Оңтүстіктің мұражайына Ленинградтан топырақ әкелінді

Бүгін облыстық тарихи өлкетану мұражайына Ленинградтағы Пискарев бауырластар зиратының топырағы салынған капсула әкелінді. Бұл бір уыс топыраққа 1941-1944 жылдары Ленинград қаласын қорғауға қатысып, Отаны үшін от кешкен оңтүстікқазақстандық батыр ұлдардың қаны тамған.

Пискарев зираты

Ленинградтағы Пискарев бауырластар зиратынан алынған бұл топырақ қаланы Оңтүстікқазақстандық баһадүрлер де қорғауға атсалысқанын айғақтайды. «Жас туристер» стансасының ұйытқы болуымен елге жеткен жәдігер енді облыстық мұражайда сақталатын болады.

Ленинградты жау шапты дегенде Таисия Медведева мектеп түлегі болатын. Шаһардың 872 күн бойы қоршауда болған кезін кейуана асқан толқыныспен еске алады. Күні-түні тоқтамаған атыс-шабыс кезінде адамзат адам болудан да қалған кез болған дейді әжей.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=1LqBS3NiYYQ[/youtube]

Таисия Медведева: «Ол кезең өте ауыр шақ болды. Апам денесі тілім-тілім болып қатып қалған өлі келіншектің де мүрдесіне куә болыпты. Әрине, өте ауыр көрініс. Бірақ, бұл мәжбүрліктен болған жағдай еді.»

Қоршаудағы Ленинградта жарты миллиондай тұрғын аштан қырылды. Төрт жыл бойы бұғайда болған қаланы азам етуге қазақстандықтар да қатысты. Ал, сол сұрапыл жылдарда Ленинградта болған 6 адам бүгінде Шымкентте өмір сүреді.