Өзеннің тасы талан-таражға түсіп жатыр

818
Келес өзенінің шағал тастары заңсыз тасымалданып жатыр

Дәніккеннен құныққан жаман. Келес өзенінің шағал тастары талан-таражға түсіп кеткен. Өзен тасын бас пайдасына айналдырып алғандардың заңсыз әрекетінен құзырлы органның мамандары бейхабар. Ол аздай, ауыл қырының құмына да тыныштық жоқ.

Келес өзенінің шағал тастары заңсыз тасымалданып жатыр
Келес өзенінің шағал тастары заңсыз тасымалданып жатыр

Сарыағаш ауданындағы Ораз ата ауылы Келес өзенінің бойында орналасқан. Қазығұрт тауынан бастау алатын тұнық өзен Сырдарияға жеткенше қап-қара болып құяды. Жол-жөнекей әлдебір пысықайлар су арнасының ұлтаны мен жағасынан шағал тастар алып, бас пайдасына жаратып жатыр. Өкініштісі сол, «Қой»дейтін қожа табылмай тұр.

Мырза Құрманбеков, Ораз ата ауылының тұрғыны: «Жолдың бәрі шаң. Малдың бәрі ауру. Ешқандай қадағалау жоқ. Айтқанымызбен, басшылардың ешқайсысы тыңдамайды.»

Келес өзені бойындағы заңсыз әрекетке біз де куә болдық. Су арнасының ұлтанын ауыр техника алаңсыз қазып жатыр. Алынған шағал тастарды жүк көлігіне артуда. Ол жүргізуші олжаны өзге біреуге сататын көрінеді. Түсірілім тобын байқап қалған жігіттер жұмысын бірден тоқтатты.

Ердос Ордабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны: «Жылда осылай қазады. Малымыз мына жерден су ішеді. Лайқа болса да, амал жоқ, ішеді. Ауызсуымыз да осы, тіршілігіміз де осы. Тыныштық бермей қазып, енді, міне, ар жағы бері қарай ауып кетіп жатыр.»

Аудандық прокуратура осы жағдай бойынша шұғыл іске кірісті. Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың әрекетін әшкерелемек ниетте.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=CCjdmGNsG_8[/youtube]

Файзулла Тұрымов, Сарыағаш ауданы прокурорының аға көмекшісі: «Аталған арызды ОҚО экология департаментіне тапсырдық. Яғни, келтірілген шығынның көлемін, сол жерді қазып жүргендерге рұқсат қағазы бар ма, жоқ па, осыны анықтау қажет. Соның нәтижесінде тиісті прокурорлық шаралар көрілетін болады.»

Өзен арнасын әбден бүлдірген жандар енді ауыл қырына көз тігіпті. Олар осы жерден құрылысқа қажетті топырақ алып жатыр. Амалы таусылған тұрғындар заңсыз әрекетке кім тосқауыл қояр екен деген сұраққа жауап таба алмай отыр.