Жаңалықтар 

Оңтүстікте бау-бақша өсіру дамитын болды

Бау-бақша егімен айналысатын кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында бағбандар қауымдастығы облыстық кәсіпкерлер палатасымен келісім-шарт түзді. Меморандумға сәйкес, бағбандардың мұң-мұқтажын үкіметке жеткізіп, оны бірлесе шешуге міндет алған кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта кенжелеп қалған осы саланы дамытуға атсалыспақ. Бағбандар қауымдастығы өз тарапынан шаруаларға қолдау көрсетуге дайын.

Теміржан  Жалғасбаев, бағбандар қауымдастығының мүшесі: “Бүгін  ОҚО бағбандар қауымдастығының тұсауы кесілді. Кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойдық. Палата басшылығы қауымдастыққа мүше бағбандардың мүддесін қорғайды. Қаржылай көмек, инфроқұрылым, жаңа технологияларды енгізу бойынша көмектеседі. Әлемдік тәжірибелерді өңіріміздегі бағбандарға үйретеміз. Озық технологияларды пайдалануды, тамшылатып суаруды қолданысқа ендіреміз.”

Қазығұрттық Айбарша Базарбаева бау егуге ынталы. Бос жатқан жер алқабына жеміс көшеттерін отырғызып, балаларына қолдау көрсетпек.

Айбарша Базарбаева, Қазығұрт ауданының шаруасы: “Үш гектар жерім бар, соған бау екпекпін. Қара өрік, алма көшеттерін. Бір жарым гектар жерге жаңғақ еккен едім. Мынандай семинарларда тәжірибелі бағбандарды тыңдап, солардың айтқандарымен жұмыс істейміз. Нәтиже болатынына сенімдімін.”

Семинар барысында білікті мамандар жеміс көшеттерінің күтімі, суару әдістері бойынша әлемде қолданылып жатқан тәжірибелер жайлы әңгімеледі. Шаруашылықта жаңа технологияларды дұрыс пайдалану жақсы өнім алуға септігін тигізеді дейді украиналық маман.

Вадим Дудка: “Ауыл шаруашылығындағы жобаларды талдаймыз, соларды жүзеге асыруда қызмет жасаймыз. Өңірлеріңіздің табиғаты бау-бақша егуге арналғандай. Сондықтан барлық мүмкіндікті пайдаланып, жұмысқа кірісу керек. Көп мемлекет қазіргі таңда бау өнімдерін экспорттап, экономикасын дамытуда. Бүгін семинарға өте көп адам келгені қуантады. Негізі, бау егу – тек табысқа кенелу емес, жанның да рахаты.”

Бағбандар Оңтүстікте жеміс бауларын жайқалтып, алма апортын да қайта жандарырмақ. Олар бұл бастаманы өзге өңірлердің бағбандары қолдайды деген сенімде.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz