Қариялар көбейген зейнетақы алып жатыр

Қазақстанда 1-сәуірден бастап зейнетақы көбейді. Таңсәріден Шымкенттегі «Халық банкі» бөлімшелерінің алды зейнеткерлердің ұзын-сонар кезегінен босаған жоқ. Бірақ зейнетақы берілмей жатқандықтан, үстеме ақы алып, қуанған зейнеткер байқалмады.

Түскі сағат 12:00. Көбейген зейнетақыны алуға асыққан қариялар төлем орталықтарының алдында таңсәріден тұр. Бірақ әлеуметтік төлем берілмей жатқандықтан ақша алған бірде-бір қартты мұнда көрмейсіз. 5 сағат бойы күте-күте шаршаған қарияларды ашу-ыза кернеп тұр.

Зейнеткер: «Таңғы 7-де келдім. Әлі тұрмын. Сағат 9-да деді, одан 10-ға көшті. 11-де өтті. Енді, міне, сағат 12-ден де асып барады. Азанда 8:50-де инкассатормен ақша әкелгенін көргенмін. Бірақ, соқыр тиын алған бір жанды көрмедім. Ай сайын осы. Үнемі зейнетақыны кешіктіріп береді. Бұл не деген масқара! Жас емес, қартпыз. Тұра-тұра аяғымыз ауырып, беліміз де сыздап барады.»

Ал түс ауа қаладағы Халық банкі филиалдарының алды құлаққа ұрған танадай тыныш. Зейнетақы алып кеткен зейнеткерлердің үлкен кезегі тарқап кеткен. Алайда, құнсыздануға байланысты бейнетінің көбейтілген зейнетін алған қарттардың көңілі қаяу.

Ұзақгүл Құдайқұлова, зейнеткер: «Менің зейнетақыма бір мың теңге қосылыпты. Ал бұған базардағы шарықтап кеткен бағаны қосыңыз. Зейнетақыны көтердік деп шулайды. Ол неге жетеді? Білмеймін.»

Айта өтейік, еліміздегі девальвацияға байланысты әр түрлі деңгейдегі төлем түрлері 1-сәуірден бастап шамамен бес пайызға көтерілген еді. Бұған жыл басында 9 пайызға көбейтілген төлем түрлерін қосқанда елдегі зейнетақы мен жәрдемақы биыл 14 пайызға артып отыр.

Әнуар Лесбаев, ОҚО бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы: «Көпшілік, зейнетақы алушылардың арасында түсініспеушілік болып жатады. Зейнетақының негізгі мөлшері арттырылды деп түсіндіріледі. Сондықтан бұл жерде екі төлем болады. Екі төлемнің де жеке-жеке арттыралғанына назар аудару керек. Бүгінгі таңда айтатын болсақ, ең төменгі зейнетақының мөлшері 21736 теңгені құрайды. Және оған қосылатын базалық зейнетақының мөлшері 10 450 теңге. Жалпы, ай сайынғы төленетін зейнетақының көлемі 32 186 теңгені құрайтын болады.»

Зейнетақы тақырыбындағы тағы бір жаңалық – зейнетақыны тағайындау мөлшері бұрынғыдай 39 айлық есептік көрсеткішпен есептелмейді. Айлық есеп 41-ге жетті. Жаңа мөлшермен таратылып жатқан үстемақыны облыс бойынша 194 мыңнан астам зейнеткер мен 118 мың жәрдемақы алушы алатын болады.