Ескерткіш орнатуға кім рұқсат береді?

Оңтүстікте – 1217 ескерткіш бар. Оның 1005-і тарихи-археологиялық, 212-і сәулет ескерткіші. Республикалық маңызға ие – 33, жергілікті маңызы бар – 434. Ал, Шымкент шаһарында 20-дан астам ескерткіш бой көтерген. Олардың жергілікті маңызға ие, тарихи және мәдени ескерткіштер санатына кіретіндері – 8.

Ескерткіш орнатуға кім рұқсат береді?
Ескерткіш орнатуға кім рұқсат береді?

Сәуірдің 18-інде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні өтті. Осы ретте, Шымқаладағы бірқатар ескерткіштерді аралап көрдік. Қарап отырсақ, қалада бой көтеріп жатқан ескерткіштердің саны жыл өткен сайын артып келеді екен. Соның ішінде халық үшін қасық қаны мен ащы терін аямаған ата-бабаларымыз бен аға ұрпаққа орнатылған ескерткіштердің орны бір бөлек. Десек те, соңғы кездері тарихи тұлғаларды ардақтап емес, жүзге, руға бөліп, ескерткіш салу әдетке айналып бара жатқандай. Тіпті, тас мүсін салу бәрінен де оңайға айналған ба дерсің?! Ескерткішті кім, қалай орнатады? Бізді де қызықтырғаны осы еді. Мәселенің мән-жайын толығырақ білмек болып, кейіпкер кейпіне ендік.

017-016

Кез-келген тұлғаға ескерткіш орната алмайсыз

Осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған атама ескерткіш орнату мақсатында Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне телефон соғып, ескерткіш орнату үшін қандай құжаттарды жинау керектігін сұрадық.

– Ескерткіш орнату үшін ең бастысы жер телімің болуы тиіс. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктің рұқсаты мен тиісті мекемелерде сараптамадан өткен эскиздік жобаны да өзіңізбен бірге ала келіңіз, – дейді мамандар.

Әкімнен қандай рұқсат алуым керек? Эскиздік жоба дегеніміз не? Оны сараптамадан кім өткізеді? Жері жоқтар қайтеді деп абдырап қалдым.

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі, аумақтарда құрылыс салу секторының меңгерушісі Бағлан Балғынбаевқа жолықтық. Ол кісі менің заңдастырылған жер телімім болса да, ескерткіш сала алмайтынымды алға тартты. Өйткені, жері бар кез-келген адам өз бетінше ескерткіш орната алмайды. Ескерткіш орнату үшін ол тұлғаның елге, облысқа, қалаға (ауданға) сіңген еңбегі болу керек екен. Осылайша, жолымыз болмаған соң көңіліміз су сепкендей басылды.

Бағлан Балғынбаев, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің, аумақтарда құрылыс салу секторының меңгерушісі: 

– Шымкент қаласы бойынша 20 ескерткіш бар. Олардың барлығы дерлік жеке тұлғалардың өз қаражатына салынса да, қала меншігіне өткен. Сондықтан да, оларды қайта жөндеу, тазалау жұмыстарымен қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысады. Ол үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы да бөлінеді. Сол мақсатта биылғы жылы 20 млн теңге бөлініп отыр.

017-015

Орнатудың бір жолы…

Атамыз (шартты түрде) қарабайыр шаруаның адамы болған соң, оған ескерткіш орната алмадық. Кенет, Шымкенттегі көптеген ескерткіштерге қарап тұрып, Әйтеке бидің ескерткіші жоқтығын алға тартып, қазақтың үш биінің бірі ретінде неге оған ескерткіш орнатпасқа деген ой келді. Сәулет және қала құрылысы басқармасына қайта барып, тарихта ойып тұрып орын қалдырған Әйтеке биге ескеркіш орнатқымыз келетінін айттық.

– Өз жеріңіз болса да, қалалық әкімдіктен ескерткіш құрылысына рұқсат алыңыз. Кадастрдан жердің бос, не бос еместігі туралы анықтама алуды да ұмытпағайсыз. Одан соң, эскиздік жобаңызды дайындаңыз. Әйтеке би туралы қысқаша мәлімет жинаңыз. Құжаттарды тиісті мекемелердің сараптамаларынан өткізіңіз, – деді мамандар.

Осылардың бәрін жинастырдық делік. Сол оймен Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне бардық. Ондағы мамандар құжаттарымызды жергілікті Кеңеске ұсынатынын айтты. Кеңестің оң қорытындысы шыққан жағдайда, құжаттар ҚР Мәдениет министрлігінің жанынан құрылған ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияға жолданады екен. Бағлан Балғынбаетың айтуынша, комиссияның оң шешімі шыққан жағдайда ғана ескерткіштің құрылысын бастауға болады екен.

Ербол Алтынбек, ОҚО мәдениет басқармасы, тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау бөлімінің басшысы:

– Біздің бөлім 100 жылдық тарихы бар ескерткіштерді қорғау, сақтау, қайта жөндеу жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда облыста 1217 ескерткіш бар. Соның 1005-і тарихи-археологиялық ескерткіштерге жатады. Ал, қазіргі орнатылып жатқандар сәулет ескерткіштері. Олар қаланың көркіне көрік қосатынына сенімдімін. 

017-014

Жер телімі жоқтар қайтеді?

«Ал, жер телімі жоқтар қалай ескерткіш орнатады?», – дедік. Бағлан Сансызбайұлының айтуына қарағанда, ескерткіш құрылысы үшін қалада берілетін жер телімі жоқ екен. Десек те, бұл мәселенің де шешімін табуға болатын көрінеді. Мамандардың айтуынша, қалалық әкімдіктің рұқсатымен саябақтардағы бос жатқан жерге ескерткіш орнатуға әбден болады.

– Соңғы кездері Шымқалада батырларға арнап қойылған тас мүсіндер көптеп салынуда, – дейді қала тұрғыны Дүйсенғали Бахаров. – Бұл қуантарлық жәйт, әрине. Өйткені, ескерткіш – халықтың мәдени құндылығы. Десек те, ағаларымыз тас мүсін орнатқаннан гөрі, одан да өзекті мәселелерге көңіл бөлсе игі.

Шымқалада қазіргі таңда 55 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Бұл бөбекжай тапшылығын аңғартады. Ал, бос уақытын қалай өткізерін білмеген жас буын ойынханалардың есігін тоздыруда. Осы ретте, ескерткіш емес, халық игілігі үшін балабақша, спорт алаңдары мен аула клубтары бой көтерсе нұр үстіне нұр болар еді.

Түйін:

Ескерткіш орнату жұрт ойлағандай оңай шаруа емес екен. Рұқсат алу үшін бір күн емес, бірнеше ай керек сияқты. Түйгеніміз, қалтаңда қанша ақшаң болса да, «крышаң» мықты болмаса, әуре сарсаңға түсіп, әркімнің табалдырыған тоздырып, жүйкеңді жұқартасың.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ