Жаңалықтар 

Қауын шыбынынан арылудың жолы бар

22-008Қазақстанда 2005 жылдан бастап карантиндік нысан болып есептелетін қауын шыбынымен күресуге қажеттілік туындады. Бұл зиянкес өзінің биологиялық ерекшеліктеріне байланысты өте қауіпті және жойылуы қиын зиянкестердің бірі болып табылады. Ауа райы жағдайына байланысты бір ұрпағының даму кезеңі 30-45 күнге созылады және жылына 2-3 ұрпақ беріп дамиды.

Қауын шыбыны бақша дақылдарының барлығын, оның ішінде көбінесе қауын, қарбыз және қиярды залалдайды. Негізінен бақша дақылдарына қауын шыбының дернәсілдері көп залал келтіреді. Осы дернәсілдер бақша дақылдарының етті шырынды қабатымен және ұрығымен қоректенеді. Залалданған жемістері шіриді және жеуге жарамсыз болып қалады.

Қауын шыбыны ауаның орташа тәуліктік температурасы +20С болғанда, қауын гүлдеп, түйнектей бастағанда ұша бастайды және өмір сүру мерзімі 2 ай. Аналығы ұшып шыққаннан кейін 7-8 күн өткен соң көлемі 3-4 см болатын жас түйнектердің қабығының астына 1-2 жұмыртқадан, ал зиянкестің сан деңгейі көп болған жағдайда бір түйнекке 60-70 жұмыртқадан қояды. Бір аналық 120-180 данаға дейін жұмыртқа салады. Ересек қауын шыбыны залалданған жерден шыққан жеміс шырынымен қоректенеді және таңертеңгі уақытта белсенді қозғалыста болады, кешке қарай шыбын жапырақтың астында қимылсыз отырады.

Күрес шаралары: Бізде карантиндік нысан болып есептелінетіндіктен алдымен карантидік шараларды ұйымдастыру: осы зиянкестің шыққан жерлеріне карантин қою және осы зиянкестің шыққан егістігінің маңайында 500-1000 метрге дейінгі жерде бақша дақылдарын ектірмеу. Осы аймақтан шыққан өнімдердің басқа ауыл округтеріне, аудан арасында, облыс арасында және басқа да жерлерге тасымалдауын болдырмау мақсатындағы іс-шараларды іске асыру.

Агротехникалық: Ерте пісетін және өзінің тұтынуы үшін егілген бақша дақылдары (әңгелек, қауын, жазғы уақытта) пісіп жиналып алынғаннан кейін және тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының басында түйнектеген бақша дақылдары толық пісіп үлгермейтіндіктен, осы түйнектерде зиянкестің дернәсілдері болатындықтан, күзде егістіктегі бақша дақылдарының түйнектерін түгел жинап, 80-100 см топырақ қабатына көміп тастау, қыстаушы қуыршақтарының жемістердің айналасында 5-30 см диаметрде және 3-15 см тереңдікте болатындығын ескере отырып жазда ерте пісетін бақша дақылдары егілген жерлерді, күзде қараша айында бақша дақылдары егілген жерлерде 20-30 см тереңдікте сүдігер (зябьлевая вспашка) жырту және 20-25 күн өткен соң көп көлемде суғару. Суғару нәтижесінде қуыршақтардың бір бөлігі жер бетіне шығып қалады, оны құстар жейді. Пленка астына ерте пісетін бақша дақылдарын егу.

Химиялық: Химиялық препараттар ересек шыбындарға қолданылатындықтан бақша дақылдары гүлдей бастағанда алғашқы дәрілеу жұмыстары жүргізіледі, кезекті дәрілеу жұмыстары 10-12 күн аралығында қайталанып жүргізіліп тұруы тиіс. Маусым ішінде 4 ретке дейін дәрілеу жүргізіледі және дәрілеу жұмыстары таңертең сағат 5.00-8.00 аралығында жүргізілуі тиіс. Қолданылатын препараттар: Нурелл-Д 0,5-0,7 л/га, Гурел-Д к.э, 0,5-0,7 л/га; Коралл-Д к.э. 0,5-0,7 л/га, Комбат 550 к.э. 0,5-0,7 л/га және т.б.

Лашын БАЛАБЕКОВ,

«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» ММ ОҚО филиалының карантин саласы бойынша агрономы

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz