Жаңалықтар 

Жағажайлықтар өлексенің «сорпасын» ішіп отыр

Мақтарал ауданы Жолдасбай Ералиев ауылдық округіне қарасты Жағажай ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр. Бұл елді мекен тіпті, Кеңестік кезеңде де тіршілік нәріне қол жеткізе алмаған екен. Кейіннен еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеген соң жергілікті жұртшылық әкімдікке арызданып, сан мәрте барған.

"Келешекте барлық елді мекендерді дамыту, 2015-2018 жылдарға арналған  бағдарламаны жасап жатырмыз..."
«Келешекте барлық елді мекендерді дамыту, 2015-2018 жылдарға арналған  бағдарламаны жасап жатырмыз…»

2012 жылы билік ауыл маңынан ащы су шығарып, оған арнайы құрылғы қойып, халыққа литрін 1 теңгеден сатқан көрінеді. «Алайда, ол қуанышымыз да көпке созылмады.  Енді өлік сасыған ауыл маңындағы дария суын ішуге мәжбүрміз» дейді халық. Дария суын ішемін деп ауыл тұрғындарының біразы ауруға шалдықса керек. Жасөспірімдердің бетіне жара шығып, қолдары жарылып кетіпті.

Ауыл тұрғыны Нархал Беркінбаева «Балам да, қызым да осы көлден су ішкелі бері операция болды. Екеуі де ауруханаға жатып, емделді. Бұл жерде бір медпункт те жоқ», – деп ашынады. Сонымен қатар мұндағы Достық көшесімен қыстыгүні көлік түгілі жаяу жүргінші де жүре алмайды. Ал балалардың мектепке баруы мұң. «Бала-шағамыздың төменгі сыныпта оқитыны, 1-сыныпта оқитыны бар. Жауын-шашында мектепке дейін көтеріп алып келеміз, көтеріп алып кетеміз. Есіктен шықсақ, құлайды. Қашанғы балаларды көтеріп жүреміз?», – дейді жағажайлықтар. Ал құрғақ уәдеге қарық қылғыш жергілікті биліктің ертеңі таусымайды. Тіпті ауыл әкімі бұл жерлерден көшуге кеңес беріпті. «Әкімге барсақ, «ауылдарыңның болашағы жоқ» деп айтады. Қалай кетеміз? Осы жерде тұрып үйреніп қалғанбыз. Малға жайлы. Бұл ауылдан кеткіміз келмейді», – дейді Жағажай ауылының тұрғыны Гүлзира Зораева.

Бағдат Оспанов, Жолдасбай Ералиев ауылдық округі әкімінің орынбасары: 

– Бізде Ералиев ауылдық округінде ондай болашағы жоқ елді мекен жоқ. Ондай елді мекен болмаған. Келешекте барлық елді мекендерді дамыту, 2015-2018 жылдарға арналған  бағдарламаны жасап жатырмыз. Жағажай елді мекенінде туризмді дамытуды қолға алайын деп отырмыз.

– Дариядан су ішіп отырмыз. Бұл жерде мал да, адам да, тіпті ит пен қой да өліп жатыр, – дейді ауыл тұрғыны Қалдыбай Сахов. – Сол өлік толы өзеннен су ішуге мәжбүрміз. Ішкеннен, міне, көріп тұрсыңдар, бала-шағаның, тіпті, біздің де бетімізде жара, қолдарымыз жарылып кеткен. Ол суды ішуге болмайтынын білеміз. Бірақ, басқа амал бар ма?!

Ауыл әкімдігінен «Жағажайдың жолы жоспар бойынша 2016 жылы жөнделеді. Ал ауызсуды көрші Көктөбе елді мекенінен тартатын боламыз. Құбырдың ұзындығы 5 шақырым болады. Қазір құжаттары дайындалуда» деген жауап алдық.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz