Жаңалықтар 

Шаруалар мақта суара алмай отыр

Мақтааралдық дихандар ағын судың тапшылығын қазірден сезіне бастады. Ерте көктемде жерге себілген ұрықтың дәні су ішпей, егiнi өспей қалатын түрі бар. Осылай деп байбалам салған шаруалар жанайқайын кімге жеткізерін білмей дал.

Мақташылардың жағдайы Елбасының да назарынан тыс қалған емес. Жуырда ғана Оңтүстікке келген Президент облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен осы каналдың мәселесін сұраған-ды. Сол кезде каналға байланыс ешқандай мәселе жоқ, су ағып жатыр деген жауап айтылған. Алайда, іс жүзіне келгенде, жағдай басқаша секілді.

мақта еккен шарулар ағын суға зәру

Мәделі Мылтықбаев — жер еміп өскен дихан. Ала жаздай қолына кетпен ұстап, күнұзақ егін басында еңбек етеді. Диханшылықты кәсіп еткен азамат төккен терінің рахатын көрген емес. «Көктемгі егіс қылтиып құлақ шығара бастағында-ақ ағын су жетпей қалады. Сөйтіп, ұрықтың дәні өспей, қурап қалады» дейді ол.

Мақтаарал ауданына қарасты Жаңаауыл елдімекенінде тұратын халықтың негізгі табыс көзі — диханшылық. Мақта, бау-бақша, көкөніс және жеміс-жидек егумен айналысады. Сондықтан еңбекқор жұрт ағын суға тәуелді. Түйткілді мәселе кезінде үкіметтік деңгейде көтеріліп, соңынан шешілген болатын. Сөйтіп, шаруаларға су жаңа «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атты канал тартылды.

Бірақ, ауқымды жоба елдің сенімін толық ақтай алмаған сыңайлы. Небәрі екі-үш жылдан кейін су арнасының жағасы опырылып, ортасына түскен. Соның салдарынан жанындағы қосымша каналға да зардабы тиген. Енді, міне, бүтін бір ауыл ағын суға зар болып отыр.

Шаруалардың айтуынша, «Тәуелсіздік» каналы тұрғындарға жарытып су бермеген. Әу баста ағын судың тапшылығын түбегейлі жоямыз деген жоспар жүзеге аспай қалды. Қыруар қаржыға салынған су арнасы көп ұзамай бұзыла бастады.

Құр уәдеге қарық болған шаруалар ағын суға зәру. Мәселе шешілемін дегенше шаруалар шаш етектен шығынға ұшырайын деп тұр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz