуге тырысамын. Десек те, қойылым кезінде әртүрлі оқиғалар орын алып жатады. Көрермендердің дауысы, қолындағы жарқырауықтар аңдарды алаңдатады. Кейде ашуларын келтіреді. Ондайда барынша абай болуға тырысамын. Несін жасырамын жыртқыштығын жасаған кезі де болды. Арыстандардың иіс сезу мүшесі өте жақсы дамыған. Мәселен, жылқылардың қасында болып, арыстанға жоласаң, сені талап тастайды. Кейде көңіл-күйлері болмай қауып алатын кезі де бар. 

Ең бастысы аңға тыным бермеу керек. Бір күнге болсын жаттығусыз қалдыруға болмайды. Бір апта репетиция жасамаса, ол өзін орманда жүргендей сезіне бастайды. Табиғат оларды жыртқыш етіп жаратқан, олар қай уақытта да шайнап тастауға дайын тұрады. Циркке келгендер үйретушілердің қолындағы шыбықта электр тогы бар деп ойлайды. Оның бәрі жай сөз. Үш жасар балаға жазуды қалай үйретсеңіз, тура сондай шыдам керек мұнда. Циркте жұмыс істейтін бір ғана әдіс бар: қайталай беру, қайталай беру. Маңдайыңнан тер емес, қан шыққанша жұмыс істеу. Менен көп адам шын ниетімен «Аңдарды қатты ұрасыңдар ма?» деп сұрайды. Жоқ, әрине. Бірақ тежейтін кезде тежеп, қорқытатынымыз бар.

– Аңдардың ауырып қалатын, жалқауланатын кезі болатын шығар…

– Әрине. Олар да тірі жан иесі ғой. Ауырып қалады, еріншектікке бой алдырады. Арыстанның миы тек 30 минут қана жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз ол сол уақыт аралығында ғана айтқаныңды орындайды. Сол себепті де аң үйретушілер бір нөмірде бірнеше аңды ойнатуға тырысады. Өйткені әрқайсысының үйренген нәрсесін қосып қана үлкен қайталанбас нөмір дайындауға болады. Естеріңізде болса, жазда болған қойылымда Назым (арыстанның есімі) ештеңе істемей қойды. Ол кезде оның күйлеп жүрген кезі еді. Ветеринар дәрігерлер оған күйлегенді қайтаратын екпе салды. Әдетте арыстандар жылқылардан кейін немесе басқа аңдардан кейін манежге шықпайды. Манеждің ауасын тазартып қана енгіземіз. Сонымен бірге жаңадан келген аренаға иісіне үйренбей олар ештеңе жасамайды.

– Аңдармен қай тілде жұмыс істейсіз? 

– Қазақ және орыс тілдерінде. Цирк терминдерін де қолданамын. Десек те, аңдарым тек қазақша ұғынса деймін. 

– Аң үретуші болмағанда кім болар едіңіз?

– Білмеймін. Мен өмірімді басқаша елестете алмаймын. Циркте туған адам кім болушы еді… Бәрібір цирктен кетпес едім. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ