Жаңалықтар 

Ұлттық бірыңғай тестке санаулы күн қалды

Биыл ҰБТ маусым айының екінші жұлдызынан оны аралығында өтеді. Сынаққа санаулы күн қалды. Осыны ескерген облыс әкімінің орынбасары дайындықты бір пысықтап алды. Онысы дұрыс-ақ екен, әлі күнге дейін талапкерді тест тапсыру пунктіне тасымалдауға қаржы бөлмей, бейқам отырған аудандар бар болып шықты. Одан бөлек, ҰБТ тапсырудан биылғы түлектің қырық пайызға жуығы бас тартып отырғаны мәлім болды.

Биыл Оңтүстік мектептерін 32 860 оқушы бітіреді. Оның 18 976-ы ҰБТ тапсыруға ниетті. 16 мың түлек емтиханды қазақ тілінде тапсырса, екі мыңы орыс тілінде тест тапсыруға бел байлап отыр. Ал өзбек мектептерін бес мыңға жуық бала бітірсе, солардың тек 355-і ғана ҰБТ тапсырады екен. Қуантарлық көрсеткіш емес. Ал Арыс, Сарыағаш, Ордабасы,Мақтаарал аудандарында ұлттық бірыңғай тест тапсырудан бас тартқан оқушылар көп.

Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Оқушылар ең төмен қатысатын көрсеткіш болса, ренжімеңіздер деп айтқан болатынбыз. Қазығұрттан бастап, Мақтааралға дейін көрсеткіш төмен. Былтырғыдай анау болды, мынау болды деген сылтау болмайды. Білім бөлімінің басшысынан бастап, әкімнің орынбасарларына дейін шара көреміз.»

Ал Шымкент қаласына қосылған ауылдардағы бітіруші оқушыларды тест тапсыру орындарына жеткізу үшін қаржы бөлінбепті. Бұл мәселе маусым айының біріне дейін шешіледі деп отыр облыстық білім басқармасының басшысы.

Былтырғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша төменгі көрсеткішті Шардара, Төлеби, Қазығұрт, Созақ аудандары көрсеткен болатын. Және ҰБТ-дағы тәртіпсіздік те осы аудандарда орын алды. Тест өтетін ғимараттарда ұялы байланыс толқынын өшіріп тастайтын қондырғылардың әлсіз болуынан талапкерлер ұялы телефонды емін-еркін пайдаланып, ереже бұзған. Сондай-ақ, ҰБТ-ны екі-үш сағатқа кеш бастағандар да кездескен.

Биыл маусымның екісінен басталатын ҰБТ 16 жерде өтеді. Облыс бойыша 194 аудитория бөлініп, ұялы телефонның толқынын өшіретін 195 құрылғы қаралып отыр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz