Жаңалықтар 

Түркия және қазақтың домбырасы

Түркия 30-шы наурызда болатын жергілікті әкімдер мен мәслихат сайлауына әзірленіп жатыр. Бес жылда бір өтетін осы сайлау алдағы биліктің негізгі құрылымын белгілейді. Сондықтан қазірден бастап, елдегі саяси партиялар арасындағы сайлау алды тартыс қыз-қыз қайнап тұр. Осы кезде билік пен оппозияция бір-бірінің ізін аңдып, ілік іздеп отырғандай. Мысалы өткен аптада Премьер-министр Тайып Ердоғанның «Ақ партиясы» Астананың тұрғыны, Ноғайдың атақты әншісі Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әнін партияның ұраны етіп алғаны сол еді, елдегі ұлтшылдар өре түрегелді. Олардың ойынша, сайлаудағы қосымша ұпай үшін «Домбыраны» пайдалануға Ақ партияның моральдық құқы жоқ. Тіпті, кейінірек тек моральдық қана емес, авторлық құқықтың да жоқтығы белгілі болды.

Өткен аптада Премьер-министр Тайып Ердоғанның «Ақ партиясы» Астананың тұрғыны, Ноғайдың атақты әншісі Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әнін партияның ұраны етіп алғаны сол еді, елдегі ұлтшылдар өре түрегелді
Өткен аптада Премьер-министр Тайып Ердоғанның «Ақ партиясы» Астананың тұрғыны, Ноғайдың атақты әншісі Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әнін партияның ұраны етіп алғаны сол еді, елдегі ұлтшылдар өре түрегелді

Түркілердің әнін саяси мақсатта пайдалану құптарлық іс деп есептемеймін. Бұл қадамдарыңыз арқылы түрікшілдікті көздеген халықтың даусын жинаймын деп ойлайсыздар ма? Олай болса, оңбай қателестіңіздер, оны алдағы сайлау көрсетеді,-дейді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Синан Оган. 

Ұлттық қозғалыс партиясының депутаты Синан Оган Парламент мінберіне шығып, бүкіл түркілерге ортақ құндылықтарды жеке бастың қамына пайдаланған Ақ партияны сын садағына алды. Өйткені елдегі ұлтшылдар домбыраның үніне өздерінің электораты да еріп кетеді деген үрей, оларға маза берер емес. Ән жайлы дау қоғамдық талқыға түскелі, көпшілікті ән мен әншінің өмір дерегі қызықтырды. Жекелеген ақпарат құралдары тіпті арнайы зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде даудың басы түріктің танымал әншісі Уғур Ышылақтың жиендік жасап, «Домбыраны» жеке әні етіп партияға ұсынғаны белгілі болды. 

Біз осы уақытқа дейін «Домбыра» әнінің сөзі Арсланбек Сұлтанбековтікі, ал музыкасы кавказ не ноғай халқының деп қабылдап келгенбіз. Себебі біз ән тарихын зерттей келе осы ұйғарымға тоқтадық. Егер «Домбыраның» авторы расымен Арсланбек болса, кездесіп айыбымды жуып-шаюға әзірмін, – дейді әнші Уғур Ышылақ.

Ал, композитор Арсланбек Сұлтанбеков, түрік әншісінің жауабына таңданыс білдіргенін жасырмады. «1997 жылы жарық көрген «Домбыра» Түркиядағы ең танымал әндердің қатарында. Сондықтан орындаушының: «білместіктен қолдандым» – дегені кәсіби әншінің жауабы емес»-дейді, ол. Алайда Түркияда Арсланбектің «Домбыра» әніне құда түсушілер көп-ақ. Ақ партиядан бұрын бұл әнді түріктің «Фенербахче» футбол командасы Еуропа лигасының жартылай финалына шыққанда әнұраны етіп алған еді. 

Түркия саясатында «домбыра» тақырыбы қызу талқыланып жатқанда Ыстамбұлдағы жергілікті қандастарымыз домбыра үйірмесін ашты. Қазірдің өзінде үйірмеге қатысуға ынта білдірген шәкірттердің қарасы көп. 

– Үйірменің алғашқы күнінде-ақ домбыраны үйрену үшін елуден астам жас келді, – дейді домбыра үйірмесінің ұстазы Седат Солақұлы. – Олардың дені Ыстамбұл қаласында тұратын жергілікті қазақтар. Ұлттық аспапты үйренуге ықылас білдіріп келген. Десек те, көбінің домбырасы жоқ.Сондықтан Қазақстаннан бас-аяғы 70-тей домбыраға тапсырыс беріп жатырмыз. 

Сайлау төңірегіндегі бұл дауда бауырлас қазақ пен ноғайдың домбырасы, қазақ мәдениеті жеңіп шықты. Екі ішекті аспапқа деген қарапайым жұртшылықтың қызығушылығы артты. Тіпті Ыстамбұлда домбыраны сатып алуға сұраныс көбейді. Әрине бұл жергіліктің қазақтардың мерейін өсірген жағымды жаңалық болды. 

– Әннің саяси пиғылда қолдануына үзілді-кесілді қарсымын.Өйткені өнер мен саясат бір-бірімен еш қабыспайды, екі бөлек дүние. Оның үстіне, «Домбыраны» сайлау алды ұраны етіп белгілеу үшін менің рұқсатымды сұрап келген ешкім жоқ, – дейді композитор Арсланбек Сұлтанбеков. – «Әнді заңсыз қолданғаны үшін авторлық құқығыңды пайдаланып сотқа бересің бе» – деп, телефонға хабарласушылар көп. Мен ешкімді сотқа сүйрелейін деп отырғаным жоқ. Тек құқығымның қорғалғанын қалаймын. Осы ғана.

Ержан ЖҮНІС

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz