Жаңалықтар 

Шымкент-Ташкент күре жолы шұрқ тесік

Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың біраз бөлігі жаңартылатын болады. Ал әзірге оның біраз бөлігінің бүгінгі халі сын көтермейді. Әсіресе,» Шымкент-Ташкент» бағытындағы  күре жол көлік жүргізушілері мен жолаушыларды титықтатып отыр.

Қыста тайғақ жолдан азап шеккендер енді шұрық тесік жолмен қатынап жүр. Әсіресе, Сарыағаш пен Ташкенттен Шымкентке әкелетін жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Жолдың шұңқыры жауын-шашында көрінбей, адам өміріне қауіп төндіруде. Осы жолмен жиі жүретін жүргізушілер діттеген жерімізге жеткенше жанымызды шүберекке түйеміз деп ашынады.

Күре жолдың сиқы мынау
Күре жолдың сиқы мынау

Райымбек Тұрғанбек, жүргізуші: «Көлік айдап жүргеніме 32 жыл болды. Салықтардың барлығын мерзімінде төлейміз. Алайда мына күре жол сол баяғы қалпында, қатынауға қауіпті. Неше жыл болды жөнделмегеніне? Әлі уәде беріп келеді жөндейміз деп, бірақ іс жүзіндегі көрініс — осы.»

Республикалық маңызы бар бұл жол аралығын күтіп ұстау «Қазавтожол» мекемесінің облыстық филиалының еншісінде. Жолдың нашар екенінен хабардар мамандар бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың барысын пысықтауда.

Нұрлан Қасымбаев, «Қазавтожол» РМК ОҚОФ директоры міндетін атқарушы: «Биыл шұңқырларды жамауды ерте бастадық. Жұмысты күре жолдың Шымкентке барар бөлігінде бастадық. Өйткені мұндағы жолда шұқыр көп. Биыл қыста қар қалың жауды.»

Шымкент-Ташкент бағытындағы екі жолақты күре жол 1976 жылы салынған. Тиісінше, пайдалану мерзімі әлдеқашан өткен. Сондықтан тозығы жеткен жолды кезегімен жаңалау ағымдағы жылдан басталмақ.

Нұрлан Қасымбаев, «Қазавтожол» РМК ОҚОФ директоры міндетін атқарушы: «Лоттар бойынша конкурстар өтті. Жеңімпаз атанған шетел компаниялары жолды салады. Құрылыс кезеңімен өтіп, 2016 жылы аяқталмақ.»

Таяуда Гагарин, Сарыағаш жолындағы шұңқырларды жамау жұмыстары аяқталмақ. Сонымен қатар, Шымкенттегі айналма жолдың құрылысы, Түркістан-Кентау аралығындағы 26 шақырым жолды ретке келтіру жұмыстары қолға алынбақ.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz