«Батырлар зираты» қашан жөнделеді?

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ерлердің есімін мәңгілік есте сақтайық. Осылай ұрандатқан «Отандастар» қоғамдық бірлестігі қаладағы Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлердің бейітін қорғауға тиісті көңіл бөлмей отырғанын айтады.

Айналасын қоқыс басып, қоршауы бүлінген бұл зират – шаһардағы «Батырлар зираты». Мұнда бір кездері Отаны үшін кеудесін оққа тосқан 53 жауынгер жерленген. Екеуі – Кеңес Одағының батыры. «Отандастар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Подвиг осы зиратқа келген сайын мола маңындағы бүгінгі ахуалды көріп, іштей қынжылады. Айтуынша, бұл мекенді қайта жөндеуден өткізіп, күту керек. Сонда ғана келешек ұрпақ кешегісін ұмытпайды. Ол үшін бірлестік жетекшісі 10 миллион теңге қажет дейді.

батырлар зираты

Александр Подвиг, «Отандастар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі: «10 миллион теңге – бұл ең төмен сома. Негізінен, бастапқы жоба бойынша мұнда 2 түрлі баға ұсынылған. Қайта жөндеуді табиғи таспен жасау үшін 28 миллион теңге қажет еді. Ал жасанды тасқа 10 миллион теңге жетеді.»

«Ешкім де ұмытылмайды». Қаза болған батырлардың мәңгі есте екенін дәлелдеу үшін Еңбекші аудандық әкімдігі бас болып, оқушылармен бірге зират маңын тазалады. Сенбілікке қатысқан «Спецавтотранспорт» мекесінің жұмысшылары да мола маңын ретке келтіріп, қоршауын бояды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=QSmjbbqooVo[/youtube]

Алайда, «Отандастар» қоғамдық бірлестігі жетекшісінің сөзінше, сенбілікпен бүлініп бара жатқан ескерткіштерді сақтау мүмкін емес. Сөзіне сенсек, 2014 жылдың қаңтар айында моланы қайта жөндеуге бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралып жатқаны айтылған хат алған. Тіпті, бұл маңды ескерткіш мемориалына айналдыру жобасы туралы арнайы сайт та бар. Дегенмен, шаһардағы «Батырлар зираты» болашақта қалай өзгерері сессияда сөз сөйлейтін халық қалаулыларына байланысты болмақ.