Жаңалықтар 

«Ерлік» мұражайына қосымша ғимарат салынады

«Ерлік толық насихатталмай келеді.» Қаламыздағы «Ерлік» мұражайында экспонаттар саны көбейгенімен, оны жұртшылық назарына ұсынатын орын жетпей жатыр. Ғимарат бөлмелерінің тарлығынан жинақталған жәдігерлер көпшілікке ұсынылмай келеді.

«Ерлік» мұражайының ең үлкен залы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған. Мұнда сол бір сұрапыл жылдарды еске түсіретін жәдігерлер жасақталыпты. Бөлменің ұзындығы — 11 метр, ал ені небәрі 4,5 метр ғана.

"Ерлік" мұражайындағы ҰОС ардагерлеріне арналған зал
«Ерлік» мұражайындағы ҰОС ардагерлеріне арналған зал

Мұражайдың бұдан бөлек Ауған соғысы ардагерлеріне арналған және этнографиялық залы да бар. Бірақ бөлмелер бұдан анағұрлым тар. Сондықтан мұндағы 1300-ге тарта жәдігердің өзі толық көпшілікке ұсынылмай келеді.

Меңгерушінің бөлмесіндегі жәдігерлер
Жәдігерлер меңгерушінің де бөлмесіне қойылған

Назерке Дулатова, «Ерлік» мұражайының экскурсия таныстырушысы: «Бөлмелердің ені, биіктігі, көлемі де кішкене. Тарлық етеді. Күнделікті оқушыларымыз келген кезде бізге қиыншылық тудырады. Оларды 2-ге , 3-ке бөліп кіргізуімізге тура келеді. Жалпы, қазіргі уақытта Ауған соғысының ардагерлері заттарын көптеп тапсыру үстінде.»

Тапсырып-ақ жатыр. Бірақ ол құнды дүниелер мұражайдың төрінен орын алмайды. Оны арнайы сақтайтын қор бөлмесі де жоқ. Сондықтан мұнда тапсырылған жәдігерлер мұражай меңгерушісінің бөлмесіне жайғасқан.

Ақмарал Құдайбергенова, «Ерлік» мұражайының меңгерушісі: «Осы жәдігерлердің бәрін өзімнің бөлмемде ұстап отырмын қазір, себебі мұражайдың экспозиция залында орын шектеулі. Амал жоқ, ай сайын біз орындарын алмастырып отырамыз. Қазір менің бөлмемнің өзінде 800-ге жуық экспонат бар.»

Ал облыстық мәдениет басқармасының басшылығы мәселе шешілуге таяу деп отыр.

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Бұл мұражай — облыс әкімі бақылауында тұрған мәселе. Асқар Мырзахметовтың өзі тапсырма берген бізге. Яғни, бұл мұражай кеңейеді, қосымша ғимарат салынады. Биылғы жоспарда бізге тапсырма ретінде берілгендіктен, жуырда ғимарат салынады деп жоспарлап отырмыз.»

Мәдениет басқармасы басшысының сөзіне сенсек, әзірге ғимараттың жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz