Оңтүстікке министр келді

222

«Оңтүстік» индустриалдық аймағы өзгелерге үлгі болуы керек. Облысқа іс-сапармен арнайы келген Қазақстанның өңірлік даму министрі Болат Жәмішев осылай деп мәлімдеді. «Оңтүстік» индустриалдық аймағын аралап, бірнеше кәсіпорындардың жұмысымен танысқан министр кәсіпкерлер палатасы оқу орталығының ашылу салтанатына қатысты.

10007019_1434653580106369_1710966656_n

Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев бірінші болып индустриалды аймақтағы әйнек шығаратын  «Фирма Дана» зауытының өнімімен танысты. Заманауи шыны шығаруда шетелден кем түспейтін әрі сәулет құрылысында қолдануға ыңғайлы әйнектерді Оңтүстікте шығарып жатқан жұмысшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, «ЮгПласт», «Spirit Kazakhstan» және пластмасса бұйымдарын шығаратын «ЮгРегионПласт» компаниялары мен автомобиль майын шығаратын «Hill Сorporation» кәсіпорнының өндірістік кешендерін аралап көріп, жұмысшыларымен кездесті.

Болат Бидахметұлы сапар барысында «Оңтүстік» индустриалдық аймағында ашылған облыстық кәсіпкерлер палатасының оқу орталығына да бас сұқты. Оқу орталығының бағдарламасы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың қажеттілігіне сай әзірленіп, олардың кадрлық сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Орталық түрлі саладағы білікті мамандармен, замануи оқу құралдарымен қамтылған. Қазіргі таңда мұнда тыңдаушыларға 20 техникалық мамандық бойынша білім беріледі. Бүгінгі таңда 538 адамды оқытуға тапсырыс түскен. Оқу мерзімі оқытылатын мамандықтың күрделілігіне қарай 1 айдан 3 айға дейінгі аралықта екен.

Ақерке Ералы, кәсіпкерлер палатасы оқу орталығының тыңдаушысы: «Біліктілігімді арттыру үшін осында оқып жатырмын. Бұл индустриалды аймақта барлық жағдай жасалған.»

Бұдан кейін өңірлік даму министрі облыс әкімдігінде аймақтармен селекторлық мәжіліс өткізді. Кәсіпкерлікті дамытудың жүйелі шараларын талқылады. Өңірлерде индустриалды аймақтарды дамытудың жоспарын түзіп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасындағы жаңа бағыттың барысымен таныстырды. Биыл осы бағытқа бөлінген қаржының 15 миллиард теңгесі индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жұмыстарына бөлініп отырғанын жеткізді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=DEoawE4WxVw[/youtube]

Болат Жәмішев, ҚР өңірлік даму министрі: «ОҚО индустриалды аймақты жүзеге асырып қана қоймай, оны дамытудың даңғыл жолына түскен. Сапасы, саны жағынан бірінші орында. Биыл облысқа қарасты 10 аудандағы индустриалды аймаққа инфрақұрылым тарту үшін 4 миллиард теңге бөлініп отыр. Индустриалды аймақтарды дамыту жиынын осында өткізіп отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Өзгелерге үлгі болсын, тәжірибе алсын деп Шымкентті таңдадық. Аймақ дамыған, кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған.»

Айта өтейік, индустриаландыру картасына жалпы құны 705 миллиард теңге болатын 170 жоба енгізілген. 21 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.