Жаңалықтар 

Қала әкімі ардагерлерге дастархан жайды

Шымкенттің әкімі “Алтын сарай” салтанат сарайына Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жинап, дастархан жайды. Тоқсанды алқымдаған ардагерлерге арналып, соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Жастық шағын еске алған олар би билеп, жиналғандарға керемет көңіл-күй сыйлады.

Жастық шағы сұрапыл соғыспен қатар келген кешегі солдат, бүгінгі ардагер қарт ешнарседен қамықпайды. Қарттық келсе де көңілдері жас. Жеңіс күнінде ғана емес, әр күні билеуге әзір. Салтанатты сарайдағы жиын әдеттегіден өзгерек басталды. Соғыс жылдарындағы ән шырқала басталғаны сол еді, ардагерлер ортаға шығып, биледі. Жастары тоқсанды алқымдаса да, ырғаққа ілесіп, бидің ұмыт қалған ирімдерін көрсетті.

Әдеттегіден өзгерек сценариймен өрбіген басқосуды ардагер аталар бірден байқапты. Ұлы Отан соғысының ардагері Шәмші Абдуллаев жеңістің 69 жылын тойлап жүріп, өзінің жауынгер құрдастарының дәл бүгінгідей ашық-жарқын отырғанын бірінші рет көріпті. “Қуанғанымнан билеп жібердім. Қарасам, бәрі билеп жүр. Айналамызда әкімдіктің жас қыздары билейік деп жүр. Оларға құдай біздің жасымызды берсін, елімізде тыныштық болсын!” деп қосты қария.

Қала әкімдігі жайған салтанатты дастарханға 90-ға жуық соғыс ардагері мен 200 тыл ардагері, жетпіске жуық ауған соғысының ардагері келді. Бәрінің көңілі көтеріңкі, жауынгер достарын көріп, жастық шақты еске алды. Қойылып жатқан концертке ден қоймастан, сыр шертісіп жатқандар көп болды. Кеуделері медальға толы ардагерлерге биыл қомақты сыйақы берілді. Айта өтейік, шымкентте 226 ҰОС-ның ардагері өмір сүреді.

Солардың бірі Сүлейман Жаңбырбаев 1941 жылы 21 жасында соғысқа аттанған. “Қызыл жұлдыз”және “Жуков” орденінің иегері. Атқыштар дивизиясында болып, жараланса да еліне жеңіс сыйлау үшін барын салыпты. “Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Халық қырылды. Ашаршылыққа ұшырады. Мұның бәрі оңай тірлік емес. Неміс жеңемін деп ұрыс ашты, ақырында жеңіліп тыңды” дейді ардагер.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі: “Жергілікті бюджеттен әр ардагерге 111 мың теңгеден беріледі. Яғни, соғыс ардагеріне және жесірлеріне 111 мың теңгеден көмек беріледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің көмегімен әлеуметтік қамсыздандыру шаралары жасалып, көмек көрсетіліп жатыр.”

Жиыннан көтеріңкі көңіл-күймен қайтқан ардагерлер бірін-бірі қимай қоштасты. Ал келе алмағандарға қала әкімінің сәлемдемесі бірер күнде жетеді дейді ұйымдастырушылар.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz