Оқыс оқиға 

Ерегістің соңы кісі өлімімен аяқталды

Шымкентте тағы бір кісі өлтіру әрекеті орын алды. Оқиға 11-наурыз күні Қаратөбе ауылында болған. Түн ішінде ерегіскен жас жігіттер жәбірленушінің бірін көлікке салып әкетіп, ұрып-соғыпты. Содан кейін үйінің маңына тастап кеткен. Жәбірленуші сол жерде жантәсілім етіпті.

Жаназа шығару
Жаназа шығару

Кешкі сағат ондар шамасында ел аузында Ворошиловка атанып кеткен елдімекендегі дәмхананың бірінде бірнеше жігіт ерегісіп қалады. Кейіннен екі жақ татуласып, тарасқан көрінеді. Дегенмен, біраздан кейін бір топ жігіт екі көлікпен келіп, Құрбанов пен Ашурметов есімді азаматтарға оқ жаудырған. Сосын екеудің бірін көлікке салып алып кетеді. Досы бұзақылардан қашып үлгерген. Соққының астында қалған Фарух аурухананың төсегінен бір-ақ шықты.

Фарух Ашурметов: “Машина келді. Қараңғыда жарығын жақпай жүр. Ішінен 4-5 бала түсті. Біз амандасуға келген шығар деп тұрдық. Түсе сала бірден ана жігітті бір ұрды, мені бір ұрды. Мен алды-артыма қарамай қаштым да оның папасына барып айттым. Кейін барлығын сол жерге шақырттық. Сол жерде тұрған қыз “Оны багажға салып әкетті” деді.”

Көлікке салып әкеткендер екінші жігітті өлімші етіп сабап, көшеге тастап кетіпті. Мәйітті қарау барысында оның қабырғалары сынып, миы жарақаттанғаны анықталды. Сарапшы дәрігерлер оның өліміне себеп болған да сол соққылар деген қорытынды шығарыпты.

Ұлазат Құрбанов, марқұмның әкесі: “Сау жері қалмаған. Екі рет аяғынан атқан. Мұрнын ұрып сындырған. Денесіне пышақ сұға беріпті. Екі адам ұстап тұрған ізі бар. Көрген қыз “8 адам болған” дейді. Бірақ, кеше полиция “7 адам болған” деді.”

Бүгіннің өзінде Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адамды құрықтады. Ұсталғанның бірі өзін ақтай жөнелді. Айтуынша, ол тек ажыратқан көрінеді.

Күдікті: “Айқай-шу шығып, мен барғанда бағанағы баланың бет-аузы қан-қан еді. Мен өзім қорқып кеттім. Содан досымның қолындағы темірін жұлып алып, лақтырып жібердім. “Тентексің ба?” деп, екеуміз сөзге келдіп қалдық. Сөйтіп, үйге қайтым кеттім.”

Мына жігіт те күдіктілердің тізімінде. Ол “Бір-екі рет тепкенім болмаса, бұл тірлікке қатысым жоқ” деп қояды. Айтуынша, төбелеске жәбірленушінің тілінен қағынғаны түрткі болған.

Салтанат Қаракөзова: “Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 96-бап – адам өлтіру де бар. Тергеу барысында анық-қанығы белгілі болады.”

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz