Көз катарактасы хирургиялық жолмен емделеді

822
хирург Олжас Алпышев

Көз катарактасы – қатерлі дерт. Оны тек хирургиялық жолмен емдеу керек. Бүгінгі таңда ең заманауи тәсілдің «Көз микрохирургиясы» клиникасында қолданыла бастағанына 10 жыл болды. Бар жоғы 10-15 минутта жасалған ота нәтижесінде көздің көру қабілеті жүз пайызға жақсарады. Соңғы үлгіде жабдықталған клиника көзге ультрадыбыстық хирургиялық аппаратпен ота жасайды. Соңғы екі жылдан бері жергілікті билікпен келісімге келіп, бюджет қаржысына ота жасала бастаған.

хирург Олжас Алпышев
Хирург Олжас Алпышев

 

Олжас Алпышев, көз хирургы: «Хирургиялық аппараттың көмегімен катарактаны алып тастау оңай. Бұл операция анағұрлым қарапайым әрі жылдам жасалады. Науқастарға айтарым, катарактаны асқындырып алмай, ертерек дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Отадан соң әрбір емделушіге жеке-жеке көңіл бөлініп, клиниканың қадағалауында болады.»

ота небәрі 10-15 минутқа созылады
Ота небәрі 10-15 минутқа созылады

Шымкенттік Анар Дүйсенбаева тегін отаның шапағатын көрді. Сол жақ көзіне осыдан 5 ай бұрын дәл осы клиникада ота жасатып, оң нәтиже берген. Екінші көзінің де ауруы асқынып бара жатқанын ескерткен соң, ота жасатып алуға бел буған. Алғашында қаржыдан қысылғанын жасырмайды. Алайда, екінші көзіне жасалатын отаның қаржысын мемлекет төлейтінін естігенде, қуанышында шек болмапты.

«Құдайға шүкір, ота сәтті өтті. Екі күннен кейін өздігімнен, көзілдіріксіз теледидар қарайтын боламын. Дәрігерлерге де, клиниканың бүкіл қызметкерлеріне ризамын. Тегін отаны білікті хирургтың жасағанына қуанып отырмын» дейді Анар Дүйсенбаева.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4FY4fDM6WUA[/youtube]

Бар жоғы 10-15 минуттың ішінде жанарыңызды жайнатып, өмірдің сан түрлі бояуына қанық қылатын отаны жасатамын деушілердің қатары қалың. Алайда бюджеттен бөлінген қаржы оның барлығын жетпейді. Былтыр небәрі екі жүзден аса ота мемлекет қаржысына жасалған. Биыл да тегін жасайтын отаның жоспары осындай.