Шымкентте тағы бір ана өз баласын сабап тастады

Шымкентте тағы бір ана өз баласын көкала қойдай сабап тастады. 8-шағынауданда тұратын 36 жастағы келіншек 5 жасар қызын денесінен сау тамтық қалдырмай, ұрып жатқанда балақайды көршілері шешесінен әзер дегенде арашалап алған. Артынша оқиға орнына жергілікті полицейлер де жетіп, бүлдіршінге алғашқы жедел жәрдем де көрсетіледі. Кішкентайдың басы мен бетінен сау тамтық қалмаған. Тіпті, балақайдың маңдайы жарылған. Ал шешесін тексерген дәрігерлер оны психоневрологиялық диспансерге қаралуын қадағалау керек деген тұжырыммен жолдама жазды.

сабалған қыз

Қазір балақай облыстық балалар ауруханасында жатыр. Бұл іс бойынша тергеу басталып кетті. Туған перзентін сабап тастау фактісі Шымкентте осымен екінші рет тіркелді. Естеріңізде болса, мұндай сұмдық оқиға өткен аптада орын алған еді. Ол кезде шымкенттік ана 2 перзентін сабап, оның бірі мерт болған еді. Екіншісі жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан болатын.