Жаңалықтар Компания жаңалығы 

Арабтар дуадақты ату үшін өсіре ме?

Халықаралық дуадақтарды қорғау қоры қолда өсірілген дуадақтардың кезекті легін Біріккен Араб Әмірліктерінен Оңтүстік Қазақстан жеріне алып келді. ИЛ-76 жүк ұшағымен жеткізілген 2000 дуадақтың 200-і Ақтауға, қалғандары Созақ және Отырар аудандарына жөнелтілді.

Дәлірегі, Мойынқұмға 1540, ал Бетпақдалаға 260 дуадақ жіберілді. 90 дуадаққа жер серіктік таратқыштар бекітілген. Бұл GPS-навигатордың көмегімен дуадақтардың қозғалысы, көші-қон жолдары бақыланады. Бұған дейін Қазақстанда жіберілген дуадақтардың Ауғанстан, Сирия, Пәкістан, Иран және Ирак жерлерінде қыстап шыққаны белгілі болған.

ИЛ-76 жүк ұшағымен  жеткізілген 2000 дуадақтың 200-і  Ақтауға, қалғандары Созақ және Отырар аудандарына  жөнелтілді
ИЛ-76 жүк ұшағымен жеткізілген 2000 дуадақтың 200-і Ақтауға, қалғандары Созақ және Отырар аудандарына жөнелтілді

Негізінен, қолда өсірілген дуадақтарды Қазақстан жеріне жіберу ісі 2009 жылдан бері жалғасып келеді. 2013 жылға дейін Әбу-Дабидің тәлімбақтарында өсірілген 1100 дуадақ Қазақстанға әкелініп, осында таралды.

Алғашқы жылдары дуадақтарды күз маусымында жіберіп отырған. 2012 жылы дуадақтарды жіберу сәті – жыртқыш құстардың сол дала төсімен ұшып өту мезгіліне сәйкес келіп қалған. Нәтижесінде, табиғат ортасына бейімделіп үлгермеген дуадақтар қызыл іздеген қанаттылардың жемтігіне айналып кете барған.

Мұхаммед Салих Аль-Байдани, Халықаралық дуадақтарды қорғау қорының бас директоры: 

– Араб халқы осыдан мыңдаған жыл бұрын дуадақтарды есепсіз аулаған. Енді соның орнын осылайша толтыруға ниет танытып, осы мақсатта дуадақтарды қолда өсіріп, табиғатқа жіберумен айналысып отыр. Біздің қордың иелегінде төрт тәлімбақ бар. Олардың үшеуі жұмыс істейді. Төртіншісі, осы Оңтүстік Қазақстанда, анығы Шаянда салынып жатыр. Біз өзімізде өсірген дуадақтарды Қазақстаннан басқа, Кувейт, Иордания, Йемен мен Араб әмірліктеріне жібереміз. 

Дуадақтардың популяциясын зерттеп, ерекшеліктеріне көз жеткізген қор қызметкерлері думанды құстарды сәуір айында табиғатқа шығаруды дұрыс деп тапқан. Сәуір айы – дуадақтардың табиғат аясына бейімделуі үшін тиімді уақыт. Жұмыртқа басып, балапан шығаруы, жыртқыштардан қорғану амалдарын үйренуі де осы жабайы табиғат жағдайына бейімделуіне байланысты болмақ. Жабайы дуадақтармен бірге үйлесім тауып кетуіне де сеп.

Арабтардың дуадақтарды өсіруде біздің елді таңдауына осы бір дала бишілерінің 80 пайызы қазақ даласында өсіп-өнуі себеп.

Еті дәмді әрі шипалы дуадақтарды қолда өсіріп, содан кейін ашық далаға жіберуге арабтар құмбыл. Дуадаққа қыран құс салу – арабтарда ежелден бар дәстүр. Қыран құсты тайтұяқ алтынға бағалайтын арабтардың дуадақ етіне деген тәбеттері күшті. Бақуатты арабтардың сауығына айналған аңшылықтың бұл түріне Қазақстанның заңы қаталдық танытады.

Борис Губин, биология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық дуадақтарды қорғау қорының кеңесшісі: 

– Қолда өсірілген дуадақтарды дала жағдайына шығарғанда олардың тірі қалып, тіршілігін жалғастыратындарының үлесі 5-10% болады. Бұл көрсеткіш кейде жоғары болуы да мүмкін. Мысалы, Маңғыстау жеріне жіберілген дуадақтар Сирияда қыстап шығып, барлығы да түгел оралды. Өйткені, сол уақытта Сирия жерінде соғыс жағдайы жүріп жатқандықтан дуадақтарды ешкім ауламады. Тағы бір мысал, осы Бетпақдала жеріне жіберілген дуадақтардың Пәкістан мен Үндістан шекарасында қыстап шыққандары ұшқандары ол жақтан да түгел оралды. Өйткені, онда да қақтығыстар болғандықтан дуадақтарды ауламады. Ал, Пәкістан мен Иран аумағында қыстап шығуға ұшқан дуадақтардың 10%-ы ғана тірі қалады. Бұл елдерде дуадақтарды аулау қарқынды жүреді. Бір жағынан, қолда өсіріліп, бостандыққа жіберілген дуадақтар адамдардан қорықпайды, үрікпейді. Жыртқыш жауларын тани бермейді. Ал, далада туып-өскен дуадақтардың тең жартысы тірі қалса, қалғандары түрлі жағдайларда өліп қалады.

Дуадақтар Қазақстанның шөлді және шөлейтті жерлерін мекендейді. Сулы, таулы аймақтарда қоныстанбайды. Қазір далалы жерлерде де ұшыраспайтын болған. 

Дуадақтардың ерекшелігі сол, олар жауын сезсе бір орыннан қозғалмай жатып қалады. Ұша жөнеліп, ұсталып қалғанша, тыныш жатып, байқалмай қалуды дұрыс көреді. Сондықтан да олардың популяциясы қазір тұрақты түрде жүріп жатыр.

Дуадақтарды қорғаумен айналысатын аймақтық аң шаруашылығының бас маманы Бақыт Мұсалиевтің айтуынша, дуадақтарды заңсыз аулағаны үшін браконьердің үстінен қылмыстық іс қозғалады. 1,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, қарулары мен көліктері тәркіленеді.

Араб халқының миллиондаған қаржы құйып, дуадақтарды Қазақстан жеріне таратып, санын арттыруы қуантады. Алайда, осынау Қызыл кітапқа енгізілген кербез жүрісті жорға құстардың қаржыландырушы жақ тарапынан ауланбайтынына, дәстүрінен жаңылмайтын елдің дуадақтарға қыран құс салып, етін тұтынбайтынына сене қою да қиын. Қолда өсірілген құстың еті жабайы өскен түрімен салыстырғанда дәмді болмайтыны тағы бар. Осы себепті де біздің сайын далаға дуадақтарын тарқатып жатыр ма деген ой келеді.

Араб халқы  осыдан мыңдаған жыл бұрын дуадақтарды есепсіз аулаған
Араб халқы осыдан мыңдаған жыл бұрын дуадақтарды есепсіз аулаған

Айтпақшы, Бәйдібек ауданында дуадақ өсіретін тәлімбақта жылына 5000 дуадақ өсіріледі деп жоспарланған болса, енді бұл жоспарды 10000-ға жеткізу туралы шешім қабылданыпты. Әзірге бұл тәлімбақ құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Жоба толықтай жүзеге асқан соң дала бишілері өз жерімізде өсіріліп, сайын далаға жіберілетін болады.

Жәнібек НҰРЫШ

Related posts

Пікір қалдыру

1 пікір - "Арабтар дуадақты ату үшін өсіре ме?"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын
Араб халқының миллиондаған қаржы құйып, дуадақтарды Қазақстан жеріне таратып, санын арттыруы қуантады. Алайда, осынау Қызыл кітапқа енгізілген кербез жүрісті жорға құстардың қаржыландырушы жақ тарапынан ауланбайтынына, дәстүрінен жаңылмайтын елдің дуадақтарға қыран құс салып, етін тұтынбайтынына сене қою да қиын. Қолда өсірілген құстың еті жабайы өскен түрімен салыстырғанда дәмді болмайтыны тағы бар. Осы себепті де біздің сайын далаға дуадақтарын тарқатып жатыр ма деген ой келеді. ********************************************* Бізде солай ойлаймыз. Тексізденген арабтарға ешқашанда сенуге болмайды. Бұлар Исламға дейін арам өлген малдардың етін жеген. Туылған қыздарын тірідей жерге көмген. Ағайынды ерлері бір – бірінің әйелдеріне “шабуылдаған”. Исламның арқасында ғана өркениетке жетті. Соның өзінде қасиетті… Ары қарай оқу »
wpDiscuz