"Алтын қордың" жасағы

Жастар саясатын жүзеге асыру үшін осыдан 11 жыл бұрын облысымызда мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын «Алтын қор» кадрлар резервінің жұмысы қолға алынған болатын. Пилоттық жоба алғашқы жемісін беріп үлгерді.

Гүлбаршын Жолбарысханқызы
Гүлбаршын Жолбарысханқызы

Гүлбаршын Жолбарысханқызы – Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің IV курс студенті. Жасынан заң саласының маманы болуды армандаған бойжеткен бүгінде мемлекеттік қызметкерлер даярлайтын «Алтын қор» кадрлар жасағының семинар-сабағына қатысып жүр. Биыл жоғарғы оқу орнын тәмамдағанын дәлелдейтін дипломның иегері атанатын арудың мақсаты да айқын.

Гүлбаршын Жолбарысханқызы, ХҚТУ-дің студенті: «Болашақта мен мемлекеттік қызметкер болуды көздеп отырмын. Құқыққорғау органында еліме адал қызмет еткім келеді. Өзімнің 4 жыл бойы алған білімімді еліме арнағым келіп отыр. «Алтын қорға» келіп отырғаным да сол. Семинар сабақтан біз көптеген мәліметтер алдық, мемлекеттік қызметкер қандай болуы қажет және құзыретін де түсініп алдық.»

Бүгінге дейін «Алтын қор» кадрлар резервінде 423 маман біліктілігін арттырған. Бірақ қазіргі уақытта солардың 20 пайызы ғана мемлекеттік қызметте жүр екен. Себебі көбісі жұмысқа қабылданбаған және түрлі себептермен қызметінен босапты. Ал мамандар мәселені шешудің жолы студенттердің мемлекеттік қызметкерге сай саланы меңгеруі деп отыр.

"Алтын қордың" жасағы
«Алтын қордың» жасағы

Ерлан Айтбаев, облыстық Жастар орталығының директоры: «Қазіргі жастардың көбі мемлекеттік қызметке келгісі келмейді. Жас мемлекеттік қызметкерлердің саны содан да азайып жатыр. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлік жолды таңдайды Бұл өздерінің еркі, бір жағынан Оңтүстіктің кәсіпкерлерінің саны артады деген сөз. Ал бүгінгі «Алтын қорға» келіп, білімін жетілдіргендердің көбісі қыздар қауымы, яғни 80 пайызы – бойжеткендер. Мемлекеттік қызметкер болуға арулар қызығушылық танытуда.»

Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлер даярлайтын «Алтын қор» кадрлар резервінде қосымша оқу шарасы 1 апта болатын. Ал қазіргі уақытта небәрі 3 күн оқытылады екен. Ал биыл облысымызда осы мүмкіндікке 35 студент ие болыпты.