Жаңалықтар 

Еңбегі еленген ардагер

Тұрсынханұлы Әбу әкеміз 1925 жылы Шымкент облысы, Арыс ауданы, Мамаевка ауылында (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы,Көлтоған ауылы) дүниеге келген. Туылған күні ашаршылықтан кейінгі колхоздастырудың қиын кезеңдеріне тура келген 1925 жылдың 7-мамыры болатын.

Фотосурет жеке мұрағаттан алынды
Фотосурет жеке мұрағаттан алынды

Қазақтың ардақты Тәуке ханының жетінші ұрпағы боп келетін Омархан бидің немересі Көлтоғандағы «Ломоносов» мектебін үздік бітірген. Сұрапыл соғыстың басталып, ел басына күн туған шақта, 1942 жылы 12-желтоқсанда 17 жасқа жаңа шыққан бозбала өз еркімен туған жерін, Отанын неміс басқыншыларынан азат етуге аттанды.

Армия қатарында 611-артелериялық полкта, Шыршықтағы горнизонда оқып-үйреніп, шілде айында 1943 жылы Ресейдегі Сумск қаласындағы Днепр өзенінің жанындағы, кескілескен айқасқа қатысады. 1944 жылы ауыр жараланып, госпитальда үш айдан кейін II топ мүгедегі болып елге оралады.

Туған жерге оралған соң мүгедек бола тұрса да ел ауыртпашылығын көріп, еңбекке араласты. Еліміздің гүлденуі мен әл-ауқатымыздың артуына үлес қосып, жергілікті проблемаларды жоғары деңгейде көтере білді. 1944-1948 жылдардан бастап кеңес төрағасы болып қызмет істейді.

Жеңіс туы желбіреп, ақ таң атқанша қуанышында шек болмайды. Соғыстан кейінгі уақытта 1949-1952 жылдары Арыс аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. 1952-1954 жылға дейін «Новый мир» колхозы басқармасының орынбасары, 1954-1956 жылдары Шымкент қаласындағы «Ауыл шаруашылық колхоз басқармасының дайындау» техникумына оқуға түсіп, аудандық партия комитетінің бюросының шешімі бойынша, оқуды 1956 жылы бітіріп келген соң, осы аталмыш колхозында колхоз бастығының орынбасары қызметін атқарады.

1962-1965 жылдары Қызылорда қаласындағы Педагогика институтының биология факультетін тәмәмдап, дипломын қолға алып, туған жеріне мұғалім болып орналасып, шәкірттерге білім, тәрбие нәрімен сусындатып, 33 жыл қызмет атқарады. Майдандағы ерлігіне жалғасқан бейбіт өмірдегі еңбегі еленіп, мемлекет тарапынан 3 орден және 11 медальмен наградталған. 1985 жылы Қазақстан Республикасының оқу министрінің «Құрмет граматасымен» марапатталып, құрметті зейнеткерлікке шығады. 1986 жылдан бастап соғыс және еңбек ардагері, кеңес төрағасы, Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы».

Атамыз қолы боста елден ерек бау-бақшасын күтіп, биологиялық тәжірибелерін жүзеге асыратын. Жасы келгеніне қарамастан Қазақстанның тәуелсіздігін аса қуанышпен қарсы алғанына куә болдық. Принципшілдігі болса керек, 1953 жылы алған №15517970 коммунистік партбилетінің жарнамасын уақтылы төлеп, өмірінің соңына дейін қастерлеп өтті.

Оқ пен оттың арасынан аман қайтқан нар тұлға 2 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде өмірін жалғастырар әулеті 27 немере, 33 шөбереге жетіп отыр. Асыл атамыздың өмірі мен ерен еңбегі біз үшін мәңгілік өнеге.

Қыздары: Роза, Рая, немерелері: Хорлан, Рауан, Илияс

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz