Жаңалықтар 

Әлеуметтік азық-түліктің бағасын кім белгілейді?

Зейнетақы мен еңбекақы өсе сала, азық-түлік бағасы өзгере шықты. Базарды айтпағанда, тұрақтандыру қорының тауарлары да қымбаттаған. Бұған дейін картопты 65 теңгеге алып келген тұрғындар оның бес теңгеге қымбаттағанын айтады.

Тұрақтандыру қорының тауарын әр базардың алдында кездестіруге болады. Алғашында картоп, сәбіз, құмшекер мен ұн сататын. Бүгінгі таңда тауарлар көбейген. Есесіне бағасы да өзгеріпті. Алғашында картопты 65 теңгеден, шекерді 128 теңгеден сатып алып жүрген халық соңғы күндері бағаның өскенін бірден байқапты.

Базарда да бұл бағалар кездеседі. Бірақ, азық-түліктің сортына қарай. Картоптың нашары 65 теңге, ең жоғары сұрпы 90-100 теңге аралығында сатылуда. Ал 150 теңгеге шекер таппайсыз. Сондықтан болар, тұрақтандыру қоры ұсынған құмшекерге кезек қалың. Халықты арзан азық-түлікпен қамтып отырған қордың бағасы неліктен көтерілгенін мамандар нақты түсіндіре алмады. Өйткені бағаны арнайы комиссия бекітіп беретін көрінеді.

Олжас Бақтыбаев, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры: “Бізге бағаны облыстық тұрақтандыру қоры комиссиясының шешімімен әкімшілік белгілеп береді. Белгіленген бағада халыққа сатамыз. Өздігімізден бағаны көтермейміз. Бағаны ұстап тұру үшін барынша іс-шаралар атқарылып жатыр.”

Айтпақшы, тұрақтандыру қорының қоймасында 260 тонна құмшекер, 200 тонна картоп, 100 тонна макарон, 50 тонна күріш, 15 тонна сәбіз бар. Келісім-шарт бойынша біздің облыс Өскеменге мың тонна картопқа тапсырыс беріпті, сол сияқты шекер де екі мың тоннаның аралығында әкелінеді деп сендірді мамандар. Сол себепті болар, бағаны тұрақтандырып отырғандар қорымыз жеткілікті дейді.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz