Жаңалықтар 

Апатты көпірлер көбейіп барады

017-023

Бүгінде облыс аумағындағы 507 көпірдің 169-ы апатты жағдайда деп танылып отыр. Салдарынан біріміз жол азабын тартып жатсақ, енді біріміз тіршілік көзінен қағылудамыз.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мен әл-Фараби аудандық әкімдігінің мамандары күрделі жөндеуді қажет ететін көпірлерді түгендеуге кірісті. Бірлескен топ ә дегеннен Бадам өзені бойындағы ауылдарды жалғап тұрған жаяу жүргіншілер жүретін көпірге көңіл бөлу керек деп шешті. Себебі, жуырда жауын-шашынды ауа-райының салдарынан бұл өткел ортасынан опырылып қалған болатын. Құлаған көпір бадамдықтарды қатынассыз қалдырып, ауыз судан да айырған еді. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, нысан 13-сәуір күні таңертең қирап қалыпты. Нөсерлете жауған жауын көпірдің тіреуіштерін құлатып, жарамсыз еткен. Салдарынан қалалық су арнасының құбыры да бұзылып, «Сәуле» және «Қазығұрт» шағынауданының тұрғындары судан қол үзіп қалды. Осылайша 5 мың адамды сусыз қалдырған апат орнына құтқарушылармен бірге әкімдіктің мамандары келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бірлескен топ оқиға болған күннің ертесіне төтенше жағдайларды болдырмау және алдын алу комиссиясының отырысын өткізіпті. Мамандар көпірді қалпына келтіру жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайтынын ескеріп, бірден іске кіріскен.

017-022

Күрделі жөндеуді қажет ететін тағы бір жаяу жүргінші көпірі – Шымкент қаласындағы Жангелдин көшесінде орналасқан. Қошқар ата өзенінен ағып келетін судың үстіндегі өткел осыдан 40 жыл бұрын салыныпты. Содан бері бірде-бір жөндеу көрмеген. Тұрғындар қазір көпірдің қажет екенін айтып зар илеп отыр. Себебі, балалары осы өткел арқылы мектепке қатынайды. Жергілікті халық осыған дейін өткелді жамап-жасқап, қажетке жаратып келген. Өз күштерімен жақтауларын жаңалап, қоршау да жасаған. Ал сала мамандары болса, көпірді жаңғырту жұмыстарының жазға қарай басталатынын айтады. Сондықтан, тұрғындарға амалдай тұруға тура келеді…

017-019

Төтеншеліктер жарамсыз деп тапқан көпірлердің енді бірі – Төлеби ауданы Елтай ауылында орналасқан. Бетондары мүжіліп, қаңқасы да қалмаған. Көліктерді көтере алмай, қақ айырылудың алдында тұр. Кезінде ауыл тұрғындары асарлатып салып алған бұл өткелдің сыр беріп жүргеніне бірталай жыл болған. Бірақ, тұрғындар талай рет шағымданғанымен, жергілікті билік құлақ аспай келген. Олардың ендігі үміті – ауылдық округтің қала аумағына өтуінде. Халық қалалық биліктің бұл мәселеге бей-жай қарамайтынына сенеді. Адам өміріне қауіпті деп табылған көпірлердің жағдайы төтеншеліктердің қадағалауына алынған. Сала мамандары тез арада тиісті шаралар жасалмаса, қатынас үзіліп, тіпті адам шығыны орын алуы мүмкін деп ескертіп отыр.

Әбдіғани ТАШҚАРАЕВ, ардагер құрылысшы: 

– Біздегі көпірлер тым ескі. Осыдан 30-40 жыл бұрын салынған нысандар. Көбі жобасыз, тиісті талаптар ескерілмей салынған. Тек орталық көпірлер ғана сала мамандарының бақылауымен тұрғызылған. Қазір табиғи апаттар жиілеп барады. Су тасқыны еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатыр. Бізге көпірлердің құрылысын жіті бақылап отыру қажет. Әйтпесе, апатты көпірлер шығынды ұлғайтып жіберуі мүмкін. Негізінен, көпірлер әрбір 5-10 жылда арнайы тексерістен өтіп тұруы қажет. Көпірлердегі апаттың жиілеп кетуінің бір себебі – құрылыстың сапасыздығында. Қазір қай нысанды алып қарамаңыз, тез бітіп, аз уақытта пайдалануға беріледі. Өкініштісі, сапасы ескеріле бермейді. Оның үстіне бұрынғыдай арнайы көпір құрылысымен айналысатын мамандар да жоқ. Бұл мамандыққа қазір бізде оқытпайды. Құрылыс материалдарының да сапасы күмән тудырады. Бұрын біздің облыста темір-бетон зауыты жұмыс істейтін. Материалдар тапсырыспен сол жерде жасалатын. Қазір мұндай зауыт тек Қапшағайда ғана бар. Көпірлерге қатысты айта кететін тағы бір жәйт бар. Жыл сайын облыста көліктер саны көбейіп келеді. Осыған байланысты бізге қосымша көпірлердің құрылысын қолға алған жөн. Мәселен, Ленгерге барар жолдағы көпір қазір қатынасқа тарлық етіп отыр. Соның жанына екі қаланы байланыстыратын қосымша тағы бір көпір салу керек. Сонда жолда көліктер емін-еркін қатынайтын болады.

Арыс қаласы маңындағы Саяжай тұрғын үй массивінде қазір 50 шақты отбасы тұрады. Алайда, аталған елдімекенді шаһармен жалғайтын жалғыз жасанды су өткізуші 2012 жылдың ақпан айында су тасқынынан құлаған. Қазір мұндағылар теміржол өткелін пайдаланып жүр. Себебі, Қабылсай жырасынан қыста, ерте көктемде Арыс өзеніне су ағады. Сондай кезеңдерде бұл жолдармен жүріп өту мүмкін болмайды. Ал саяжайға теміржол өткелінен өзге апаратын жол жоқ. Мектеп оқушылары қыстың күні рельстің үстімен мектепке қатынайды. Абырой болғанда, әлі ешкім жарақат алған емес. Дегенмен, тұрғындар бұл жолмен жандарын шүберекке түйіп, әзер өтеді. Бүгінде Саяжай елдімекеніне көлікпен қатынау да қиындап кеткен. Жергілікті халық: тіпті, жедел жәрдем шақырудың өзі мұң дейді. Өйткені, сол жәрдемге жету үшін Қабылсай жырасындағы балшықты кешіп өтуге тура келетінін айтады. Айта кетейік, өткелге бір емес, бірнеше рет жөндеу жүргізілген. Көпірдің көктемгі тасқынға шыдас бере алмай келе жатқанын алға тартқан жергілікті биліктегілер көпір құрылысына биыл тағы кірісетіндерін айтады. Арыс қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілердің айтуына қарағанда, бүгінгі таңда осы мақсатқа облыстық бюджеттен 71 миллион 615 мың теңге бөлініпті. Бүгінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Жауапты мамандардың айтуынша, жаңа көпір қараша айында қолданысқа берілмек.

017-021

Төрт нысан салынады

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылардың айтуына қарағанда, биыл жаңадан 4 көпірдің құрылысы қолға алынбақ. Бұл өткелдер Арыс қаласында, Ордабасы, Төлеби аудандарында салынады. Одан бөлек 11 көпір күрделі жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Мақтарал, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы көпірлерге осы жылы жөндеу жүргізіледі. Бұл мақсатқа 1 млрд 135 млн теңге қаралған. Онымен қоса, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы 11 көпірді орташа жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Айта кетейік соңғы бес жылда облыста 23 көпірге қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген болса, 11 көпір күрделі жөндеуден өткен. Былтырдың өзінде 23 көпірге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Түркістан қаласында – 1, Қазығұртта – 1, Сарыағашта – 5, Ордабасыда – 3, Мақтаралда – 7, Бәйдібекте – 6 көпір орташа жөндеу көрген.

Мақпал РЫСБАЕВА

Related posts

Пікір қалдыру

1 пікір - "Апатты көпірлер көбейіп барады"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын
Тәртіп жоқ! Елде анархия?! Құқық қорғау жүйелері тек шындықты, туралықты, әділеттілікті айтқан азаматтарға жала жабуға ғана шамасы жетеді. Соларды ғана аңдыйды. Әкімдер өздерінің біліксіздіктері мен әділетсіздіктері, парақорлығы үшін халық арасында “әкімқаралар” – деп аталып кетті. Көпір сияқты стратегиялық нысандар ұзақ тұрсын десек, өзендер табанынан атжалманға айналған қаптесер, өтірікші – жалған, тірі табиғатты тонаушы кәсіпкерлерге құм мен тастарды қаздыруға үзілді – кесілді қатаң түрдегі пәрменмен тыйым салу керек. Себебін өткен жолы жазғанмын. Гидравлика заңы бойынша өзеннің су ағып жатқан табанынан 1 метр тереңдетіп 2-3 тонна құм немесе тас қазып алсаң бүкіл өзен басынан аяғына дейін 1 метрге төмендейді екен. Осылайша су… Ары қарай оқу »
wpDiscuz