Қоқысқа толған балалар алаңшасы

482
Күл-қоқыс

«Балаларымыз бүгінде әткеншекпен емес, күл-қоқыспен ойнайды!» Қаламыздағы Бауыржан Момышұлы даңғылы бойындағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп шағымданып отыр. Айтуларынша, 8 айдан бері үй алдындағы балалар алаңшасының орнына қоқыс жәшіктері жайғасқан.

Күл-қоқыс

Алыстан көзге ұратын мына күл төбе (суретте), негізі, балалардың ойын алаңы. Бүгінде орнына қоқыс үйіліп, оған бүлдіршіндер үйір болыпты. Басқа емес, батыр Бәукеңнің атындағы көшедегі осы көріністен мезі болған тұрғындар қоқыстың қолқаны қабатын иісін айтпағанның өзінде оның жиі өртене беретінінен қауіптеніп отыр.

Көпшілік 8 айдан бері қоқыстан көз ашпай отырмыз деп шағымданды

Загиф Ахмадиев, Б.Момышұлы көшесі, №4 үйдің тұрғыны: «Қазан айында біздің ауланы уақытша сұрады. Ол кезде қоқыс жәшіктері С.Сейуллин атындағы халықтар достығы үйінің маңында тұратын. Онда құрылыс жұмыстары жүретін болған соң, келістік. Қазір құрылыс аяқталды ғой. Енді неге алмайды? Не бассыздық бұл? Қоқысты тазалайтын мекемелер не істеп отыр?»

Қоқыс жәшікке сыймай жатыр
Қоқыс жәшікке сыймай жатыр

Б.Момышұлы даңғылының көпқабатты үйлеріне қызмет көрсететін «Орион жаңа технологиялар» ЖШС-нің
басшылығы жағдайдан хабардармыз деп отыр.

Жұмабек Исмаилов,»Орион жаңа технологиялар» ЖШС-нің директоры: «Біз тұрғындардың қазіргі жағдайын түсінеміз. Бірақ, біз тек қоқысты жинап, оны межелеген орынға тасымалдауымен ғана айналысамыз. Ал үйінділерге келетін болсақ, ол мереке күндері жинақталып қалған болуы керек. Кешірім сұраймыз. Бірақ бұл олқылықты алдағы күндері жоямыз.»

Бұл қоқыс үйіндісі жойылғанымен, балалар алаңшасы тазаратынына кепіл жоқ. Өйткені, Әл-фараби ауданы әкімдігінің мамандары қоқыс жәшіктерінің орын ауыстыруын қадағалағанымен, әзірге мұны қояр орын жоқ деп түсіндірді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=gr8MZeEB–k[/youtube]

Марат Тәжібаев, Әл Фараби ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы: «Қоқыс алаңшасын басқа жерге ауыстыру немесе алып тастау мәселесі комиссия құрамының шешімімен жүзеге асады. Ол құрамда қазір Шымкент қалалық ТҮКШ, қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары және біздің Әл-фараби аудандық әкімшілік, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының өкілдері, құрылыс және сәулет бөлімі бар. Осы мамандар мәселені қарайды. Проблеманы бірлесе шешуге тырысамыз.»

Шенеуніктің шұбалаңқы жауабынан мәселе де аш ішекше шұбатылып кететін түрі бар. Б.Момышұлы көшесінің бойындағы №4 үйдің кішкентай бүлдіршіндері жуырда асыр салып ойнап, әткеншек тебетін күн алыс емес деп сенейік.