Жаңалықтар 

Оңтүстіктің үздік қауіпсіз кәсіпорындары анықталды

Өндіріс орындарында жазатайым жағдай тыйылмай тұр. Оңтүстікте еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан жүзден аса оқыс оқиға тіркеліп, 112 адам зардап шеккен. Бір қуантарлығы — кісі өлімі тіркелмеген. Есесіне сал болып қалғандардың саны артқан. Десе де халықаралық еңбекті қорғау күнін атап өткен облыстық еңбек инспекциясы «Үздік қауіпсіз кәсіпорынды» анықтапты.

ОҚО бас еңбек инспекторы баяндама жасады
ОҚО бас еңбек инспекторы баяндама жасады

Өңіріміздің бас еңбек инспекторы жаға ұстататын жайттарды жария етті. Жалдамалы жұмысшылар арқылы баюды көздейтін кейбір кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігін ұмыт қалдырған. Былтыр мыңнан аса кәсіпорынды тексеріп, 2,5 мың заңбұзушылықты анықтапты. Әсіресе, Оңтүтіктегі құрылыс компаниялары жұмысшылардың өміріне бей-жай қарап, жалақысын төлемей келген бірнеше факт анықталған.

Жалақысын кешіктіру не болмаса мүлдем бермеу оқиғалары, көбінесе, құрылыс компанияларында кездеседі.  Жұмысшысына айлық беруді ұмыт қалдырған құрылыс компанияларында жазатайым оқиғалар да көп болады. Біразын жасырса, ендігісіне жұмысшыны кінәлап шығатын компаниялар көп екен. Бұл туралы республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институтының облысымыздағы филиал директоры мәлімдеді.

Елубай Махатов, респуликалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институтының ОҚО бойынша филиал директоры: «Бізде жұмысшыны кінәлау қалыптасқан нәрсе. Оның себебі — біріншіден, жұмысшының өз құқығын білмеуі, екінші, бақылаудың болмауы, үшінші оны оқытып, қауіпсіз жағдайларға үйретпеу.»

Үздіктер марапатталды
Үздіктер марапатталды

Дегенмен, еңбек заңнамасына жүрдім-бардым қарамайтындар да бар. Олардың алғашқы ондығы бүгін үздік деп танылып, арнайы грамотаға ие болды. Солардың бірі — Кентау трансформатор зауыты. Оңтүстіктегі үздік қауіпсіз кәсіпорындардың қатарындағы өндіріс орнында соңғы жылдары жазатайым оқиға тіркелмепті. Ең бастысы, еліміздің еңбек кодексіндегі талаптарды да бұзбаған. Бір мың бір жүз адам қызмет ететін зауытта еңбек қауіпсіздігін сақтау бөлімі арнайы жұмыс істейді екен.

Әділхан Исаев, Кентау трансформатор зауытының еңбек қауіпсіздігін сақтау бөлімінің бас маманы: «Біздің зауытта кейінгі кезде шетелдік құрылғылар қойылды. Оған мамандарды арнайы оқыттық. Бізде еңбек қауіпсіздігін сақтау, қорғау тегіс қамтылған.»

Ал үздік еңбекті қорғау қызметі номинациясын «Мастер строй» ЖШС жеңіп алса, үздік еңбекті қорғау инженері аталымымен үш бірдей қызметкер марапатталды. Олар «Шардара ГЭС», «Оңтүстік жарық» және «Оңтүстік цирк» мекемелерінде қызмет етеді.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz