Жаңалықтар 

Құрлық ауылында заманауи мектеп бой көтерді

Оқу жылы аяқталғанда жаңа мектеп іске қосылды. Ондағы дәріс қыркүйекте басталмақ. Мұндай қуаныш Құрлық ауылы оқушыларының маңдайына бұйырды. Осы уақытқа дейін үш ауысымда әрі ескі мектепте білім алып келген балалар бұйыртса енді жаңа оқу жылын заманауи үлгіде бой көтерген екі қабатты мектепте бастайды.

Биылғы мектеп бітіруші түлектерге жаңа мектептің партасына отыру бұйырмады. Ауылдағы жаңа мектептің тұсауы олардың ескі әрі тар мектеппен қоштасар сәтінде кесілді. Десе де биылғы бітірушілер өздері болмаса да іні-қарындастары заманауи үлгіде салынған оқу ордасында білімдерін жалғастыратындарына қуанышты.

Күнбибі Мұрат, бітіруші түлек: «Біз барлығымыз ескі мектепте оқыдық. Бұл мектепті қашан ашылады екен деп күттік. Енді біз оқымасақ та мектеп ұстаздарының, мектептің абыройын асқақтатып жүреміз. Осы мектепті бітірдік деп мақтанамыз.»

Алыстан көз тартатын екі қабатты мектеп 200 оқушыға арналған. Бірінші қабатына бастауыш сыныптар, екінші қабатына жоғары сынып оқушылары жайғасады деп жоспарланыпты. 26 сынып бөлмесімен қоса спорт залы, асханасы да соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Өткен жылдың сәуір айында құрылысы басталған мектеп аудандық бюджеттен қаржыландырылған. Оған 366 миллион теңге жұмсалыпты.

Уәлихан Қайназаров, Сайрам ауданының әкімі: «Бұл мектептің қаладағы оқу ордаларынан айырмашылығы жоқ. Типтік мектеп. Барлық жағдайы жасалған. Мұндағы мақсатымыз — шағын ауылдардың еңсесін көтеріп, білім сапасын жақсарту.»

Ауыл тұрғындары жаңа мектептің ашылу салтанатына көп жиналды. Балаларының типтік мектепте оқитындарына қуанышты.

Гүлжазира Байдеуова, ата-ана: «Бұрын ескі мектепте тарылып, үш ауысымда оқыды балалар. Бүгін жаңа мектепті пайдалануға берді. Өте қуаныштымыз. Спорт залдары іште, акт залдары үлкен.»

Жаңа мектептің партасына Қайнарбұлақ ауылындағы Құрлық елдімекенінің балалары үш айдан соң отырады. Оған дейін мектептің ұсақ-түйек кем-кетігі жөнделеді.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz