Жаңалықтар 

«Біздің түбімізге тендер жетеді»

Анарбек ОРМАН,  «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің  бас директоры
Анарбек ОРМАН,
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің
бас директоры

– Анарбек Оңғарұлы, сіз жуырда Австрия еліне барып келдіңіз. Осы сапарыңыз туралы айтсаңыз. Ол жақта ауызсу мәселесі қалай шешілген?

– Бұл шараны Австрия елшілігі ұйымдастырды. Наурыз айының 2-12 жұлдызы аралығында өткен бұл басқосуда Еуропа мемлекеттерінің су арнасы мамандары қатысты. Бұл елдерде су жүйесін басқару, оны пайдалану жақсы дамыған. Әсіресе, су тазалығын реттеу жұмыстарына көңіл толады. Тұтынушының есеп айырысу тәсілі де үлгі боларлық. Австрияның қолданысындағы ультрадыбыстық есептеуіш құралдарының өлшеу қабілеттілігі жоғары. Мәселен, абоненттік есептеуіштердің көрсеткіші су таратуды бақылайтын мекеменің орталық компьютерлік базасында орнатылған. Тұтынушы пайдаланған суына лимитті карта арқылы есеп айырысады. Келісім-шартта көрсетілген уақытта су таратушы мекеме пайдаланылған судың мөлшеріне қарай картадан тиесілі ақысын алып отырады. Уақытылы есеп айырыспаған тұтынушының суы база арқылы өшіріледі. Біздегідей бақылаушылар мен жұмысшылар абоненттің үйіне барып әуре болмайды. Судың сапасын қадағалау да жақсы жолға қойылған. Кәсіпорындарда суды тазалайтын қондырғы мен оның сапасын бақылайтын база орнатылған. Компьютерлендірілген аппарат судың химиялық, бактериялық тазалығын, сапасын бақылайды. Суды үнемді пайдалануға келер болсақ, бұл мемлекетте суды тазалайтын арнайы мекемелер, лабороториялар жұмыс істейді. Тазартылған су құрылысқа, өзге де шаруашылық мақсаттарға жұмсалады. Еуропа елдерінде су жүйелерін жөндеу жұмыстарының атқарылуы да бізді бей-жай қалдырмады. Әсіресе, матадан жасалған құбырлар қатты қызықтырды. Бізде құбырларды жөндеу көп уақытты алады. Шығыны да жетерлік. Жер қазылып, тұрғындардың наразылығын тудырып жатады. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерге тіпті көлік кіре алмай, халық әбігерге түседі. Ал австриялықтар мұны оп-оңай шешкен. Жиналмалы матадан жасалған құбырды кәдуілгі пластикалық құбырдың ішіне орнатып, арнайы аппаратпен үрлейді. Тесілген құбырлар осылай жамалады. Алдағы уақытта шетелдік әріптестермен бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласып қайттық. Тың жүйелерді бізге де енгізетін уақыт жетті. Тек мемлекеттен қолдау күтіп отырмыз. 

– Оларда судың бағасы қанша екен? 

– Біздегіден әлдеқайда қымбат. Біздегі орташа тариф – 60-80 теңге болса, Австралияда – 2 евро, яғни, 500 теңгеге тең. 

– Судың осы нарқын қымбатсынып отырған тұтынушылар да аз емес. Өзіңіз айтқан жаңаша жүйелерді енгізсек, тіршілік нәрінің құны тіпті аспандап кетпей ме? 

– Тұтынушының қауіптенетіні осы – тариф. Бірақ, алдағы уақытта суды үнемдеу және оны құнттап жұмсау бізді осындай тәсілдерді қолдануға алып келеді. Қазір бәрі қымбат. Себебі, үстіңіздегі киіміңіз бен жеп отырған азық-түлігіңіздің бәрі шетелден келеді. Барлығы үстеме бағамен жеткізіліп жатыр. Біздің тұтынып жүрген заттарымызды олар әлдеқайда арзан бағаға алады. Себебі, өнім өздерінен шығып отырған соң, экспорттаушы мемлекеттің халқына тауар арзанға түседі. Бізге жеткенше бірнеше есе үстемеленеді. Амал жоқ, аламыз. Рахатымызға жұмсап отырған соң коммуналдық қызметтерге де төлеуіміз керек. Себебі, табиғи қуат көздері сарқылып барады. Сондықтан, оны тұтынушыға қажетті деңгейде жеткізіп беру үшін өңдеу, жүйелеу жұмыстарына айтарлықтай шығындалуға тура келеді. 

– Шығындарды азайтудың жолы қайсы? 

– Егер, біз жоғарыда айтқан заманауи технологияларды шетелден алдыртатын болсақ, онда біз солардың пайдасына жұмыс істейміз. Бар қаржымызды соларға саламыз. Ал, ондай өнімдерді өзімізде шығарсақ, біздің шығынымыз азая түседі. Және қаншама қаржымыз өзімізде қалады. Егер істің көзін тапсақ, экспорттауға да қол жеткіземіз. Мұндай жобалар елге қомақты табыс алып келеді. Сол үшін мемлекет нарыққа қажетті осындай жобаларға кәсіпкерлерді ынталандыруы керек. Қазір, қалтасында қаржысы бар талай аптал азаматтар немен айналысарын, қаражатын қай бизнеске саларын білмей жүр. Оларға бағыт-бағдар беруге жарамай жатырмыз. Бізде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге нақты «мына жоба нарықта сұранысқа ие, табыс алып келеді» деп бағыт-бағдар сілтейтіндер жоқ. Іс бастағысы келетін қолында қаржысы жоқ азаматтың күйі тіпті бөлек. Ынталы азаматтарға қалай көмектесеміз? Алдымен, нақты жоба ұсынып, несие беруіміз керек. Біздегі несиелерді білесіз, пайыздық үстемақысы аспандап тұр. Мәселен, біз 2008 жылдан бері Еуропалық даму банкімен жұмыс істеп келеміз. Банк несиені 5,5 пайызбен береді. Ал отандық банктердегі несиенің пайыздық үстемақысы – 14-25%. Қоры жоқ кәсіпкерге осы несие қолайлы ма? Әрине, жоқ. Болмаса, дамыған мемлекеттердегідей 30% субсидия берсін. Болмаса, шетелдің инвестиция көздерін тартайық. Егер мемлекет кепілдік берсе, олар кетәрі емес. Мұндай батыл қадамдарға баруға қаржының құлағында отырған кейбір мықтылардан аса алмай отырмыз. Қаржылық қиындықтарды айтпағанда, қазір тым болмағанда кәсіпкердің ыңғайлы жұмыс істеуіне де жағдай жасай алмай отырғанымызды несіне жасырамыз? Қайсысымыз қай кәсіпкердің жоғына құлақ асып отырмыз, айтыңызшы? Суын да тартқызып, газы мен жылуына да жүгіріп, жарығын да қосып алып, тіпті байланысын да реттеп жүрген кәсіпкердің өзі. Кәсіпкер мұндай жұмыстармен шапқылап жүргенде оның шаруасын кім атқаруы керек? Құжаттама жұмыстарының машақатының өзі атан түйеге жүк боларлық. Осындай шаруасы басынан асып тұрғанда, ол қай уақытта қолға алған ісіне кіріседі? Бұдан бөлек, бізде қосымша құн салығы деген бар. Ол қайдан шыққан салық? Мәселен, Қытайда мұндай салықты отандық тауарды экспорттап отырған кәсіпкерге мемлекет төлейді. Ал бізде керісінше. Жалпы, мен бүгінгі кәсіпкерді батыры деп білемін. Бүгінгі заманның батыр кім десе, кәсіпкерді көрсеткен болар едім. Біздің елде кәсіпкерлікті тек батыл, өлермен адамдар ғана іске асыра алады.

– Пікіріңізбен келісемін. Тақырыбымызды жалғастырсақ, өзіңіз ат ізін салып қайтқан Австрия халқы 100 пайыз ауызсумен қамтылған ба? 

– Иә, ондағы барлық үй толықтай ауызсумен, кәріз жүйелерімен қамтылған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жеке үйлердің 15 пайызында ғана кәріз жүйелері орнатылған. Ауызсу мәселесі де күрмеулі күйінде қалып отыр. Себебі, жүйелі жұмыс жоқ. Біз алдымен жерді халыққа бөліп береміз, коммуналдық қызметтерін кейін жеткіземіз. Онда да халықтың әбден жүйкесін тоздырып, шыдамын тауысып болған соң ғана қимылдаймыз. Біздегі мемлекеттік органдар құжатты құнттауды ғана біледі. Халықтың жағдайына бас ауырта бермейді. Мәселен, айталық әкімшіліктің есептік құжаттарында қаланың іргесіндегі Бадам-1,2-3, Құрсай, Бозарық — 1,2,3 елдімекендеріне ауызсу тартылғаны көрсетілген. Шындығына келгенде, 2013 жылы ауызсу жеткізілген деп есептелген Бадам-1,2,3 пен 2012 жылы ауызсумен қамтылған деп көрсетілген Бозарық – 1,2,3 пен Құрсай елдімекендерінде тұратын халық әлі күнге суға зар болып отыр. Бұл не деген сұмдық? Мұның бәрі тендер деген пәленің кесірі. Жұмысты өздері тапсырып, өздері қабылдап жіберген пысықайлардың ісі. Біздің түбімізге әлі осы тендер жетеді. 

Баяғыда басында дауы бар біреу биге барып, «менің сөзімді сөйле» деп 40 ділдә беріпті. Дау шешілер мәслихатта бидің әрекеті ділдә берген тарапқа қарсы шыға берсе керек. Сонда жаңағы күйініп, әдейі 40 ділдәні есіне түсіргісі келіп: «Биеке, қырқып-қырқып сөйлесеңізші енді» десе де болмайды. Сөйтсе, би «жүзден аса алмай отырмыз ғой, Жүзден, не дейсің» деген екен. Сөйтсе, бидің шешімі 100 ділдә берген қарсылас тарапқа қарай ығысқан екен. Сол сияқты тендер «биді» де әділ сөйлетпей қойды… Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық барлық жерде өз кесірін тигізіп жатыр. Жергілікті билік, тәжірибесі болмаса да бүгін бар, ертең жоқ компаниялармен жұмыс істеуге мүдделі. Мәселен, құбыр орнатумен айналысатын жекеменшік компанияларды апатты жағдайда таба алмай қаласың. Орнатқан құбырлары тесіліп, су жүргізуге жарамай жатады. Бұл жұмыстарды біздің мекеме де атқара алады. Неге сеніп тапсырмасқа? Ақыры, су арнасын реттейтін мекеме болған соң суға қатысты мәселелердің жауапкершілігін бізге артсын. Түптеп келгенде, мемлекет қаржысы мақсатты жұмсалу қажет. Қазір ауызсуға бөлінген 6 миллиард теңгенің орнын таба алмай отырмыз. Талан-таражға түскен қаражатты дер кезінде мақсатты бағыттай білгенімізде қазір біраз елдімекен сумен қамтылып қойған болар еді…

– Ашық -жарқын әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz